Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел алдында қорытынды есеп берді. Өткен жылы атқарылған істер мен алдағы жоспарлар жайы баяндалған кездесу онлайн ұйымдастырылып, А. Тоқмағамбетов, М. Ерәлиева атындағы мәдениет үйлері мен № 101 мектепке жиналған тұрғындар сауал қойып, ұсыныстар айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қаламыздың көркеюіне әрбір тұрғынның қосқан үлесі зор. Қашанда ынтымағы жарасқан елдің көптен көші озып, болашаққа басқан қадамы нық болады» деп бастаған қала басшысы былтырғы жыл бедеріндегі жетістіктерге тоқталды.
Жыл басында қала бюджеті 69 млрд теңге болып бекітіліп, жыл соңында 94 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 480 млрд теңгеге жетіп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артығымен орындалды. Облысқа салынған инвестицияның 52 пайызы Қызылорда қаласының үлесіне тиіп тұр.
Облыста нақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілері бойынша Қызылорда қаласының үлесі 48 пайызға жетті.
«Индустриалық - инновациялық дамытудың 2020-2025» бағдарламасы аясында қалада жалпы құны 67 млрд 600 млн теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылғанда 1000-нан астам қызылордалық жұмыспен қамтылатын болады.
«Бизнестің жол картасы» негізінде жалпы құны 6 млрд 500 млн теңге болатын 161 жоба қаржыландырылып, 30 тұрғын 57 млн теңге қайтарымсыз грант алды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша құны 968 млн теңгелік 13 жоба қаржыландырылды.
«Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 371 мың 314 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл көлемінде 1 мың 342 қызылордалық баспаналы болды. Қаладағы құрылыс жұмыстарының көлемі 58 млрд теңгеге жетті. Аймақта атқарылған құрылыс жұмыстарының 55 пайызы Қызылорда қаласына үлесінде» деді шаһар басшысы.
Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу үшін өткен жылы Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық білім ордасы пайдалануға берілді. Жеке инвестор есебінен салынған 500 орындық «Зерде» мектебі өз жұмысын бастады. Бұдан бөлек Бәйтерек шағын ауданында «Жол картасы» аясында 600 орындық, "Саяхат" мөлтек ауданынан жеке инвестор есебінен 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. СПМК-70 мөлтек ауданынан 600 орындық жеке мектептің құрылысы жақын күндері басталады.
Қаланың инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында барлық деңгейдегі бюджеттерден 19 млрд 200 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар өз деңгейінде орындалды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында былтыр 2 млрд 35 млн теңгеге 37 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткен.
Нұрлыбек Мәшбекұлы облыс орталығында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда да жаңа жобалар жүзеге асқанын атап өтті. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 9 млрд 112 млн теңгеге 408 көшеге ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалада соңғы жылдары жол құрылысын дамытуға 30 млрд теңгеге жуық қаржы тартылып, 840 шақырым болатын 1 мың 177 көше жөндеуден өткен.
Жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылауға Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» оң әсерін тигізді.
Жол картасы аясында қала бюджетіне 18 млрд 356 млн теңге бөлініп, 107 жоба қаржыландырылды. Бес жүзден астам адам жұмыспен қамтылды.
Қала басшысы көп шаруаның биыл да өз жалғасын табатынын атап өтті. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы республикалық, облыстық бюджеттен 5 млрд 500 млн теңге бөлінді. Бұл қаражаттар СПМК-70 және Сырдария өзенінің сол жағалауында 1 мың 290 пәтерлі тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге, СПМК-70, Шанхай, Титов, әл-Фараби мөлтек аудандарының инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.
Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 192 тұрғын үй сатып алуға «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 1 млрд 600 млн теңге қаралды. Жұмыспен қамтудың «Жол картасы» аясында қала бюджетіне 5 млрд 500 млн теңге бөлінді. Осы бағдарлама шеңберінде Қызылжарма ауылдық округінде 900 орындық, Бәйтерек шағын ауданында 600 орындық мектептер бой көтереді.
Қалада көгалдағы хоккей алаңы, Тасбөгет кентінде денешынықтыру–сауықтыру кешендері салынады. Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, полиция бөлімшесінің әкімшілік ғимараты қайта жаңғыртудан өтеді.
«Ауыл ел бесігі» жобасы шеңберінде Қосшыңырау, Талсуат ауылдық округтерінің инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жасалады.
Сонымен қатар жол жөндеу, саяжайлық аймақтарға ауыз с құбырын тарту, осыған дейін басталған магистралдік жолдарды аяқтауға да қаржы қаралды.
Әкім есебінен кейін тұрғындар сауал қойып, ұсыныстарын жеткізді. Есепті облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қорытындылап, қала басшысына бірқатар тапсырма берді.