Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі әрі біргейі – 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында қазіргі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында VII қысқы Азия ойындарының дүркіреп өтуі. Тіптен, оны тарихи оқиға деп бағаласа да еш артықтығы жоқ. Себебі, дәл осындай ірі әрі кешенді жарыс Ұлы дала аумағында бұрын-соңды өтпеген еді. Ал сары құрлықтың саңлақтары бас қосқан айтулы спорттық шараның аса жоғары деңгейде ұйымдастырылуы Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделі мен мәртебесін күрт арттырды.
VII қысқы Азия ойындарын Қазақстанның қабылдайтыны 2006 жылдың 5 қаңтарында белгілі болды. Сол кезде Кувейтте құрлықтық Олимпиада кеңесінің кезекті сессиясы өтіп, айтулы ұйым мүшелерінің дені біздің елдің кандидатурасын қолдады. Екіжақты келісімге қол қойылып, қажетті құжаттар қолға тиген сәттен ұйымдастыру комитеті дайындық жұмыстарына қызу кірісті. Алғашында Азиаданың астанасы ретінде Алматы қаласы бекітілсе, 2007 жылдың 29 қазанында кейбір спорт түрлері бойынша сайыстар елордада өтетін болып белгіленді. Нәтижесінде, қысқа ғана мерзім аралығында Астанада «Алау» мен «Сарыарқа» деп аталатын заман талабына сай керемет кешендер салынып, «Қазақстан» спорт сарайы күрделі жөндеуден өтті. 2009 жылдың жазында 30 200 көрерменге есептелген «Астана Арена» стадионы пайдалануға берілді. Алматы қаласы мен облысы аумағында «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені мен «Алатау» шаңғы-биатлон стадионы бой көтерді. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты мен «Табаған» спорттық-сауықтыру кешені қайта жөнделіп, толықтай жабдықталды. «Алматы» халықаралық әуежайы жаңғыртудан өтті.
Алқызыл алау Азияның Олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейт қаласында тұтанды. VI қысқы ойындарын қабылдаған Қытайдың Чанчунь қаласы арқылы ол 2011 жылдың 3 қаңтарында Алматыға жеткізілді. Алатау баурайынан бастау алған эстафета қала көшелерімен жүріп өткеннен соң төрт аптаға жуық уақыт аралығында республикамыздың барлық өңірін қамтыды. Қазақстанның көптеген азматтары осы тарихи сәттің куәсі болды. Түрлі салада қызмет етіп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген мыңнан аса адам алқызыл алауды ұстап жүгіру құрметіне бөленді. Осы шараға орай ақын Шөмішбай Сариевтің сөзіне белгілі сазгер Ерұлан Қанапиянов әсем ән жазды. Оны Қазақстанның халық әртістері Әлібек Дінішев пен Роза Рымбаева нақышына келтіріп орындады.
Жарыстың өзіне келер болсақ, байрақты бәсекеде 26 мемлекеттің өкілдері бақ сынады. Олар – Ауғанстан, Бахрейн, БАӘ, Гонконг, Иордания, Иран, Жапония, Қатар, Кувейт, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ливан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Палестина, Сингапур, Тәжікстан, Таиланд, Тайпей, Солтүстік Корея, Үндістан және Филиппин. 1134 атлет спорттың 11 түрі бойынша 69 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Бәсекелер әдеттегідей биатлон, коньки, мәнерлеп сырғанау, фристайл, тау шаңғысы, шайбалы хоккей (ерлер мен әйелдер), шаңғы, шаңғымен трамплиннен секіру және шорт-тректен өтті. Сонымен қатар Азиада тарихында алғаш рет шаңғымен бағдарлау және допты хоккейден бәсекелер ұйымдастырылды.
Азия ойындарының ашылу салтанаты «Астана Аренада» өтті. Байрақты бәсекенің тұсауын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кесті. Қар барысы дүбірлі доданың бойтұмары болып бекітілді. Азиаданың ұраны – «Мақсаты бірдің – рухы бір!». Елорда төрінде мәнерлеп сырғанау, ерлер арасында шайбалы хоккей, коньки спорты және шорт-тректен, Алматыда биатлон, шаңғы, тау шаңғысы, шаңғымен бағдарлау, шаңғымен трамплиннен секіру, допты хоккей және әйелдер арасында шайбалы хоккейден сайыстар ұйымдастырылды. Ал жабылу салтанаты Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті.
Жарыстың жалпы командалық есебінде Қазақстан құрамасы қарсылас шақ келтірмей, өз тарихында тұңғыш рет бірінші орынды иеленді. Жерлестеріміз 70 жүлдеге қол жеткізді. Тарқатып айтсақ, 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальды олжаладық. Жалпы, осы жарыста Қазақстанның намысын 169 спортшы қорғағанын да айта кетуге тиіспіз. Олар барлық спорт түрі бойынша сайысқа түсті. Екінші орында – Жапония. Күншығыс елінің өрендері 13 алтын, 24 күміс және 17 қоланы еншіледі. Үшінші сатыға Оңтүстік Корея жайғасты. Олар 13 алтын, 12 күміс және 13 қоланы қоржынға салды. Төртінші орынға Қытай табан тіреді. Аспанасты елінің өкілдері 11 алтын, 10 күміс және 14 қоланы иемденді. Сондай-ақ тағы төрт мемлекеттің сайыпқырандарына жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. Олар – Моңғолия (1 күміс+4 қола), Иран (1 күміс+2 қола), Қырғыстан (1 қола) және Солтүстік Корея (1 қола).
Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсеткен спортшылар арасындағы нағыз мықтылар (кестеде – Ғ.С.) Азия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, жергілікті жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Қазақстандық спортшылардың қоржыны күміс пен қолаға да толы болды. Олжаға кенелген оғыландарымыздың арасында шаңғымен трамплиннен секіруші Радик Жапаров, фристайлшы Жібек Арапбаева және шорт-тректің хас шеберлері Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев, Нұрберген Жұмағазиев сынды қазақтың ұл-қыздары да айшықты өнерлерімен көзге түсіп, сан мың жанкүйердің көзайымына айналды.
Шайбалы хоккейден еліміздің ерлер командасы сапында қандастарымыздың арасынан жалғыз Талғат Жайлауов ойнаса, әйелдер сайысында Айжан Раушанова мен Ғалия Нұрғалиеваның өнеріне тәнті болдық. Ал бендишілер бәсекесінде Қазақстан құрамасының жейдесін киіп, мұз айдынына шыққан 18 ойыншының тең жартысының өзіміздің қаракөздер еді. Соған қатты қуандық. Әсіресе, Рауан Исалиев пен Ескендір Нұғымановтың асқан шеберлігіне сүйсіндік. Олар қарсыластар қақпасына толассыз гол соғып, «Медеуге» жиналған көрермендердің қошеметіне бөленді.
Алаш топырағында өткен Азиада бірқатар өреніміз үшін ірі жеңістер мен қомақты табыстардың алтын бастауы болғаны анық. Мәселен, елордадағы «Сарыарқа» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан өткен жарыста 18 жастағы Денис Тен теңдессіз деп танылды. Бұл бәсекеде ол Жапонияның қос мықтысы – Такахито Мура мен Тацуки Матида, Қытайдың сайыпқырандары – Сун Нань мен У Цзялян және өзбекстандық өрен Миша Гені артқа тастап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Уақыт оза дара талантымен дараланған Денис Сочи Олимпиадасының қола медалін мойнына іліп, әлем чемпионатында екі рет жүлделі орынды иеленді. Дүниежүзілік Универсиада мен «Төрт құрлықтың біріншілігінде» Тен алтын тұғырдан қол бұлғады.
Азия ойындарында екі мәрте алтын алқа тағынған 19 жастағы Юлия Галышеваның да уақыт озған сайын шеберлігі шыңдала түсті. Фристайл спортын серік еткен сұлу 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасында қолаға қол созса, 2019 жылы АҚШ-тың Парк-Сити қаласында әлем чемпионы атанды. Одан бөлек, Юлия тағы екі бірдей дүниежүзілік додада жүлдегерлер санатына қосылды.
Түрлі дүбірлі додаларға үздіксіз қатысып жүргендеріне қарамастан 23 жастағы конькиші Денис Кузин мен 24 жастағы шаңғышы Алексей Полторанин сол кезге дейін тек құрлықтық деңгейдегі жарыстар мен әлем кубогының кезеңдік сайыстарында ғана жүлде алып жүрген. Азиададан кейін қос жерлесіміздің жұлдызы жарқырай жанды. Денис 2013 жылы Сочиде әлем чемпионы атанса, дәл сол жылы Алексей Валь-ди-Фьеммедегі додада қос қоланы еншіледі.
Шорт-тректен өткен жарыста Азиаданың қола медалін мойындарына ілген 17 жастағы Айдар Бекжанов, 18 жастағы Абзал Әжғалиев және 20 жастағы Нұрберген Жұмағазиев 2014 жылы Сочиде алауы тұтанған Олимпия ойындарында бесінші орын алып, барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантты. Сондай-ақ олардың әрқайсысы әлем кубогының кезеңдік сайыстарында түрлі-түсті медальдардың біразын иеленді. Жоғарыда есімдері аталған қандастарымыз шорт-тректің де қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрі екенін тайға таңба басқандай етіп дәледеді.
19 жасында Азия ойындарына қатысып, шаңғышылардың 4х5 шақырымдық эстафетасында қоланы қоржынға салған Анастасия Слонова арада төрт жыл өткеннен соң Дүниежүзілік Универсиадада 2 алтын мен 2 күміс медальды олжалады. Допты хоккейден Қазақстан құрамасы 2012-2015 жылдар аралығында өткен төрт бірдей әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Сол жарыстарда команда капитаны Рауан Исалиев жасындай жарқырады. Ескендір Нұғыманов пен Ілияс Қарекешов сынды қандастарымыз да дүниежүзілік додада үшінші орынға табан тіреді. 2018 жылы Хабаровскіде өткен жарыста жерлестеріміз төртінші сатыда қалып қойғанымен, 6 кездесуде қарсыластар қақпасын 21 мәрте дәл көздеген Рауан чемпионаттың ең мерген шабуылшысына тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. Міне, осылай тізбектей берсек, Қазақстанда өткен Азиада көптеген дарынды жастарымыздың үлкен аренаға шығуына даңғыл жол ашқанын аңғарамыз.
Міне, содан бері 10 жыл зуылдап өте шықты. Шыны керек, аса жоғары деңгейде ұйымдастырылған сол дүбірлі доданың әсерінен әлі де арыла алмай жүрген жайымыз бар. Ең бастысы, сол кездері заман талабына сай салынып, ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған спорттық нысандар Азиададан кейін де есігін айқара ашып, ел игілігі үшін дамылсыз жұмыс істеп тұр. Сол кешендерде түрлі спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Ал олай болса, осы нысандарда шыңдалып шыққан өрендеріміз ел спортының ертеңін де жарқын ететініне кәміл сенеміз.