Жексенбі күні Каталонияда парламенттік сайлау өтті. Әзірге дауыс беру нәтижесі толық анықталған жоқ. Әйтсе де, қазірдің өзінде азаттықты қолдайтын тараптың жеңіске жететінін болжау қиын емес. Экзитпол да егемендік аңсағандардың басымдығын хабарлады. Бірақ олардың көп дауыс жинауы Каталонияның тәуелсіздігіне жол аша ма?
Сайлау алды сауалдамаға сүйенсек, бұл жолғы саяси науқанда үш партияның шоқтығы биік. Олар – «Солшыл республикашылар» (Esquerra Republicana), «Бәріміз Каталония үшін» (Junts per Catalunya) және социалистер. Сауалдама нәтижесі аталған партиялардың шамамен 20 пайыздан дауыс жинайтынын көрсетіп отыр.
Осы орайда Каталония парламенті туралы аз-кем айта кеткен жөн. Автономиялық аймақтың заң шығарушы органы сонау 1932 жылы құрылған. Парламентте 135 мандат бар. Үкімет құрып, палатаны басқару үшін партиялар елу пайыздық межеден асуы тиіс. Алда-жалда ешқандай партия бұл нәтижеге қол жеткізе алмаса, коалиция құруына рұқсат беріледі.
2017 жылы өткізілген парламенттік сайлауда тура сондай жағдай болған еді. Дауыс беру қорытындысы бойынша «Азаматтар партиясы» (Ciutadans) көпшілік дауыс жинады (25 пайыз). Бірақ «Солшыл республикашылар» мен «Бәріміз Каталония үшін» партияларымен коалиция құрып, межелі мандатты иеленді. Бұл екі партия да азаттықты қолдайтыны бесенеден белгілі. Коалицияның нәтижесінде палата спикерін сайлау мен Үкіметті жасақтау құқығы «Солшыл республикашылар» мен «Бәріміз Каталония үшін» партияларына берілді.
Жоғарыда сауалдама қорытындысы бойынша үш партияның шамамен 20 пайыздан дауыс жинауы мүмкін екенін айттық. Солардың бірі – социалистер Испаниядан бөлінуді мүлдем қолдамайды. Ендеше, Каталонияның тәуелсіздігіне ұмтылатын партиялар жақтастар санын арттыруы қажет. Сауалдамаға сүйенсек, тағы бір азаттық аңсаған партия – «Ұлттық бірлік кандидатурасы» шамамен 7 пайыз дауыс жинауы мүмкін.
Тәуелсіздікке құмар партиялардың мұндай коалициясы да 50 пайыздық межеден аспауы ықтимал. Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, парламенттегі орынды бөлу кезінде олардың шоқтығы биік тұруы мүмкін. Өйткені парламентке өтуге қажетті межелі 3 пайыз дауыс жинамаған партиялардың мандаты басқаларға бөліп беріледі. Осылайша егемендікті қолдайтын коалиция оп-оңай палатада басым орын иеленеді.
Айта кетерлігі, Каталонияның Испаниядан бөлінуін қолдайтын партиялар өзара меморандумға қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, олардың ешқайсысы социалистік партиямен коалиция құрмауы тиіс. Яғни, үкіметті де, палата төрағасын да өздері сайламақ.
Сайлауда жеңіске жету жеткіліксіз. Өйткені одан кейінгі жағдай мүлдем басқа мәселе. Себебі егемендікті қолдайтын коалиция өзара тату емес. Әсіресе Каталонияның тәуелсіздігін алу процесіне келгенде пікір екіге жарылады. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, мұндай кереғарлық Каталонияның жаңа парламентіне оңайға тимейді.
«Солшыл республикашылардың» басшысы, қазіргі таңда Үкімет президенті міндетін атқаратын Пере Арагонестің пайымдауынша, Каталония азаттық алу үшін Шотландияның тәсіліне жүгінуі қажет. Яғни, ресми Мадридке саяси тұрғыда қысым жасай отырып, тәуелсіздік жөніндегі референдумды өткізуге көндіруді қолдайды. Таяуда ғана Financial Times газетіне берген сұхбатында бұл пікірін тағы бір қайталады.
«Егер үлгі алатын модель бар болса, онда бұл – шотландиялық модель. Тиімді және жаңашыл үкімет. Ұлыбритания мойындаған референдумға келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді», деді ол.
«Бәріміз Каталония үшін» партиясының басшысы Карлес Пучдемон мұндай жұмсақ саясатты қолдамайды. Оның айтуынша, Каталония тәуелсіздікті біржақты түрде жариялауы қажет. Алда-жалда жексенбідегі сайлаудың қорытындысы бойынша жеңіске жете қалса, партия егемендік туралы құжатты қабылдауға әзір.
Осы орайда Каталонияда бұған дейін бір мәрте тәуелсіздік жөнінде референдум өткізілгенін айта кеткен жөн. Референдумға қатысушылардың басым бөлігі азаттықты қолдап шыққан-ды. Сол кезде үкімет басқарып отырған Карлес Пучдемон көп ұзамай Каталонияның егемендігін жариялады. Бірақ Испания билігі референдумды заңсыз деп танып, оны ұйымдастырғандарды қудалады. Тықыр таянғанын сезген Карлес Пучдемон Бельгияға қашып кетті.
Егемендік алуды жақтайтын тағы бір партия – «Ұлттық бірлік кандидатурасы» екі тараптың да ұстанымын қолдамайды. Олар «Солшыл республикашыларды» Мадридпен ауыз жаласқан деп айыптайды. Ал Пучдемонның сайлауда жеңіске жете сала тәуелсіздік жариялауы бұрынғыдай нәтиже бермейді деп есептейді. Ендеше, жаңа коалиция құру қиынға айналайын деп тұр.
Жалпы, Каталонияның тәуелсіздікке ұмтылуына экономикалық, саяси және тарихи оқиғалар әсер етіп отыр. Солтүстігінде Франциямен шектесіп, шығысын Жерорта теңізінің суы шайып жатқан муниципалитет азаттықты күні кеше майшаммен іздей бастаған жоқ, оның тарихи тамыры тереңде жатыр.
Каталония – Испанияның солтүстік шығысында орналасқан автономиялық аймақ. Халқының саны 6,5 миллионнан асады. Талай қанқұйлы басшының тепкісіне төзген аумақ XV ғасырда жеке патшалық болып жарияланды. Жеріне көз алартқан жауларының ортасында қалған Каталония патшалығы 1714 жылы тарих сахнасынан кетіп, Испанияның бір бөлігіне айналды. Содан бері азаттықтың тәтті дәмін татқан каталондар тәуелсіздікке талпынысын тоқтатқан жоқ.
Генерал Франко биліктен кеткен соң, Испания жаңа даму бағытын ұстанған-тұғын. Каталония осы сәтті ұтымды пайдаланып, 1977 жылы автономия мәртебесіне қол жеткізді. Аймақ 2006 жылы автономия мәртебесін тағы да бекітіп алды. Бірақ 2010 жылы Испания билігі Каталонияның бірқатар автономиялық құқығын шектеп, бар «бақытынан» айырды.
Тәуелсіздікке ұмтылудың келесі бір парасы – елдегі экономикалық жағдаймен тікелей байланысты. Каталония – Испаниядағы ең ауқатты және индустриясы дамыған аймақ саналады. Сонымен қатар Барселона – туристер ағылатын сүйікті мекенге айналғалы қашан! Шаһарға бизнес өкілдері көптеп келіп, мемлекеттегі үлкен банктер орналаса бастады. Euronews арнасының мәліметі бойынша, Каталонияның бір өзі елдегі ішкі жалпы өнімнің 20 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Испанияда еш облыс мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Әйтсе де, үкіметтен аймаққа бөлінетін қаражат үлесі ІЖӨ көлеміне сай емес.
The Telegraph басылымының есептеуіне сәйкес, алда-жалда Каталония егемендігін алса, онда «су жаңа елдің» ІЖӨ мөлшері 314 миллиард долларға тең болып, әлем бойынша 34-орынға тұрақтайды. Салыстырмалы түрде қарасақ, Каталонияның ІЖӨ көлемі Португалия мен Израильден көп. Жан басына шаққандағы ІЖӨ де көбейіп, 35 мың долларды құрайды. Яғни, Каталония экономикалық тұрғыда ұтпаса, ұтылмақ емес.
Тіл мәселесі де каталондықтардың азаттыққа ұмтылуының бір себебіне айналған. Испанияда каталонша ресми мәртебесі бар кастилия тілімен қатар қолданылады. Бірақ Каталониядан басқа аймақта ол тілде сөйлейтіндер шамалы. Яғни, қағаз жүзінде құқығы болса да, ана тілі Каталония халқынан басқа ешкімге керек емес.
Осындай себептің бәрі Каталонияның Испаниядан бөлінуге ұмтылуына түрткі болып отыр. Қазіргі таңда тәуелсіздікті қолдайтындар көп. Бұған егемендікті жақтайтын партияның бірнеше жылдан бері парламентте көпшілік дауысты иеленіп келе жатқаны дәлел. Биыл да бұл үрдістің өзгере қоюы екіталай. Алайда сайлау нәтижесінен кейін партиялардың коалиция құрып, ортақ мәмілеге келуі қиынға айналып тұр.
Қорыта айтқанда, жексенбідегі сайлаудан кейін Каталонияда саяси дода аяқталмайды, керісінше бәсеке қыза түсетін тәрізді.