• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Ақпан, 2021

Құмды даладағы мұңды бозбала

2213 рет
көрсетілді

Мен білетін ауған ардагерлерінің көбі томаға-тұйық, ашылып сыр ақтара бермейтін. Мыңдаған бозбаланың қаны сіңген құмды даланы қайбір еске алғысы келеді дейсің. Біткен жараның бетін тырнамайын деп, мен де оларды әңгімеге тартуға талпынбайтынмын. Осы жолы ауғандық жауынгерлердің бірі хабарласып, қаруласы – Тимур Қашыбаевтың жанкештілігі туралы жазсаңыз деп ұсыныс айтқан...

Айтқан соң араға апта салып, ауған ардагері Тимур Қашыбаевтың үйіне бардық. «Өткенді қопарып, оны не­сі­не жазғалы жүрсіңдер?» деп қолыма әскери альбомын ұс­тат­ты. Оны төрт бұрышынан авто­маттың оғымен бекітіпті. Фото­дан бұрын оқты қызықтап отырғанымды байқап қалып, «дұш­мандардан қалған» деп күлді. Қаруласы бастан кешкен оқиға­ларының шетін шығарып қой­ған соң ба, Тимур тартынған жоқ... 

«КамАЗ» тізгіндеген Тимур

– Біздің ауылдан Ауғанстанға кеткен Талғат Кәсенов: «Қайсы­сы еркек, қайсысы әйел екенін ажыратпайсың. Бәрі сәлдеге оран­ған. Күндіз қасыңда жүріп, кеш­ке атып кетуі мүмкін. Түні бойы атқылайды. Мұнда кел­мең­дер!» деп хат жазатын.

Орта мектепті бітіріп, қа­зір­­­гі Алтай қаласындағы ДО­СА­АФ-та­ оқыдым. Бір жыл­­­дан ке­йін әскерге шақырды. Отар­­­дағы алты ай дайындықтан соң Ауған­ның шекарасынан бір-ақ шықтық. Түрікменстанның Куш­ка деген жеріне жетіп, пойыз­дан түссек, күн жанып тұр, ай­нала жап-жасыл. Бәрі панама­мен жүр, түрлері қап-қара. Пи­ма­мен түс­кен бізге үдірейе қа­рап, «қай­дан келдіңдер?» дейді. «Қа­зақс­тан» десек, «Сібір жақ па?» деп таңғалады.

Он күннен соң «КамАЗ» бер­­ді де, бізді таудың арасына қоя берді. Тақыр тау. Айнала сұр­ғылт. Арғы жағы ауғанның жері екен. Сол жерде он күндей автомат атып, көлік жүргізіп дағ­дыландық. Тіпті су ішуге дейін үйретті. Қайнаған суды шү­берекпен қапталған құтыңа құ­йып аласың да, ішіне таблетка салып, машинаның терезесіне іліп қоясың. Шайқалып, сап-сал­қын болып қалады. «Оғың көп болған сайын, өмірің ұзақ. Автомат – сенің досың» деп түсіндіретін командирлер. Оқу-жат­тығуда жүргенде бір генерал келіп, «кительдеріңді шешіңдер» деді бәрімізге. Сонда кейбіреудің автоматтан ажырамағаны сонша, иықтары қажалып, мүйіз болып қалған. Генерал оларды мақтап, марқайтып қойды.

 

Ауған даласы

...300 «КамАЗ» іркес-тіркес көпірден Ауған жеріне өттік. Қыс­тақтардың арасы. Сақалды, сәлделі адамдар автомат асынып жүр. Көзімен жеп қоя жаздап қарайды. Он тоғызға толмаған баламыз ғой, қорықтық. Талғат Кәсеновтің жазған хаты ойыма түсті. Барғанымыз сол, екінші күні бізбен бірге барған бір сарбазды отырған жерінде снайпер атып түсірді. Оқ бастан тиіпті. Тірі шықпайтын шығармыз де­дік.

Гератты басып өтіп, Шин­дантқа ілініп тоқтадық. Енті­гіміз­ді баспай жатып, тапсырма берілді. Жұмысым – Кандагарға әуе керосинін апаратын жүк көлік­терін ілесе жүріп қорғау. Мен мінген «КамАЗ»-дың қора­бын­­да зеңбірек тұр. Әскери сапарға керосин тиеген 50-70 жүк көлігі шықса, зеңбірек тие­­­ген үш әскери көлік оларды қор­­ғау үшін шығады. Ең ал­дың­ғы қарулы көлікте командир отырады. Ортада біреуі жү­­реді. Мен колоннаның ең со­­ңындамын. Зеңбіректі «Кам­АЗ»-ды дұшмандар «шайтан арба» дейді екен. Шабуылдаса, бірінші бізді жарып жіберуге тырысады. Шынын айтқанда, тірі нысанамыз. Жол бойы рация арқылы командирмен хабарласып отырамын. Картаға қарауға мұрша болмайды. Күн шыжып тұр. Баста каска, үстіңде оқ өтпейтін сауыт. Жолдан сәл шықсаң, минаға түсесің. Оның үстіне, командирдің орысшасын да ұқпаймын. Мені алып тастайын десе, соңында ешкім жүргісі келмейді. Зеңбіректе де қара­ғандылық Амантай деген жүрек жұтқан қазақ жігіті. Оның жанында қызылордалық – Болат. Бізді «мұсылман экипажы» десетін.

Кандагарға дейінгі 550 шақы­рымды 10 күн жүреміз. Қараң­ғы түссе, тоқтаймыз. Әр сапардан келген сайын кабинаның есігіне бір-бір жұлдызша салып отырады. Жұлдызшам 78-ге жеткен соң керуенді қарсы алуға қоя беретінді шығарды. Ол да қауіпті сапар. Кешке қайтып келсем, командирлер «о, тірісің бе?» деп таңғалатын.

Кандагар мен Шиндант ара­сында жүргенде бізге үш-төрт рет шабуыл жасалды. «С» тәріз­ді қауіпті жол бар. Қай жерден атып жатқанын ұқпайсың. Жол жиектерінде – жарылған көлік­тер. Біз ол қауіпті аймақтан намаз уақытында өтіп кетуге тырысатынбыз. Үлгермегендерді жарып жібереді. Бірде құмды жерде келе жатып, асфальтқа шыға келсек, алдымызда кесе-көлденең дұшмандар тұрып алып, оқты бұршақша боратты. Зеңбіректегі Амантай автоматпен атқылады. Ортада прапорщик отыр. Шет жақ­тағы жігіт қорыққанынан қат­ты да қалды. Прапорщик ме­ні рульге қарай жатқызды да арқа тұсыма ыңғайлана отырып, атқы­лай жөнелді.

Дұш­мандардан бір қауіп болса, серпантин жолмен 4 мың метр­дей биік тауды асып өтудің өзі тағы бір қауіп еді. Ұшар басына шыққанда, қысым жоғары. Саланг туннелінен өткенде, тынысымыз тарылады. Міне, осы жер ғой, – деп альбомдағы фотоны нұсқады Тимур.

Білуімізше, Саланг асуы – ау­ған жерінде стратегиялық мақ­­сатта салынған жол. Тун­нель­дің ұзындығы – 2 жарым шақырымнан астам. Онда 1980 жылы жол-көлік оқиғасы орын алып, 16 кеңес сарбазы тұншығып қаза болған. Ал 1982 жылы жанармай әкетіп бара жатқан автокөлік жарылып, 176 адам өлім құшқан.

 

Қанды қақтығыс

– 1988 жылдың тамызында Ауғаннан Аягөзге алып шығып, қыркүйекте қайта кіргізді. Ол кезде де зеңбіректі «КамАЗ»-ға мініп, азық-түлік тасығандардың жанында жүрдім. Нағыз қанды қақтығыс сонда болды.

Әлі есімде, 1989 жылғы 18 қаңтар. Колонна Кабулдың бергі жағындағы Джавали сараж деген қыстаққа жеткенде, таудан түскен дұшмандар қап­тап кетті. Кабулға кетіп бара жатқан соңғы рейсіміз еді. Бір уа­қытта атыс басталды. Алдым­да­ғы көліктер оқтың астында қалды. Дұшмандар бір-бірімен де соғысып жүр. Біреуі бізге «кетіңдер» дегендей қолын сермей беріп еді, анандайдан енді бірі «аллаһу акбар» деп гранатометпен менің көлігімді көздеді. Аяғым дір-дір етіп, газды баса алмай қалдым. Қайта бір қарасам, әлгі көздеген дұшман тығылып қалды ма, оқ тиді ме, әйтеуір, Құдай сақтапты. Бұ­ған дейін де бізге талай оқ жаудырған. Бірақ дәл жанымызда жүгіріп жүріп, атқыламапты.

Бір кезде шаңқ еткен дыбыс шықты, жамбас тұсым ып-ыстық болып кетті. Есік тү­тіндеп жатыр. Оқ сүйкеп өтті ме деп сипап қоямын. Сөйтсем, оқ орындыққа тиіпті. Сол-ақ екен, көліктің қобдишасы ашылып кетті. Оны да оқ тесіпті. Жанымдағы жігіт «газуй» деп айғайлайды. «КамАЗ» селкілдеді де қалды. Екі айдан соң үйге қайтатын едік, біткен жеріміз осы шығар дедім. Жанымдағы әйнек күлпарша болып түсті, құлақтың түбінен оқ кәдімгідей ыс­қырып өтті. Танаудың ұшы аши берді. «Жаның мұрын ұшына келді» деген сол ғой дей­­мін осы. Әрең-әрең шығып, бір бұрылысқа жетсек, біздің бір «ЗИЛ» лапылдап жанып жатыр.

Атыс-шабыстың ортасынан шығып, жол шетіндегі заставаға кел­генде есіме зеңбіректе отыр­ған қырғыз жігіті түсті. Кел­ге­ніне екі-ақ ай болған. Лақап аты Манах-тұғын. Өліп қалды ма екен деп, қорапқа секіріп шық­сам, ол ұйықтап жатыр. Оған кабинадағы үңірейген те­сікті көр­сеттім. Бір емес, алты оқ те­сіп өткен. Шошып кетіп, «мә-ә-ә, қазақ, Тимоха» деп мені құ­­шақ­тап жүр. «Чоң рақмет, чоң рақмет» дейді. Оны қойшы, кеш­кісін ұйықтайын десем, көз алдымда оққа ұшқан жігіттер елестей берді. Көпке дейін сөй­лей алмай жүрдім...

Кейін шекараға рациямен «зеңбірек оқтың астында қалды» деп хабарлағанда, зайсандық Жомарт деген қаруласым мені өлді деп ойлапты. Шекарадан он шақырымдағы бақылау-өткізу бекетіне кіріп келе жатқанда Жомарт жерлесім «тірі екенсің ғой» деп келіп, мені машинадан жұлып алып, көтеріп алды. Көтеріп келе жатып, өзі жылап келеді. Әлі күнге дейін доспыз. Қазір әлеуметтік желі жақсы болды. Түкпір-түкпірдегі қару­лас­тарыммен хабарласып отырамыз. Нағыз достарым, деп менің қолымдағы альбомына қолын созды.

Альбомды парақтап отырып, майдандастарының әрбіреуіне мінездеме берді. Бәрі мектепті кеше ғана бітірген бозбалалар екен. Құмды даладағы мұң­ды балалар. Қыршынынан қиыл­ғаны қаншама, мүгедек болып оралғаны қаншама?! Май­дан­дас­тары мен қан сіңген ауған даласының суреттері айтқан әңгімесіне орай түсірілген иллюстрациядай көрінді. Бәрі де альбом беттерінде сайрап жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы