Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов елдегі вакцинациялаудың қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жалғасуда. Бүгінгі күні бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен егу басталды, 2 137 адам егілді, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. 25 ақпан мен 4 наурыз аралығында Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген 90 мың доза мөлшеріндегі вакцинаның екінші партиясын жеткізу күтіліп отыр. Осы вакцинамен медицина қызметкерлерін вакцинациялау аяқталған соң, педагогтарды вакцинациялауды бастау жоспарланып отыр», деді Е. Қиясов.
Оның айтуынша, вакцинациялау барлық өңірлерде жүргізіледі. Ол үшін 786 егу пункті ашылған. 170-і қазіргі уақытта егу жұмыстарын жүргізуде, барлығы салқындату тізбегін қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері арнайы оқытылған-ды.
«Айта кететін жәйт, вакцинациялаудан кейінгі қорғаныш әсер, яғни коронавирусқа қарсы антиденелер дозаны алғаш қабылдағаннан кейін 12-14 күннен соң басталады. Толық иммунитетті қамтамасыз ету үшін 21 күндік аралықпен екі компоненттен тұратын вакцинацияның толық курсын алу қажет. Вакцинациялау курсы аяқталғаннан кейін 1,5 айдың ішінде организмнің иммундық реакциясы пайда болады, сондықтан вакцина қабылдаған адамдар профилактикалық шараларды сақтауы қажет», деді вице-министр.