• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 25 Ақпан, 2021

Үтіртөбе қаласы археологиялық картаға енгізілсе...

1484 рет
көрсетілді

Ортағасырлық Үтіртөбе қаласы­ның ескі жұрты Түркістан облы­сы­ның Жетісай ауданындағы Үтір­төбе ауылынан 12,1 шақырым сол­түстік-шығыста, Сырдария өзе­нінің сол жағасынан оңтүстікте 2 шақырым жердегі Сорөзектің жағасында орналасқан. Қаланың ежелгі аты жазба деректерде кездеспейді. Сырдария өзенінің бойында осы Үтіртөбеге ұқсас ортағасырлық 40 қаланың орны бар деген дерек те кездесіп қалады. Демек, біз сөз етіп отырған Үтіртөбе – Сыр бойындағы қырық қаланың бірі.

Ежелгі қаланың тарихын зерттегендер Үтір­төбе оғыздардың қаласы болуы ке­рек деген пікірге көбірек басымдық береді. Қала­шықтың орналасуына, табылған жәдігерлерге қарап, тарихшылар оның Сырдың орта ағы­сы бойындағы ондаған қаламен ұқсас­ты­ғын бай­қаған. Тарихқа ден қойсақ, Мах­мұд­ Қашқари оғыз дәуірі кезінде Сыр­дың бойын­дағы қала мәдениеті да­му сатысының жоғары деңгейінде болға­нын, Сырдарияның жоғары саласы Ке­лес даласында «Оғыздар қонысы» (Дех и гузз) болғанын, Шаш айма­ғында оғыз­дар мен қарлұқтардың исламды қабылдаған тайпалары қоныстанғанын жа­зып кеткен. Ис­пид­жаб пен Шаштың батыс аймақтары, оның ішінде Ұтырлы да оғыз­дар­дың жеріне кірген.

Бұл тек болжам ғана. Себебі күні бүгінге дейін бұл ежелгі қала­шық­тың орны көңілден де, көзден де таса болып келді. «Қаланы 1971 жылы Ю.Ф.Буряков, О.М.Ростовцев, кейін Сырдария археологиялық экспедициясы (жетекші М.Қасенов) зерттеген. Қаланың сыртын 5-10 м-ге дейін су шайып кеткен. Сондықтан оның пішіні сақталмаған. Қазір­гі аумағы 388×180 м, батыстан шығысқа созы­лып жатқан төбе. Жобасы үтірге ұқсайды. Қаланың шығыс бөлігі 3-3,5 метрге дейін биік, бұл қала цитаделі болса керек. Оның сақ­талған аумағы 80×80 метр. Ал батыс бөлігінің биік­тігі – 1 метр. Сумен шайылудың салдарынан биіктігі 1-2 м-лік жарқабақ пайда болған. Ол жер­ден табылған әртүрлі құрылыс пен үй қа­л­дық­тары, қыш ыдыс, кірпіш, тас, темір сынық­тарына қарағанда қаланы тұрғындар VII-XII ғасыр­ларда мекен еткен» дейді Уикипедиядағы мәліметтер.

Ежелгі қаланың жер бетінде сайрап жатқан іздерін 1930 жылдары Арыстың бойынан Мақ­­тааралға көшіп барған бабам көрген, әкем көрген. 1940 жылдары, сол кездегі 7-8 жас­­тағы ойын баласы әкем қалашықтың жер бетінде сайрап жатқан іздерін көзбен көр­ге­нін, жерді 1 метр тереңдікке қазып қалса, сын­­ған қылыш, құмыра, тіпті кәріз су жүйе­ле­рінің әбден тотыққан қалдықтары шыға ке­ле­тінін ертегідей етіп айтып беретін. Осы өңір­­де бұрыннан тұрып келе жатқан көнекөз қа­рилар Түркістан облысындағы Асық ата өңі­рі Үтіртөбе, Мыңтөбе, Күлтөбе деп аталатын ежелгі қалалардың үстінде орналасқанын, үл­­­кен қорымдар барын, жоғарыда аты атал­ған ежелгі қалалардың ескі жұр­тын көз­бен көр­генін, қалашықтың орны, қорымдар тегістеліп, мақ­талық ал­қаптар мен совхоз-колхоздардың астын­да қалғанын күні кешеге дейін айтып келді.

Үтіртөбенің ежелгі өркениет тарихында орны бар қала болғанын дәлелдейтін де­рек­тер күні бүгінге дейін табылып жатыр. 2019 жы­лы Үтіртөбеден 10 километр қашық­та, Сыр­­дария өзенінің жағасынан 16-30 жас ара­­лығындағы жас жауынгерлер жерленген ежел­гі қорымның орны табылды. Жергілікті ар­хеолог Аманкелді Тұрмановтың зерттеуінде бұл қорым Х-ХII ғасырға тиесілі екені және әл­гі жауынгерлердің шайқаста қаза бо­лып, бірге жерленуі мүмкін екендігі де айтыл­ған. Ежелгі зираттың ені – 200 метр. Қазба жұ­­­мыс­тары кезінде табылған құлпытастағы жер­ленгендердің аты-жөні, туған-өлген жылдарын көрсеткен жазбаларға дейін өшпеген.

Үтіртөбе қалашығының маңайында тұра­тын­ ауыл тұрғындары Сырдария өзенінде су­ дең­гейі көтерілген кезде адам сүйектері, қыш-құмыра қалдықтары жер бетіне жиі шы­ғып қалатынын айтады. Бұл дерек өте ерте за­ман­дағы қалалар Сырдария өзенін жағалай ор­на­ласқан деген пікірді одан сайын нақтылай тү­седі. Бірақ мамандар әзірге бір тоқтамға  келудің қажеті жоқтығын, ол жерлер­де қала­шықтардың орны бар деген шешім шы­ғаруға әлі ерте екенін, әлі де нақтылай түсу қажет­тігін айтып, ел-жұртты сабырға шақы­ру­мен шек­теліп отыр.

ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Оңалбай Аяшевтің айтқанына ден қойсақ, ортағасырлық Ұтырлы қаласына жүргізілген археологиялық қазбалар Үтіртөбе қаласының өмір сүрген уақыты VІІІ-ХІІ ғғ тиесілі. Қала­ның салыну кезеңі оғыз дәуіріне тура келеді. Оған қаладан табылған жәдігерлер дәлел.

–Үтіртөбе өзінің жобасы жағынан өте ерекше құрылыс. Қала дамуының шарық­тау шегі Х-ХІІ ғасырлар. Бұл кезең бүкіл Орталық Азия мен Қазақстан қалаларына тән. Қала бас­қа қалалармен сауда және эко­номикалық бай­ланыста болған. Қаз­балардан табылған құмыра, металл, зергерлік бұйымдар басқа қала­дағы жәдігерлерге өте ұқсас. Үтіртөбе қала­сы геосаяси жағынан Ұлы Жібек жолының Сыр­дың сол жағалауындағы тармағында, то­ғыз жолдың торабында, қолайлы жерде ор­наласқан. Қаланың құрылыс жобасы да ортағасырлық қалалардың жо­басына сәйкес. Со­ны­­мен бірге бір ерекшелігі, қала сыртындағы зи­рат­тың орны ислам діні қала тұрғындарының негіз­­гі діні болғандығын көрсететді. Бұл қа­ла­­ның құрылыстары шикі кірпіш пен қыш кір­піш­­тен салынған. Бұл дәстүрлі құрылыс Сыр бойы қалаларына тән. Үтіртөбеде сырттан кел­ген әшекей заттар, шыны ыдыстардың табы­луы­ оның Жібек жолының бір тармағында жат­­­­қан­дығына дәлел болады. Ұлы Жібек жо­лы­ның бір тармақшасы осы өңірден өткен деп есеп­­теуге толық негіз бар, – дейді Оңалбай Аяшев.

Осы қаланың тарихын зерттеген Марат Хасе­нов өзінің жазбаларында Үтіртөбе Ұтыр­лы қаласының тарихын VIII-ХV ғасырлар­дағы қазақ жерінде орналасқан қалалар тарихы­нан бөліп-жарып қарай алмаған. М.Хасенов ұсынған деректерді алға жылжытсақ, Шың­ғыс хан заманындағы ежелгі қала Цитадель, Рабат және Шахристан деп аталатын, үш тарапқа жол бастайтын үлкен қақпалардан тұрған. Соның екеуі Сырдария өзенінің ас­тын­да қалған, ал Рабаттың ізі жер бетінде. Жер­гілікті тұрғындардың айтуынша өткен ғасыр­дың 60-жылдары салынған Шардара су қоймасы суының көтерілуінен қаланы сел баса бастаған. Қазіргі кезде қала үстін қамыс пен жыңғыл басып, жылда қаланың мәдени қаба­тын 1-2 метрге дейін су шайып кетеді екен. «Егер су осылай шая берсе, 15-20 жылда тарихи қаланың орыны тегіс жойылуы мүмкін» дей­ді тұрғындар.

Ортағасырлық Үтіртөбе қаласының геогра­фиялық орналасуы шынында да заманын­да қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәде­ни дамуына қолайлы болған. Архео­логиялық қазба жұмыстарын жүргізген ға­лым­дардың мәліметінше, қаладан шығыс, солтүстік-шығысқа қарай жол Сырдан өтіп Чиначкентке (Шыназ), одан әрі Орталық Азияның ірі орталығы – Шашқа (Таш­кент) барған. Ал Сырдың сол жаға­лауымен жоғары қарай өр­леген жол Хожентке жеткен. Сырмен төмен қа­рай жүрген тағы бір негізгі бағыт Сүткент қаласы арқылы өтіп Оқсызға (Весидж) бар­ған. Одан әрі жол жан-жаққа (Яс­сы-Сау­ран-Сығанақ, Испиджаб және Орталық Қазақ­стан бағыттары) тармақ­талады. Ал қаладан оң­түстік-батысқа қарай «Жызақ жолымен» шыққан тағы бір бағыт Мырзаның шөлін басып өтіп, Жызаққа, одан әрі Самарқан, Бұ­хара асқан. Міне, осы ортағасырлық Үтір­төбе қаласы алғашқыда Қазақстан ар­хео­лог­­тері тарапынан аз зерттеліпті. Өткен ғасыр­дың 60-жылдары жүргі­зіл­­ген Шардара археологиялық экс­пе­­дициясының зерттеу аясынан тыс қалған. Бұл ортағасырлық қала тіп­ті Қазақ Совет энциклопедиясы, «Архео­логическая карта Казахстана» (Алматы, 1960), «Свод памятников истории и культуры Казах­стана в Южно-Казах­станский области» (Алматы, 1994) ат­ты іргелі басылымдарға да енбей қалып­ты. 1963-1971 жылдары Өзбек­стан Рес­публикасына қараған. 1971 жылы Өзбек КСР Археология институтының про­­фес­соры Ю.Ф.Буряков бастаған Шаш-Илак археологиялық тобы Үтір­літөбе (Үтір­­төбе) қа­ласында болып, оның тарихи-топо­графиялық құры­лымын анықтап, әртүр­лі бөліктерінде археологиялық қазба жұмыс­тарын жүр­гізген. Ортағасырлық қалаға алғаш назар аударып, зерт­теуді қолға алған Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті болды. Аталған оқу орнының «Отан және шетел тарихы» кафедрасының профессор-оқытушылары Саби­ра Апашева мен Мырзабай Мейірбековтің дабыл көтеруімен ортағасырлық Ұтырлы (Үтір­төбе) қаласына университет тарапынан қар­жы бөлінді.

Ғалым Сабира Апашова Үтіртөбе қалашығы археологиялық деңгейде аз зерттелгенін, бұған осы өңірдің 1970 жылдарға дейін Өзбек­стан­ның қаруында болуы себеп болғанын, осы тақырыпты зерттеген Өзбекстанның Архео­логия институтының профессо­ры Ю.Ф.Буря­ковты Ташкентке іздеп барып, кездескенін айтты. Бірақ өзбек ғалымы сол кезде өте егде жас­та бол­ғандықтан, толыққанды мәлімет бере алмапты. С.Апашованың айтуынша, Үтір­­төбе қалашығын кешенді түрде зерттеген кезде ғана Мыңтөбе, Күлтөбе қала­ларының сыры ашылады. Бірақ Үтір­төбе қалашығының Қазақстанның архео­логиялық картасына енбей қалуы оның тарихын тереңдете, індете зерт­теу­ге көп ке­дер­гі келтіреді екен. Тарих­шы­ның айтуынша, Сырдарияның жаға­сын­да, мақталы алқаптың ортасында қала­шық орны­ның сақталып қалуы – Тәңірдің сыйымен бір­дей. Ендігі мін­дет қаланың жер астында тығы­лып жат­­қан ескі жұртына қазіргі заманғы тех­но­­логияның көмегімен барлау жасау, құн­ды орын­дар табылса, оны мемлекет иелігіне қайтару.

–Үтіртөбенің екі бөлігі Сырдарияның ас­тын­да қалды. «Сырдария» университеті қал­ған бөлігіне археологиялық қазба жұмыс­та­рын жүргізу үшін жыл сайын 3-4 млн теңге бө­лінеді. Сырдарияның ернеуінен асып-төгі­летін кезі болады. Біз өзен тынышталып, жер құрғаған кез­де қазба жұмыстарын бастаймыз. Қала­ның көп бөлігінің орны жеке­мен­шік үй құрылысының, мақта алқап­тары­ның астында қалды. Олармен келіс­сөздер жүргізіп, қажет болса мемлекет иелігіне қайтарып, қа­лашықтың зерт­теу орнын кеңітетін кез кел­ді. Үтір­төбе, тоғыз жолдың торабында ор­­на­ласқан, Сырдария арқылы су жо­лы­мен де жан-жақпен байланыс ор­на­туға мүмкіндігі бар қала болғаны анық. Археологиялық картаға кірсе, әлем­дік тарихтан Үтіртөбеге байланысты деректерді іздестіруге де мүмкіндік туар еді,  – дейді  С.Апашова.