Тарих көшінің қалыптасқан құндылықтары мен біте қайнасқан тұтастығы жолында ұлттық тарихымыздың көкжиегін кеңейту, тарихи дүниетанымын қалыптастыру бағытында Тәуелсіздіктің 30 жылдығында атқарылған шаруа ересен. Елбасы кітапханасында өткен «Ұлы дала және Қазақ мемлекеттілігі: жаңаша ой мен тың көзқарас» халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясында өткеннің кейбір іргелі сабақтарына жүгіне отырып, тарих ғылымының басты мәселелері мен оны шешудің мүмкін бағыттары талқыланды.
Жиынды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы және БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты ұйымдастырды. Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Бақытжан Темірболат алғысөзінде «Тарих тұрғысынан 30 жыл – азғантай ғана мерзім. Алайда соңғы үш ғасырда саяси, әлеуметтік-мәдени қысымда өмір сүрген Қазақстан үшін 30 жыл ұлттық идеяны жанғыртудың, тәуелсіз мемлекетті тұрғызудың межесіне айналды. Негізін 90-жылдары Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев салған жауапты істі бүгін Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев қисынмен жалғастырып келеді. Отарлық кезең мен кеңес дәуірі тұсында ұлтымыздың тарихы зерттелмей, шежіреміздің ұмытылғаны рас. Қазақ халқының тарихын терең зерттеуге бел буған Ермұхан Бекмаханов, Бекежан Сүлейменов сынды білікті мамандарымыздың ізденістері қуғын-сүргінмен аяқталып жатты. Түп-тамырымыз бен өткен күннің оқиғаларын ашық зерттеуге тәуелсіздік қана мүмкіндік берді. «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деген Елбасымыз да өткенін жақсы білмейтін адамның болашаққа нық қадам баса алмайтынын нұсқады», деген ол ұрпаққа аманат етілген мемлекеттің өткенін зерделеп, Ұлы дала зиялыларының өмірі мен мұрасын насихаттаудың азаматтық әрі адамзаттық борыш екендігін жеткізді.
Пленарлық отырыста Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов сөз сөйлеп, тарихи білім мен ағартушылық жолындағы реформалар жалғаса беруі керектігін атап өтті.
Жиын барысында белгілі тарихшы, профессор Бүркітбай Аяған Алтын Орда тарихын зерттеудің маңызы, зерттеу саясаты мен тұжырымдамасы бойынша арнайы баяндама жасап, ғылыми қоғамның тыныс-тіршілігіне үлкен серпіліс туғызған мемлекеттік бағдарламалардың маңызына тоқталып өтті. «Тәуелсіздік жылдары ғалымдар ел тарихын объективті түрде зерттеуге мүмкіндік алды. Нақтылап айтсақ «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына», «Халық – тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сынды мемлекеттік бағдарламалар бастау алып, ғылыми қоғамның тыныс-тіршілігіне үлкен серпіліс туғызды. Осыған дейін тарихшыларға жүйелі түрде көмек Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев тарапынан жасалынып келді. Тарихқа деген терең ықылас Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында әсіресе айқын көрінді. Мемлекет тарихы институты ғалымдары осы тақырыптың төңірегінде әлденеше жиналыс өткізген болатын. Бірақ әлі де болса тарих бойынша зерттелетін дүниелер жеткілікті. Осындай форумдарда талай мәселенің басы ашылар деп үміттенемін», деді Бүркітбай Аяған. Алтын Орданың тарихын жан-жақты баяндау ісіне ең ауыр қысастық кеңестік дәуірде жасалғандығын айта келіп, тарихи шындықтар мен көптеген оқиғаның қасақана бұрмаланғанын, мәтіндерге немесе аудармаларға түсініктеме беру кезінде тұрпайы олқылықтарға жол берілгенін айтқан ол, қазіргі тарихшы ғалымдардың негізгі міндеті – әділетке жол ашу, тарихты бұрмаламай ақиқатын айту екеніне назар аударды.
Бұдан соң аталған жиын аясында профессор Бүркітбай Аяғанның «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда мемлекеті тарихы» атты қос тілді дәрістер жинағының тұсаукесері өтті. Аталған дәрістер жинағы оқырманға жаңа тұжырымдар мен тарихқа деген сыни көзқарастар негізінде Алтын Орда мемлекетінің құрылуы, өрлеуі және құлдырауына қатысты мол мағлұматтар береді.
Сондай-ақ Назарбаев Университетіндегі Қазақ тілі және түркі зерттеулері кафедрасының меңгерушісі, Висконсин университетінің құрметті профессоры Юлай Шамилоглу (АҚШ) Қазан хандығында, Қырым хандығында, Сібірде, Қасым хандығында билікті бөліскен жүйе жайында, ондағы ру-тайпа билеушілерінің сайлануы мен құқықтық міндеттері турасында әңгімелей отырып, Алтын Орда хандығындағы лауазымдармен байланыстыра баяндама жасады. Ұлт тарихын зерттеу әдістемесін жетілдіру бағытында Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Зейнолла Самашев, Түркі әлемі институтының директоры, Саясаттану факультеті Халықаралық қатынастар бөлімінің қауымдастырылған профессоры (доцент) Мерием Хаким (Түркия), Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев, Ресей ІІМ Уфа заң институты Мемлекет және құқық тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры, Башқұртстан мемлекеттік университетінің Ресей тарихы, деректану және тарихнама кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Роза Буканова (РФ, Уфа), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Жақсылық Сәбитов, т.б. да баяндама оқыды. Сондай-ақ Ұлық ұлыстың тарихымен байланысты мемлекеттердің ғалымдары келешекте Алтын Орданың әрі қарайғы, жүйелі, объективті зерттеулері бойынша бірлесе жұмыс істеуге, әлемнің жетекші ғалымдарының қатысуымен ірі ғылыми-практикалық конференцияларды жүйелі түрде іске асырмақ.