Кеңесте Президент ұсынған ұсыныс-талаптардың басты ерекшелігі – олардың барлығы ең алдымен қарапайым халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
Президент ауылдардағы тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту мәселесін көтерді. Бұл үйлер ең алдымен ауыл мұғалімдері, дәрігерлері және ауылдың әлеуметтік саласының басқа да қызметкерлеріне арналмақ.
Мемлекет басшысы экономика туралы айта келіп, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақтардың әл-ауқатын дамытудың тетіктеріне айналуы тиіс екенін, сол үшін олар кәсіпкерлермен бәсекелес болмауы керектігін де ескертті. Алқалы жиында «жасыл экономикаға» көшудің, баламалы энергетиканы енгізудің маңыздылығы да кеңінен сөз болды.
Кадрларды даярлауды дамыту мәселелеріне қатысты көзқарасын білдіргенде Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемді әбігерге салған пандемияның білім беру және денсаулық сақтау салаларында кадр даярлауға басқаша бағыт қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендияларын, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтерудің маңыздылығын ашып көрсетті.
Мемлекет басшысының қарапайым халықтың қамы үшін жасаған тағы бір қадамы – Үкіметке және әкімдерге мүмкіндігі шектеулі жандардың жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдайды жасауды, оларға ғимараттар мен көліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсыруы болды. Кеңесте Президент әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құмар ойындарға қарсы күресті күшейту мәселесіне де ерекше ден қойып, адам құқын қорғауда ерекше рөлге ие адвокатура саласының күшеюіне ерекше тоқталды.
Ұлттық кеңестің осы отырысында айтылған ұсыныстар еліміздегі саяси реформаларға да тың серпіліс болары сөзсіз. Себебі алқалы басқосуда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі жұмыстардың жаңа қарқын алатыны айтылды. Ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлаудың 2021 жылдың тамыз-желтоқсан, ал аудан әкімдерін сайлаудың 2024 жылға белгіленгені алдымызда ауқымды іс-шаралар атқарылатынын аңғартады.
Президент ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдік азаматтар мен шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға сату және жалға беру мәселелеріне түпкілікті нүкте қойды. Жиында Мемлекет басшысы осы жылдың 25 наурызында жұмысын бастайтын Жер комиссиясын құруды тапсырды. Бұл комиссия жер мәселелерін заңнамалық реттеу бойынша барлық ұсыныстарды тыңғылықты зерделеп, әзірлейтін орган болмақ. Кеңесте ел дамуының әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің өткір әрі ашық талқыланғаны Кеңес мүшелері үшін де, қарапайым халық мүддесі үшін де өте қажетті.
Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ,
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі