Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Жаңа нарықтық қатынастар ауыл шаруашылығында түбегейлі өзгерістерді талап етті. Бірінші кезекте бастамашыл және еңбексүйгіш қожайындардың аяғынан тұрып кетуіне көмектесу керек болды.
Жекешелендірудің бірінші кезеңінде ауыл шаруашылығы объектілері ұжымдық кәсіпорындар болып қайта ұйымдастырылды, ал еңбек ұжымдарына заттық пайлар берілді. Кеңшарлардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың басшылары мүліктік пайдың 10 пайызын алатын сызба қолданылды, олардың басқаруына 5 жылға тағы соншалықты үлес берілді. Оң нәтиже берген жағдайда, одан әрі бұл үлес олардың меншігіне өтетін болды», деп жазды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында орнай бастаған жаңа заман талабынан туындаған осы тарихи мүмкіндікті кешегі кеңшарлардың «қызыл директорлары» қалай пайдаланды деген сауалға жауап іздеу үшін ауылдық елді мекендердің қазіргі жағдайына жай ғана зер салу жеткілікті. Көз алдымызға бақ-береке қонып, көркейген және құты қашып, азып-тозған ауылдар қатар елестейді. Сол сәтте көкейге «Неге бұлай болды?» деген сұрақ келері хақ.
Шындығында, қай ауылдың болсын тағдыры сол «қызыл директорлардың» қолында еді. Сонау 1997 жылы біз, бір топ журналист, Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы «Зенченко және К» серіктестігінде болғанымыз есімде. Өзі басқаратын шаруашылықтың өндірістік бөлімшелерін аралатып, таныстырған Геннадий Зенченко еденінде бұрын қолданыста болған, қуаты шағын электр қозғалтқыштар қатар-қатар тізіліп жатқан кішкентай қойманы да көрсеткен еді. «Мен бұл қозғалтқыштарды өздері басқарған кеңшарлардың мал-мүлкін арсыздықпен талан-таражға салып, ұрлап-қарлаған директорлардан мүлдем арзан бағамен сатып алдым. Олар бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін, уақытша жүрген жандар еді. Мен оларша істей алмадым. Өйткені бұл қасиетті жерде әкем өмір бойы адал да абыройлы еңбек етті. Оның игілікті ісін жалғастыру – менің мойнымдағы перзенттік парызым. Мына ұсталынған моторшаларға келсек, олар кейін біздің мал фермамыз үшін қажет болады...», деген еді Геннадий Иванович.
Өтпелі кезеңнің нелер ауыртпалықтарын нарша көтеріп, іскерлігімен көзге түскен Геннадий Зенченко Елбасы назарына ілініп, алғашқы президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың жұрт сенген өкілі болды. Айрықша іскерлігімен, азаматтық белсенділігімен зор беделге ие болып, өзі басқаратын коммандиттік серіктестікті республикамыздағы ең үздік ауылшаруашылық кәсіпорнына айналдырды. Еңбегі жоғары бағаланып, ел аграршыларының ішінде алғашқы болып «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағына ие болды. Осыдан бірер жыл бұрын дүниеден озған даңқты басшының жасампаз ісін бүгінде ұлы мен немересі лайықты жалғастырып жүр.
Халқымыздың ардақты азаматы Мақтай Сағдиев 1987 жылы Көкшетау облысының бірінші басшысы болып тұрған кезінде Зеренді ауданындағы бір шаруашылықтың бастауыш партия ұйымының хатшысы болып жүрген Серік Малаевтың іскерлігін аңғарып, Чистополь ауданындағы «Ковыльное» кеңшарына директор етіп тағайындатқан екен. Содан бері ол осы шаруашылықты табысты басқарып келеді. Бұл кеңшар да жекешелендіріліп, «Ақселеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналдырылған. Бірақ мал-мүлкі көршілес кеңшарлардағыдай «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей, жергілікті тұрғындар игілігіне жаратылған. Қазір аталған серіктестік орналасқан Ковыльное ауылы Чистополь өңіріндегі аман сақталып қана қоймай, жылдан-жылға көркейе түскен жалғыз құт-береке аралы іспетті. Елді мекенде кеңес заманында салынған әлеуметтік нысандар түгел сақталып қана қоймай, бәрі де адам танымастай жаңартылған. Серіктестіктегі орташа жалақы – облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы ең жоғарылардың бірі.
Бертінде Серік Тәттібайұлына жолығып әңгімелескенімде ол нарықтық экономикаға көшудің өтпелі кезеңіндегі қиындықтарды есіне ала келіп: «Тоқсаныншы жылдардың басында мен шаруашылық басшысы ретінде ескі «УАЗ» машинасын мініп жүрдім. Ал менің көптеген әріптесім сол кезде-ақ жаңа шетелік автомобильде шалқып жүретін. Әрине, оларды көрген сайын мен де пенде болған соң, намыстаныңқырап қалатынмын. Сондықтан да бір ауа райы жайлы жылы жақсы астық жинап, тәуір табыс түсіргеннен кейін еңбеккерлердің жалпы жиналысын өткізіп, олардан өзіме шаруашылық директоры ретінде жаңа «Волга» сатып алуға рұқсат сұрадым. Ұжымым өтінішімді бірауыздан қолдады. Бірақ кешке үйге келгенімде ауылымызда әлі күнге диірмен мен наубайхана жоқтығы есіме түсіп, райымнан қайттым. Сөйтіп жаңа «Волганың» орнына диірменге қажет жаңа жабдықтар сатып алып, наубайхана да аштық. Қосымша төрт жұмыс орны құрылып, сонша адам қуанып қалды. Олармен бірге өзім де қуандым...» деген еді. Әр нәрсенің өз уақыты болады ғой. Серік Малаев осыдан бірнеше жыл бұрын өз еңбек ұжымының келісімімен жаңа көлік сатып алыпты.
Елбасы берген мүмкіндікті мүлт жібермей, ұтымды пайдалана білген «қызыл директорлар» басшылық жасаған кешегі кеңшарлардың – бүгінгі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың қазіргі әлеуеті, оларда еңбек етіп жүрген ауыл адамдарының әл-ауқаты және сол ауылшаруашылық құрылымдары орналасқан ауылдық елді мекендердің ажары бұрынғы кеңес заманындағыдан әлдеқайда жақсы десек, артық айтқандық болмас. Мұның бір тамаша мысалы ретінде Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылын бөле-жара айтуға болады. Бұл елді мекеннің көркіне көз тойғысыз. Гүлге оранған көшелері, сәулетті мектебі, Мәдениет үйі, спорт кешені, стадионы, мешіті, кеңсесі, дүкендері – бәрі де қаладағыдай жайнап-жарқырап тұр. Соның бәрін өз қаражаты есебінен қамтамасыз еткен Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев басқаратын «Абзал және компания» толық серіктестігі болып шықты. Оның жұмыскерлерінің орташа айлық жалақысы 230 мың теңгеге дейін жеткен екен. Талай мақтаулы шаруашылықтағы орташа жалақы бұдан көп төмен.
Осы сияқты жалқы мысалдардан түйетін жалпы ой: ауылдарды сақтап қалғандар – жүрегі «Елім, халқым!» деп соққан арлы басшылар. Ал талай ауылдың тоз-тозын шығарғандар – құлқынының құлы болған арсыз басшысымақтар. Ондайлар өздері басқарған шаруашылықтардың малы мен техникасын талан-таражға салып, түгел құртып бітірген соң жұрт есебінен арамдықпен жинаған дүние-мүлкін бір түнде бірнеше «КамАЗ» машинасына артып алып, басқа жаққа тайып тұрған...
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы осындай өмір шындығынан тиісті қорытынды шығарғанымыз жөн. Біріншіден, іскерлігімен қатар, биік адамгершілік қасиеттерімен танылған азаматтар ғана елге тірек, көпке пана бола алатындығына көзіміз жетті. Екіншіден, сол қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған қиын кезеңде кешегі «қызыл директорларға» үлкен сенім көрсетілгенімен, олардың іс-әрекетіне жергілікті билік пен жұртшылық тарапынан қатаң бақылау қойылмады. Соның салдарынан олардың көбі «алтын көрген періштедей» жолдан тайып, оңай байып қалу үшін ойларына келгенін істеді. Мұның аяғы талай ауылдың тұтқиылдан жау шапқандай ойранын шығаруға әкеліп соқтырды.
Міне, осы тағылымдар еліміздің ауыл шаруашылығы саласын одан әрі реформалау барысында ескерілсе, игі. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айта келіп, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялау міндетін алға қойды. Мұндай ауылдық кооперативтерді басқару тізгінін де арына дақ түсірмеген адал да іскер азаматтардың қолына беріп қана қоймай, олардың қызметінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің заңды тетіктерін алдын ала қарастырған жөн.
...Облыстық газетте істеп жүргенімізде бұрынғы «қызыл директорлардың» дос-жарандары келіп, олардың мерейтойлары қарсаңында мадақ мақала жазуымызды сұраушы еді. Сондайда біз: «Ол кісі өзі басқарған кеңшары мен ауылын сақтай алды ма?» деген қарсы сауал қоятынбыз. Алайда оған оң жауап естіп көрмеппіз. Сол себепті ондай басшысымақтарды өтірік мақтап жазудан бас тартатынбыз. Ал ауылды сақтап қалған арлы басшылар ешкімнен мақтау-мадақтау сұрамайтын, оларды шынайы даңқтың өзі іздеп тауып жатты.