Қазақстанның 4 облысында қандастарды бейімдеу орталықтарын ашу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz
«2021 жылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын құру мәселесі пысықталуда. ХҚКО мен Бейімдеу орталықтарында қандастар мәселелеріне қатысты барлық қызметтер мемлекеттік тілде көрсетілетінін атап өту қажет», деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар оның айтуынша, республикамызға келетін этникалық қазақтар үшін қолайлы жағдай жасауды, сондай-ақ өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының белгіленген көрсеткіштерін ескере отырып, қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталарын қалыптастыруды көздейтін Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатыр.
«Елдегі көші-қон және демографиялық процестерін тұрақтандыру, сондайақ қандастар құқықтарын сақтау мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында», деді Асқар Мамин.