• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Туризм 04 Наурыз, 2021

Ішкі туризмді «үштік» өркендетеді

668 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігі «Ата­мекен» ҰКП және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, 2021 жылға арналған ұлттық туристік өнімді дайындау жөніндегі үшжақты жол картасына қол қойды.

Жол картасы ұлттық туристік өнімді дайын­дауды, жекелеген туризм түрлерін (бала­лар-жасөспірімдер туризмі, медицина және сауықтыру туризмі) және қолөнерді дамыту, елдің туристік әлеуетін ілгерілету бойын­ша елеулі іс-шараларды қамтиды. Жоба шең­берінде қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыру еліміздегі туристік өнімнің да­йындалу механизмдерін жан-жақты талдау және өзек­тендіруге, қолөнер шеберлерінің жұмысын ретке келтіру және түйткілді мәселелерді шешуге, туризм түрлерін дамытудың тұжырымдама­лық шешімдерін анықтауға мүмкіндік береді.

«Құжат ең алдымен туризм саласын ілге­рілетуге көмектеседі. Биыл осы жоба аясында қазақстандықтар мен Қазақстанға келген қонақтардың елімізге келуіне мүмкіндік жасау үшін жаңа нысандар ашылып, жұмыс орындары құрылады. Өткен жыл барлық салаға оңай тимегені белгілі. Сондықтан биыл былтыр жүзеге асыра алмай қалған жұмыстарымыздың орнын толтыруымыз керек, ал Үкімет өз тарапынан бұл салаға үлкен көңіл бөлуде. Осы жылы туризмді дамытуға 1 трлн теңге бөлініп, 22 мың жұмыс орны құрылмақ. Құжат туризм индустриясын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп сенемін», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидулла Абдрахимов.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева үшжақты жол картасына қол қою саланың жекелеген бағыттарын қоса алғанда оның ары қарайғы дамуы, сондай-ақ бірлескен ұсыныстар дайындау туристік өнімдерді қалыптастыру және инфрақұрылым мәселелерін шешуде тиімді механизмге айналатынын айтты. 

– Жол картасы – осы жылғы іс-әрекеттердің нақты жоспары. Жобаның барлық іс-шарасы нарық үшін маңызды болғандықтан, біздің уәкілетті орган және Kazakh Tourism бірлесіп атқарған жұмысы бір бағытта болатыны бизнес үшін тиімді бағдар. Өткен жылы бастау алған инфрақұрылымды және туристік өнімді жақсарту жөніндегі іс-шаралардан басқа, биыл цифрландыру, аңыз-әңгімеге сүйенген туризм, медициналық және экологиялық туризм, кадр­ларды даярлау және тағы басқа тармақтар қо­сылды, – деді Ю.Якупбаева.

Өз кезегінде Kazakh Tourism Басқарма төр­ағасы Ержан Еркінбаев пандемия қиын­дықтары, қаржының қысқаруы, қаражат және бизнесті қолдау құралдарының шектелуіне қарамастан, 2020 жылғы Жол картасының іс-шаралары есебінен өткен жыл өнімді бол­ғанын мәлімде­ді. «Құжат арқылы бағдар алған бағытымыз жалғасын табуы керек, ал министр­ліктің бізге қолдау білдіргені құжат қолдануын тереңдете түседі. Өзімізге алған міндеттемелерді орындау­ды жалғастырамыз, әсіресе осыған дейін назар мен қолдауға ілікпеген бағыттар нысанға алынады», деді ол.

Айта кетейік, осыған ұқсас Жол картасы был­тыр «Атамекен» ҰКП мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ арасында жасалып, ұлттық туристік өнімді қалыптастыруға бағытталған болатын. Жол картасы шеңберінде санаторий, курорт нысандарын түгендеу бойынша ауқымды жұмыс, қолөнер және агротуризм бойынша кешенді экспедиция жүргізіліп, оқушылар үшін білім беру экскурсияларын ұйымдастыру бойынша «Жанды сабақтар» қанатқақты жобасы іске асырылды. Сонымен қатар танымал тур бағыттар бойынша қажет инфрақұрылым айқындалды. Осы орайда ұлттық туристік өнімді қалыптастыру үшін бірігіп жұмыс істеу жөніндегі бастама нарықта оң бағасын алған-ды.