• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Наурыз, 2021

Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары тізеден балшық кешіп жүр

504 рет
көрсетілді

«Егеменнің» Алматы облысындағы тілшілер қосынына Іле ауданына қарасты Қоянқұс ауылының тұрғындары хабарласып, өздері тұратын елді мекендегі бірқатар мәселе туралы айтқан еді. Ағайындарды он жыл бойына жөндеу көрмеген ауыл ішіндегі жолдың жайы алаңдатады екен.

Қоянқұс ауылы – Алматы қаласының іргесіндегі үлкен елді мекеннің бірі. Урбанизация үрдісі тоқтаусыз жүріп жатқан аймақ ретінде ауыл іргесі жыл сайын кеңейіп, жаңа құрылыс аумағы да жылдам бой көтеруде. Демек, жыл сайын салынған жаңа тұрғын үй кезекті әлеуметтік мәселенің туындауына арқау болып отырғаны анық. Оның ішінде жол, ауыз су, жарық, көгілдір отынмен қамту проблемасы өткір тұр. Тұрғындардың емханаға тіркелуі мен оқу жасындағы балалардың мектепке орналасуы да бөлек жыр. Ал журналистерге шағымданған адамдардың базынасы осы мәселенің ішіндегі ең күрделісі болып отырғанға ұқсайды. Өйткені, ауылдың бірнеше көшесі оншақты жылдан бері жөнделмей, тұрғындар көктем мен күз айларында тізеден балшық кешіп жүреді екен. Әрі бұл жағдайдан жергілікті биліктің бұрыннан  хабардар екенін айтқан жұрт, нақты шешім қабылдауға келгенде тиісті орындардың құлықсыздық танытатындарына наразы. Істің аяқсыз қалуынан шаршаған тұрғындар БАҚ өкілдерінен ауыл көшелеріндегі көріністі көзбен көруді өтініп, арнайы келуімізді сұраған болатын. Жағдаймен танысу үшін облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қуат Қайранбаевпен бірге Қоянқұс ауылының Тәуелсіздік көшесіне келдік.

- Он жылдан бері жаза-жаза жауыр болған, айта-айта «құрғақ уәдеге» тойған Тәуелсіздік көшесі тұрғындарының жанайқайына құлақ түріп, түйткілді мәселенің түйінін шешуге қол ұшын берсеңіздер, газет оқырманы ретінде қуанып қалар едік. Ауылдың Тәуелсіздік және Брусиловский көшелерінің «лай-батпақ» көшесі атанғанына талай жыл болды. Себебі, айрандай езілген көшеде аяқ басар жер жоқ. Әсіресе, балаларымызды мектепке апару қиынға түсіп отыр. Облыс, аудан әкімінің сайтына қанша жазғанымызбен, құрғақ уәдеден өңге жауап естімей келеміз. Сондықтан, ауылымызға келіп, қалыптасқан жағдайды өз көздеріңізбен көріп, халықтың жанайқайын тиісті орындарға жеткізулеріңізді сұраймыз, - дейді Қоянқұс ауылы, Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары атынан сөз алған Рауза Әбдікерімқызы.

Жалпы, сырт көзге Қоянқұс ауылының жаңа қоныс аумағында басы артық мәселе жоқтай көрінеді екен. Үйлерде жарық бар, орталық су құбыры тартылған, көгілдір отын да жанып тұр. Алайда, тұрғындар бұл жетістікке өз күштерімен қол жеткізгенін айтады. Өйткені, жарыққа қосылу, су құбырын үйге жалғау және газ желісін тарту үшін әр үй қомақты қаржы жинаған. Мәселен, бұл маңның тұрғындары жарық үшін 150 000 – 200 000 теңге, су құбыры үшін  100 000 – 180 000 теңге және көгілдір отын үшін 350 000 теңге көлеміндеақша жұмсаған. Ал көшені жөндеуге қарапайым адамдардың күші жетпейтіні анық.

- Біз де қарап жатпай, өзіміз тұратын ауыл болғасын қолдан келген шаруаны атқарып жатырмыз. Үй-үй болып есік алдына, ортақ көшеге тас төсеуге тырысып-ақ келеміз. Бірақ, біз төккен тас пен құм жерге сіңіп, жол болып жарытпай тұр. Қазіргідей көктемде жаяу жүру қиямет. Көліктер де жиі батып қалады. Міне, мектепте сабақ өтуге рұхсат етіліп, бастауыш сынып оқушылары барып жатыр. Оларды үлкен жолға дейін жетелеп апарып, аяқ киімдерін ауыстырып кигіземіз. Мектеп жақын әрі жаңадан салынған. Тек аралықта қалаға өтетін үлкен жол бар, сол тұстан балалар өтетін жаяу жүргінші жолағын салып беруді сұраған едік, әкім былтырғы есеп беруінде уәде еткен, әлі орындалған жоқ, - дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер ұстаз Күләш Бабылханова.

Айтпақшы, Тәуелсіздік көшесі тұрғындарының базынасын тыңдауға Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетхан Жетеуов те келген екен. Лаузымды шенеунік ауылдағы мәселемен етене таныс екенін айтып, өз уәжін жеткізді.

- Байсерке ауылдық округіне бұл ауылдан басқа, Көктерек, Жаңаталап, Жаңадәуір, Әли, Ынтымақ және Байсерке елді мекендері кіреді. Мұнан бөлек 23 саяжай тағы бар. Үлкен аумақ болғасын, проблема да көп. Оның барлығын бір сәтте шешіп тастау мүмкін де емес. Ал көшелерді асфальттау бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Кезекте екі жүзге жуық көше бар. Қоянқұстағы бір ғана Тәуелсіздік көшесі емес, сонымен қатар, Айманов, Брусиловский, Мұратбаев, Уәлиханов атындағы көшелер де кезеккүтіп тұр. Өткен жылы округ бойынша 30 көшеге толықтай жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл тағы жалғасады. Біз өз тарапымыздан бюджетке тапсырыс беріп қойдық. Ол ұзақ процесс және нәтижесі қалай болатыны бізге қазір беймәлім. Негізінен мамыр айында жұмыс басталады, сол кезде арнайы келіп, тұрғындармен тағы да кездесеміз. Мүмкіндікке қарай, ауылдағы барлық көшелер жөнделеді, - дейді Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетхан Жетеуов.

Ал тұрғындар билік өкілінің уәжіне тоқтап, уәдесіне сенген кейіп танытқанымен, жағдайдың жақын арада шешімін табатынына бәрібір күмәнмен қарайды. Сол себептен де бұл мәселені БАҚ назарында ұстаса екен дейді. Енді, биыл 30 жылдығы тойланатын ел Тәуелсіздігінің құрметіне аталған көше тізеден келетін балшықтан тазарып, көрікті мекенге айналады деген үміт ақталса игі...