• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Наурыз, 2021

«Құрманжан датқа» қандай фильм?

1081 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен қаңтар айының 5-і күні «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақы­рыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті» деген болатын.

Расында, кино индустриясы ең әуелі идео­логиялық құрал және табыс көзі. «Бар­лық өнер түрінің ішінде біз үшін ең маңыз­дысы – кино» деп өткен ғасыр­дың басында пролетариат көсемі В.Ленин тегін айтқан жоқ. Яғни кино мәде­ниеті арқылы мемлекеттік идеологияны өрістетуге, ең бастысы қазіргі қазақ қо­ға­мы үшін отарланған сананы рухани кем­бағалдықтан арылтып, бұқараға өзі­нің байырғы ұлттық-тарихи сананы қалып­тастырудың тетігі деп қараған жөн. Әсіресе, отандық кинематография­да ұлт­қа тірек болған тарихи тұлғалар образын сомдау – дара этнос үшін таптыр­мас олжа. Бұған мысал 2014 жылы қырғыз аға­йындар түсірген «Құрманжан датқа» фильмі. Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғарыдағы пі­кірі арқылы отандық кино өндірісі мен атал­мыш сала мамандарына ой тастап, бағыт сілтеп отырғаны анық.

 

Садық шердің шедеврі

Біздің отандық кино саласының мамандары әлемдік масштабтағы фильм түсіру үшін кем дегенде 50 млн АҚШ доллары керек дегенді көп айтады. Бұл аз ақша емес. Ғаламдық кино саласында қатып қалған тағы бір қағидат бар. Өндірілген туынды кеткен шығынды ақ­тауы тиіс. Бұл әлемдік кино өндірісінің алпауыттары Голливуд пен Болливуд үшін қалыпты жағдай. Бұл екі монополистің кесірінен шағын мемлекеттік (біздің «Қа­зақ­фильм» сияқты) немесе этнофильм құрылымдары тұншығып жатыр. Оған себеп көп. Қазақстандық киносценарист Смағұл Елубайдың пайымына жүгін­сек, америкалық киногерлердің техника­лық мүмкіндігі мен оқиғаны игерудегі шеберлігіне біз 100 жылда жете алмаймыз. Оның сыртында голливудтық стандарт әлем халықтарының миын жаулап алған. Сол себепті, биік межеге көзі үйреніп, көңілі сіңген бұқара басқа жүрдім-бардым дүниелерді менсіне қоймайды. Яғни әлем халықтарын америкалық режиссерлер тәрбиелеп жатыр. Бұл ұсақ ұлттар үшін зор қауіп. Бұдан құтылатын жол дара этносқа өзінің тарихын, дара тұлғаларын голливудтық болмаса да, сол межеге ыңғай­ластырылған фильм жасау арқылы амери­калық «тәрбиеден» алшақтату. Яғни кино арқылы халыққа өз тарихын, өз болмысын, мәдениетін, жеке этнос ретіндегі ерекшелігін, ең бастысы бұл ғасырға дейін жер бетінен жоғалып кетпей сақтап келген нәзік иірімдерін (салт-дәстүрі, өнері, мінезі т.б.) сүйіншілеп көрсету.

Жоғарыда Мемлекет басшысының айтып отырғаны осы. Оның сыртында Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық ко­лориті мығым тарихи туындыны ысырап­шылдыққа ұрынбай азғана қаржы жұмсап түсіруге болатыны жайлы ескертіп отыр. Мысалы, қырғыз ағайындар «Құрманжан датқа» фильмін түсіруге бар-жоғы 1,4 млн доллар жұмсаған.

– Бөлінген қаржының 200 мыңына (доллар) заманауи техникалық жарақ са­тып алдық. Өйткені бұл фильмді ха­лық­аралық стандарт бойынша түсіруге бұ­рынғы кеңестен қалған жабдықтар жарады болды. Яғни түсіру аумағы кең, жиілігі ауқымды көріністерді таспалау үшін сапасы аса қуатты құралдар қажет болды. Тағы 200 мың доллар госпродакшн, яғни фильмді монтаждау, өңдеу-әрлеу жұмыстарына жұмсалды. Бұл істер Петерборда атқарылды. Жоғарыдағы 400 мыңды алып тастаңыз. Сонда қолымызда 1 млн доллар қалды. Осыдан100 мың доллар каскадерлерге жұмсалды. 100 доллар салыққа төленді. Содан кейін массовкада ойнаған 600-700 адамға қырғыз ақшасымен 40 мың сом төледік. Қысқасы, аз ғана қаржыны жеткіздік, – дейді туындының режиссері Садық Шер-Нияз ресейлік ақпарат көздеріне берген сұхбатында.

Бізде ше?.. Басқасын былай қойғанда, қырғыз туындысымен қарайлас фильм «Жаужүрек мың бала» туындысын түсіруге 11 млн АҚШ доллары жұмсалған екен. Түскен пайда – 1 млн 800 мың доллар. Тә­уел­сіздік жылдарында дәл осы сияқты еш­қандай кино мұндай қаржы тапқан жоқ дейді. Ал қырғыз ағайындардың «Құр­манжан датқасы» әлі күнге дейін табыс көзінен ажыраған жоқ. Айыр қалпақты туысқандар арасында «Садық шердің ше­деврі» деген атқа ие бұл фильм несімен құнды дегенге жауап іздеп көрейік.

 

«Алай ханшайымы» атанған әйел

Фильмнің бас кейіпкері Құрманжан Маматбайқызы өмірде болған һәм қырғыз халқының азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен тұлға. Қырғызстандық тарихшы Тұрсынай Өмүрзакованың пайымда­уынша, бұл әйел 1811 жылы қазіргі Ош қаласына жақын жердегі Өрке қыстағында туған екен. Руы – мунгуш ішінде жапалақ дейтін аталықтан. Алай өлкесін мекендеген қырғыздарға қамқорлық жасап, жұрттың қамын жегендіктен тарихта «Алай ханшайымы» («Алай Царицасы») атанған. Демек биыл бұл ханшайымның туғанына 210 жыл толып отыр.

1862 жылы күйеуі Алымбек датқа сарай бүлігі кесірінен өлтіріліп, датқалық билік Құрманжанның қолына көшеді. Яғни ол 1863 жылы Бұқар әмірі Сейіт Мұзаффар мен Қоқан ханы Құдаярдың үкімімен «датқа» атағына ие болғаны жайлы дерек бар. Осы тұста Орталық Азияда патшалық Ресейдің отарлық сая­саты күш алып, орыстар тарапынан жергілікті халыққа әскери күш қолдану үрдісі кең етек алғандықтан, Құрманжан әуелі қырғыз халқын қоқандықтардың қыспағынан құтқарып, зеңбірегін сүйретіп жеткен орыстардың ойранынан аман алып қалу үшін жанталасқан адам.

Ферғана облысының әскери губернаторы К.К.Абаза: «бірде Құдаяр хан алайлық көшпенді қырғыздарға салық салмақшы болды. Бірақ бұған Құрманжан датқа жол бермей, қайта қосымша жеңілдіктер беру жөнінде келісімге келуіне мәжбүр еткен» деп жазса, (Абаза.К.К.«Завоева­ние Туркестана»), «Түркестанские ведомости» апталығының 1878 жылы жарық көрген кезекті санында: «Қоқан хандығы жойылғаннан кейін Полот ханның кө­терілісіне дем беруші қырғыздар Абдыл­дабек пен оның інілері Баатырбек, Мамыт­бек, Асанбектер орыстарға қарсы көтеріліс бастады. Бұл қозғалыстың басында Құр­манжан датқа тұрды» деген дерек бар.

Қайран ана патша әскеріне қарсы кө­терілгені үшін ұлы Қамшыбекті ресей­лік жазалаушылар көз алдында дарға асып жатқанда араша түспеген. Ұлым үшін тізе бүксем, қырғыз елінің тізе бүк­кені деп есептесе керек қайсар ана. Қай­та ұлы­на қайрат беріп: «Ажалға тіке қара» деп айқайлапты. Осы ісі арқы­лы генерал М.Д.Скобелевпен келісіп, көтеріліс­шілерді жазаламау, тұтқындарды босату, босып кеткен елді қайтару, алым-салықты азайту, дінге шек қоймау туралы 7 түрлі шарт жасасқан. Қысқасы, ұлын ажалға беріп, халқын аман алып қалған. Бұл оқиға кинода керемет бейнеленген. Тіпті фильм­нің өзегі осы десе де болады.

Құрманжан датқаны 1906 жылы Ресей армиясының полковнигі Карл Густаф Эмиль Маннерхайм (кейін Финляндия елінің президенті болды) бірнеше позицияда фотоға түсірген. Бұл фотоларды та­рихшы Анварбек Хасанов Ташкент ар­хивінен тауып әкеліп, нәтижесінде ханша­йым­ның анық келбеті белгілі болып, ол қыр­ғыздың ұлттық валютасы-сомына бе­­дер­ленді. 1907 жылы 1 ақпанда 95 жасын­да Құрман­жан датқа дүниеден қайтқан тұста «Тур­кестанские ведомости» газеті 16 ақ­пандағы санында «Царица Алая» де­ген атпен көлемді қазанама жариялаған екен.

 

Тарихтан тамыр тартқан туынды

– Бұл фильмде халқымыздың дәс­тү­ріне, мәдениетіне қылдай қиянат жасалған жоқ, сонымен қатар оқиға желісін ширату арқылы жүз жылдық тарихты шымырлатып сыйдырған ерекше туынды болды, – дейді режисссер Садық Шер-Нияз. Расында солай. Ал фильм көтерген тақырыпқа келер болсақ, қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің ««Құрманжан датқа» қырғыз халқының әр кезеңдік тарихын қамтыған және өте жоғары деңгейде түсірілген туынды» деген бағасынан асырып не айтпақпыз.

Сол сияқты, қырғыз тумасы, талантты әртіс Әзиз Бейшенәлиев: «Халық тарихтан тірек іздейді. Сондықтан, тарихи жанрдағы кино қазақта да, қырғызда да сұранысқа ие. «Құрманжан датқа» – тарихи фильм. Бұл көрермен үшін ерекше тартымды. Халық Құрманжан мен Алымбек датқаның бойынан ұлттың намысы мен рухын іздейді. Режиссерлер халықтың қалағанын кино тілінде зерделегенде халықтың рухы аспандап кетті» деген жүрекжарды сөзін айтыпты.

Фильм көптеген шетелде көрсетілді. Ресейде өткен премьерасында атақты режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Владимир Меньшов, бұл туынды – тарихи оқиға мен режиссерлік шеберлік үнсіз жымдасқан керемет көркем оқиғалар өрімі, депті.

Ал америкалық актриса Шэрон Стоун «MaximoTV» арнасына берген сұхбатында: «Бұл фильмнің «Оскарды» иеленуге үлкен мүмкіндігі бар. Өте керемет туынды. Терең мағынасы бар тарихи фильм. Маған бұл фильмді көруге шақыру келгенде, «Субтитрлі үш сағаттық фильм жөнінде не ойламақпын?» деген ой келген-тін. Бірақ фильм мені баурап алды, әрбір минуты өзіне тартады. Мен оның әсемдігіне тамсандым. Бұл фильмді көруге кеңес берер едім. Бұл шабыттандыратын фильм. Бұл фильм көз тартады, костюмдерінің түстері, қоршаған орта, бәрі керемет. Мен бұл фильмді ең жақын достарыммен бірге отырып, қайта тамашаладым. Достарымның бірі жарнама агенттігінің иесі еді. Ол фильм көріп отырған сәтте «О тоба, бұл фильм маған қаншама идея берді?!», деп тамсанды...» дейді Голливуд жұлдызы.

Фильмнің әлемдік премьерасы 2014 жылы тамызда өтті. Содан бері өз кө­рер­мендерін еш жалықтырған жоқ. Ха­лық­­аралық аренада беделді бағасын да алып жатыр. Соның кейбіріне тоқталар болсақ:

Фильм Монреаль халықаралық кинофестиваль бағдарламасына кірді;

2016 жылы Мәскеудегі «Каро» кинотеатрлар желісінде көрсетілді;

2014 жылы Оскар сыйлығына «Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымы бойынша ұсынылды;.

2015 жылы Тегеранда өткен 33-халық­аралық «Фаджр» кинофестивалінде төре­шілердің арнайы Golden Flag жүлдесімен марапатталды;

2015 жылы Калифорнияда өткен Ти­бу­рон халық­аралық кинофестивалінде бас жүлде және ең жақсы операторлық жұмысы үшін берілетін сыйлықты жеңіп алды... тағысын тағылар.

Түйінсөз

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, Гол­­ливуд туындылары арқылы біз халқы­мыздың ұлттық-тарихи санасын қалып­тастыра алмаймыз. Ұлттық болмысты жетілдіретін «Құрманжан датқа» сияқты фильмдер. Бұл туындыда жүз жылдық тарихи оқиғалар тізбегі баяндалуымен қатар, халықтық этнография: қазаны күймен естірту, қонақ күту т.б. бейнеленген. Яғни режиссер ХІХ ғасырдағы өмір салтын керемет көрсете білген. Екіншіден, фильмде мінез бар. Әсіресе Құрманжан датқаның «Қырғыз төсекте жатып өлмейді» деген сөзі немесе шекара асып бара жатқан ұлының «Мен қайда болмайын, менің жүрегім мына таулардың арасында» деп маң даланы жаңғыртып, үн тастауы еріксіз сананы тербеп, рухты оятады. Демек, аталмыш туындыда, ерлік рух пен халықтың азаттық жолындағы арпалысы керемет көрініс тапқан.

Осы орайда, Мемлекет басшысы ма­қа­­ласында «Мен құзырлы органдар мен отан­дық телеарналарға мемлекеттік тап­сы­рыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын» дегенін халқымыздың рухын оятатын, тарихи тақырыпта туындылар жасау керек деп түсінген дұрыс. Бұл мақсатта жақсы шаруалар атқарылады деген сенімдеміз!