• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Наурыз, 2021

Алтын қолды батыр апай ауыл ауруханасында еңбек етеді

388 рет
көрсетілді

Медбике Ләззат Илиясқызын ауылдағы ағайын «Алтын қолды батыр апай» деп атайды екен. Мұның өзіндік себебі бар. Өйткені кейіпкеріміз қазір тарихқа айналған Ауған соғысына қатысыпты. Одан кейінгі еңбек жолы ауылдағы ауруханада жалғасып, қатардағы медбике болып зейнетке шыққан. Әлі де қатардан қалмай, денсаулық күзетінде жүр.

Басши ауылы – Алматы облысының Кербұлақ пен Панфилов аудандарының шекарасына орналасқан өңір. Әкімшілік бөлінісі жағынан Кербұлақ ауданына қарайтын округте 3 мыңнан аса тұрғын бар. Басшидегі ауру­ха­на осы аумақтағы үш ауылдың адамына медициналық қызмет көрсетеді. Орталықтан шалғайдағы барлық ауылға тән мәселе бұл маңға да жат емес. Әсіресе кадр тапшылығы қатты сезілетінін айтуымыз керек. Бүгінде ауылдық ауруханада жоғары білімді екі маман дәрігер ғана жұмыс істейді екен. Орта буын медицина қызметкерлеріне де сұраныс бар. Жұмыс іздеп келген жастар көбіне қайтадан қала жағалап кетеді екен. Аурухана басшылығы Ләззат апайды босаған орынға аттай қалап, медбикелік жұмысын жалғастыруға шақырып алыпты. Тәжірибелі маманға әріптестері де, дертіне шипа іздеген науқастар да дән риза.

Апай Ауған соғысына қатысты естелік айтуға аса ықыласты емес екен. Сананы сыздататын оқиғаны қайта жаңғырту ауыр болса керек. Әрі ол заманда медицина мамандығында оқығандар үшін әскери міндетін атқару парыз болған. Медучилищені аяқтап, еңбекке араласқан Ләззат Саржанованы да соғыс өрті өршіп тұрған Ауған еліне сол міндет жетелеп апарыпты. Алғашында кейіпкерімізді әскери комиссариат Польшадағы әскери контингентке қызмет етуге шақырады да, кейіннен Ауғанстанға жібереді. Бұл – 1986 жылы болған жағдай. Аздаған дайындықтан кейін бір топ медбике мінген ұшақ атақты Баграм әуежайына қонады. Бұл жақта қиянкескі ұрыс болмаса да, оқтын-оқтын атыс қаруының дауысы естіліп тұратын.

– Сол жылы күзде аяқ асты атыс болып кетті де, әуеден мина жауған шабуылдың астында қалдық. Жараланған адамдар көп болды. Бір жас жауынгердің аяғын жұлып кеткен екен, жарасын таңып, қанын әзер тоқтаттым. Байғұс жігіттің көзіндегі үрей мен өмірге деген құштарлықтың арпалысқанын көріп, денем түршікті. Бағымызға қарай, біздің тобымыз түгелімен міндетін өтеп, аман сау қайтты, – дейді медбике.

Ләззат Илиясқызы адам өміріне араша тұруға берген сертінен айнымай, медбикелік жұмысын бейбіт күнде де жалғастырды. 1993 жылы осы Басши ауылының азаматымен отау құрып, орталықтан алыстағы өңірге келді. Содан бері тапжылмай ауылдық ауруханада еңбек етті. Зейнетке шыққан соң орнын жастарға берген. Кейіннен қызметкер жетіспей, бас дәрігер қайтадан ауруханаға шақырып, жұмыс істеуге көндіріпті. Қазір қолы жеңіл медбикені аумақтағы ағайын құрметтеп, іздеп келіп алғыс айтатын болған.

Ауыл тұрғындарының алғысына бөленген медбикені бүкіл аудан біледі. Ауғанстандағы әскери қызметі үшін бірнеше жауынгерлік медальмен марапатталған. Еңбектегі жетістігі еленіп, «Кербұлақ ауданының құрметті азаматы» атағын алған. Ел-жұртқа сыйлы, әулетіне аяулы. Даңқты медбике бүгінде ауылдық ауруханаға жолдамамен келген жас мамандарға ақылшы ұстаз да болып жүр. Өңірдегі ел өмірінің бір жарқын сәті осындай жандармен нұрлы екені даусыз.

 

Алматы облысы