Осыдан он шақты жыл бұрын Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының ғимаратында ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбында өңір активінің жиналысы өткені жадымда.
Мінберге алғашқылардың бірі болып шыққан жасы үлкен, тәжірибесі мол, беделі зор шаруашылық басшысы: «Қазір ауылда механизатор табу проблемаға айналды. Зейнет демалысына шыққандардың орнын басатын кадр іздеп әуреміз. Жастар тракторға жолағылары келмейді. Көпшілігі оңай жұмыс іздеп, қалаға қашып жатыр. Ауылда қалғандары селеңдеп бос жүреді. Ата-аналарының зейнетақысына тамақ асырайды. Бұл қалпымызбен ауыл шаруашылығын қалай көтереміз? Үкімет осыны неге ойламайды?!» деп, қара аспанды төндірді. Осы сарындағы әңгімені тағы бірнеше «штаттағы шешен» жалғастырып, «Бәленшекең дұрыс айтады, ауылдағы жастардың жұмыс істегілері келмейді» деп жарыса «жылап» жатты. Содан соң сөз кезегі Тайынша ауданындағы кейінгі кезде жақсы жетістіктерімен аты шыға бастаған «СТЕМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Звольскийге тиді.
«Мен жастар жұмыс істегілері келмейді деген пікір айтқан әріптестеріммен келісе алмаймын. Сіздер өз шаруашылықтарыңыздағы механизаторларға қанша жалақы төлейтіндеріңізді неге айтпайсыздар? Әрине, уақтылы жер жырту, тұқым себу, егінді арамшөптерге қарсы өңдеу, астықты жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін жанталасатын күрделі жұмысты 30-45 мың теңгеге (ол кезде 200-300 АҚШ доллары – К.М.) кім істегісі келеді?! Ал қазіргіден бес-алты есе көп жалақы төлесеңіздер, диқан боламын дейтін жас жігіттер табылатындығына кепілдік беремін. Мысалы, біз өз шаруашылығымызда мәселені осылай шештік. Сондықтан бізде ешқандай кадр тапшылығы жоқ. Жастарымыздың көбі ешқайда кетпей, туып-өскен ауылдарында қалып, жермен жұмыс істеп, табыс тауып, отбасы құрып, бақуатты өмір сүріп жатыр», деді Сергей Адамович.
Кейін кездесіп, сол жиынды еске түсіргенімізде ол: «Бұл әңгіменің сіз білмейтін жалғасы бар, – деп күлді. – Жиналыс аяқталған соң «жастар жұмыс істегісі келмейді» деп кейінгі ұрпаққа кінә таққан қадірменді ағамыз мені өзі іздеп келіп, көзін ежірейтіп: «Балақай, сен ендігәрі менің сөзімді бекерге шығарушы болма! Сен менің қасымда кімсің? Түсіндің бе?» деп жекіді. Міне, осылай қоғамдағы «ауа райын» жасайтын, яғни теріс пікір туғызатын «көкеміз» бар...».
Ол «көкені» мен жақсы білуші едім. Кейінгі кезде кеудесіне «нан пісіп»: «Мен – бүгінгі помещикпін» деп, мақтануды ұнататындығын байқағанмын...
Арада қыруар уақыт өтіп, сәті түскенде облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа «Ауылдық жерлерде жалақы неге төмен? Жастардың ауылда тұрақтамауының бір себебі осы емес пе?» деген сауал қойдық. Ол: «Жалғыз біздің өңірде ғана емес, республика бойынша да ауыл шаруашылығындағы орташа жалақы деңгейі төмен болып тұр ғой. Мұның себебі – біздің, яғни барлық деңгейдегі әкімдердің қолында ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы жалақыны көтеруге ықпал ететін заңды тетік жоқ. Қолымыздан келетіні – шаруашылық басшыларын жинап алып, осы жөнінде үгіт-насихат жүргізу ғана. Меніңше, қолданыстағы заңнамаға түзету енгізіп, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту қажет. Әйтпесе, мемлекеттен ондаған миллиондаған теңге субсидия алып отырған кейбір ірі шаруашылық басшыларының өздері де жұмыскерлерге 28 мың теңгеден кем емес жалақы төлесек болды деген пікірді ұстанады. Әрине, салықты көп төлемеу үшін бухгалтерия арқылы осындай мардымсыз жалақы мөлшерін ғана көрсетіп, жұмыскерлеріне қосымша жалақыны конвертке салып беретін қулар да табылады. Қалай дегенмен де, елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарамай болмайды», деген еді.
Елбасының тапсырмасымен ең төменгі жалақы мөлшері 2019 жылдан бастап 1,5 есе ұлғайтылып, 42 500 теңге болып белгіленді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы орташа жалақы деңгейі де біршама өсті. Алайда елдегі инфляция тоқтамай, тауар бағасы да ұдайы өсіп отырған қазіргі кезде бұл соманың да құны кемігендігі, яғни жеткіліксіз екендігі анық. Сол себепті жуырда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда былтыр ең төменгі жалақы мөлшері Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде Беларусьте – 6,7 пайызға, Ресейде 5,5 пайызға өскендігін атап көрсеткен. Үкіметтің депутаттарға берген ресми жауабында жалақының төменгі мөлшерін арттыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленетіндігі, бұл мәселе елдегі экономикалық жағдайға және мемлекеттік бюджеттің нақты мүмкіндіктеріне қарай қаралатындығы айтылған.
Дегенмен, өткен жылы еліміздегі орташа айлық жалақы деңгейі желтоқсан айында 233 мың теңгеден асқанын, ал ауыл шаруашылығы саласында 147 мың теңгеге әрең жеткендігін ескерсек, осы көкейкесті мәселе төңірегінде мықтап ойлану керек сияқты. Ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру үшін ел қазынасының молаюын күтіп, қол қусырып отыра берсек, ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқаты жақын арада жақсара қоюы екіталай. Сондықтан да халықты асыраушы салада қалыптасқан кемшін жағдайды жан-жақты зерттеп, оны жақсартудың соны тәсілдері мен ұтымды жолдарын ойластырған абзал.
Өйткені, қазір ауылдардағы әртүрлі меншік нысанындағы шаруашылықтардың басшыларының ішінде өздерін «бүгінгі помещиктерміз» деп санайтындар аз емес. Ондайлар «Мен – баймын, мен – Құдаймын» дегендей сыңай танытып, мейманасы тасып, жұртқа мұрнын шүйіре қарайтын, тіпті бюджетіндегі қаржысы шамалы болғандықтан, ірілі-ұсақты мәселелерді шешу үшін жергілікті кәсіпкерлерге жалынып-жалпайып жүретін ауыл әкімі түгіл, қолдарында қыруар билік бар аудан мен облыс әкімдерінің сөздеріне де онша құлақ аса қоймайтын жағдайға жеткен. «Бүгінгі помещиктер» өндірілген өнімді сатудан түскен табыстың қанша екендігін серіктестікке мүліктік пайлары мен жер үлестерін берген тұрғындарға және шаруашылықтың әр саласында еңбек етіп жүрген жұмыскерлерге жариялап, әділ бөліске салуды ұмытқалы қашан?! Есесіне өздері «арыстанның үлесін» алып, талайы долларлық миллионерге айналған. Ондайлар күзде ауылдағы әр отбасыға бір-екі қап ұн немесе мал жемдейтін шамалы астық беріп, «жарылқаған» кейіп танытады. Жыл қорытындысы бойынша жұмыскерлерге – сыйақы, пай мен жер үлесі иелеріне дивиденд төлейтін шаруашылық басшылары некен-саяқ.
Осы орайда еліміздегі демократияландыру процесі билікке ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласына, соның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына да қатысты болуға тиістілігін естен шығарып алған сияқтымыз. Ауылдық елді мекендердегі акционерлік қоғамдар мен әртүрлі серіктестіктердің жарғыларында жазылған талаптардың, жұмыскерлермен жасалған шарттардың, еңбек ұжымдарымен және кәсіподақ ұйымдарымен жасалған келісімдердің орындалуына жүйелі бақылау жасап отырған кім бар? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті қоғам құру мақсатын алға қойып отырған қазіргі уақытта Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері алтын бесік – ауылдағы осындай өзекті мәселелерге жете назар аударып, өңірлердегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолында барда қонышынан басып жүрген басшыларының жүгенсіздіктерін тыю, ауыл еңбеккерлеріне – лайықты жалақы, тұрғындарға жер үлестері мен мүліктік пайларына сәйкес әділ дивиденд төлеу мәселелерін шешуге бағытталған пәрменді шаралар мен заңнамалық өзгерістерді қарастырғаны жөн емес пе?
Жалпы, біздегі көптеген кәсіпкердің, соның ішінде «бүгінгі помещиктердің» де жұмыскерлерге мардымды жалақы төлемейтіндігінің бір себебі – олардың экономикалық жағдайы Қазақстаннан әлдеқайда төмен елдерден жыл сайын күнкөріс көзін іздеп келетін ондаған мың, ал тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, тіпті жүздеген мың еңбек мигранттарын арзанға жалдайтындығында. Өз елінде айына әрі салғанда 100 АҚШ долларына тең сомадағы жалақыны әрең табатын олар үшін біздің кәсіпкерлер ұсынатын 200-250 доллар мөлшеріндегі табыс – айтарлықтай нәпақа. Демек, өз еліміздің азаматтарының әл-ауқатын арттыруды ойласақ, шетелдерден ағылып келіп жатқан еңбек мигранттарының санын барынша шектеуді және жұмыссыз жүрген өз еліміздің азаматтарын, әсіресе, жастарымызды жұмысқа орналастырудың тиімді тетіктерін ойластыратын кез жеткен сияқты. Өйткені, қазір еліміздегі жұмыссыздар саны 450 мыңнан асып отыр.
Рас, жастарымыздың бір бөлігі жергілікті кәсіпкерлер ұсынатын жалақыны азсынатындығы белгілі. Бірақ оларды сол үшін «Жастар жұмыс істегісі келмейді» деп сөгуге бола ма? Өйткені, бүгінде бір ғана Оңтүстік Кореяда 10 мыңнан астам қазақстандық жас жігіттер мен қыз-келіншектер заңсыз жолмен жұмыс істеп жүргендігі белгілі. Олар «Азия жолбарысы» атанған, экономикасы жоғары дамыған елде жергілікті тұрғындар істегісі келмейтін ең қиын қара жұмыстарға жалданып, ай сайын орта есеппен 2 мың доллардай жалақы алады. Араларында тәулігіне 8 сағат емес, 12 сағат жұмыс істеп, қосымша 1 мың доллар табыс табуды ұйғарған жанкештілер де бар көрінеді. Міне, осылайша өз жағдайын ғана емес, елде қалдырып кеткен отбасысының қамын да ойлап жүрген жастарымызды жұмыс істегісі келмейтін жалқау, арамтамақ деп кінәлауға болады ма?!