Спорт әлемінде Жасұлан Қыдырбаевтың жұлдызы 2014 жылы жарқырай жанды. Жылқы жылы ауыр атлетикадан Алматыда өткен әлем чемпионатында 22 жастағы қазақтың нар тұлғалы жігіті қарсылас шақ келтірмей, 94 кило салмақ дәрежесінде бас жүлдені олжалады. Шыны керек, бұған дейін ересектер арасындағы дүбірлі додаларда көзге түспеген Қыдырбаевтан төрткүл дүниенің мықтылары жиналған жарыста ешкім дәл осындай орасан зор нәтиже күтпеген еді. Тіпті атағы алысқа жайылған зілтеміршілердің өздері таңданыстарын жасыра алмай, бастарын шайқап, оның мықтылығын еріксіз мойындады. Осылайша, Ж.Қыдырбаев әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ зілтеміршісі ретінде өз есімін еліміздің спорт тарихына алтын әріптермен жазды.
Жасұлан Қыдырбаев 1992 жылы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылында дүниеге келгенімен, оның балалық шағы Талғар қаласында өтті. Кезінде әкесі Балғабай мен анасы Айман жұмыс бабымен Алматының дәл іргесінде орналасқан осы шағын ғана шаһарға көшіп барған. Ол кезде болашақ чемпион алты жаста еді. Сол жерде мектеп табалдырығын аттап, балалық албырттықпен сан алуан спорт түрінің басын бір шалды. Әу баста жеңіл атлетикамен айналысты, көп ұзамай велоспортқа ауысты, кейіннен баскетболмен шұғылданды. Бұл үйірмелерде Жасұлан көп тұрақтаған жоқ. Уақыт оза балуандық өнерге аңсары ауды. Бірде еркін күрес, енді бірде грек-рим күресі үйірмелерін жағалап, әйтеуір біреуінен нәтиже шығаруға тырысты.
Жетінші сыныпты аяқтағаннан кейін Жасұлан Алматыға келіп, Қаркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа құжаттарын тапсырды. Ондағы арманы – грек-рим күресінің қыр-сырына қанығып, келешекте Дәулет Тұрлыхановтай атағы жер жарған балуан болу еді. Бірақ ондай бақ Қыдырбаевқа бұйырмады. Аталған оқу орнына түсе алмаған ол тауы шағылып, Талғарға қайта оралды.
«Қай спорт түрінің тізгінін ұстасам екен» деп Жасұланның санасын сансыз сұрақ шарлап жүрген шақта оның жанынан жанашыр ағасы табылды. Спорттың басы-қасында жүрген азаматтар Бекен Бекмұхамбетовті жақсы біледі. Кезінде ол ауыр атлетиканы серік етіп, спорт шебері атанды. Кейіннен жастарды баптады, мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқарды, Олимпиадалық даярлау орталығын басқарды. Міне, сол Бекен – біздің кейіпкеріміздің туған жиені. Ол Жасұланның ауыр атлетикамен айналысқанын қалады. Ағалық ақылын айтты, жөн сілтеді, бағыт-бағдар берді. Бекеннің уәжіне құлақ асқан бозбала келесі жылы мектеп-интернатты тағы да жағалады. Бұл жолы бағы жанып, талай дарынды жастарды тәрбиелеп шығарған оқу орнына қабылданды.
– Белді балуан болу бала кезімдегі арманым еді, – деп бастады өз әңгімесін Жасұлан. – Алайда күрес үйірмесіне қабылдамаған соң амалдың жоқтығынан ауыр атлетикаға баруға мәжбүр болдым. Алғашында «Оқу жылы аяқталғанша жүре тұрайын, одан кейін балуандардың қатарына қосыламын ғой» деп ойладым. Бірақ уақыт оза спорттың бұл түріне деген ерекше бір қызығушылық пайда болды. Ауыр атлетикаға аңсарым ауды. Оның үстіне, нәтижем де жылдан-жылға жақсара түсті. Бірте-бірте жақсылап тұрып жаттықсам, керемет көрсеткіштерге қол жеткізе алатынымды сезіне бастадым. Содан ауыр атлетикада қалдым.
Аталған оқу орнын аяқтаған соң Ж.Қыдырбаев Республикалық спорт колледжінде оқыды. Сол кездері өз қатарластары арасында еліміздің екі дүркін чемпионы атанды. Жастар арасында Азия біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Дарынды зілтемірші елеулі табыстарға қол жеткізгеніне қарамастан, Алматы қалалық спорт басқармасы тарапынан оған еш көмек көрсетілген жоқ. Тіпті елеген де ешкім болмады. Содан Жамбыл облысынан ұсыныс түсті. Ол жақта осы саланың басы-қасында жүрген Манарбек Ақайдаров, Ернар Ибрагимов, Мирасхан Қожахметов сынды азаматтар барынша қолдау көрсетті. Айлыққа қойды, жатақхана мәселесін шешті, қажетті киім-кешек және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Бір сөзбен айтсақ, еш алаңсыз даярлануына қолайлы жағдайдың барлығы жасалды. Осындай қамқорлықтың арқасында Қыдырбаевтың көрсеткіші жақсара түсіп, 2011 жылы ол қатарынан екінші мәрте Азия чемпионы атанды.
– Ересектер дуына қосылғанда мен дәл бір қасқырдың апанына түскендей болдым. Өйткені 94 кило салмақ дәрежесінде кілең ығай мен сығай жиналған еді. Шетелдік спортшыларды айтпағанда, Қазақстанның өзінде мықты бәсекелестік белең алып тұрды. Илья Ильин, Владимир Седов, Алмас Өтешов... қай-қайсын алсаңыз да нағыз «сен тұр, мен атайындар». «Қыдырбаев келді екен» деп олардың ешқайсы оңайлықпен жылы орындарын босата қоймасы анық. Бірақ мен қатты қобалжи қойған жоқпын. Кіммен болса да, аянбай айқасуға даяр болдым. Өйткені жаттығу залында көп тер төгіп, ерінбей еңбектендім. Ал есіл еңбектің еш кетпейтіні белгілі ғой. Ерте ме, кеш пе, бір қайтарымы болуға тиіс. Күш-қуатымның да ешкімнен кем емес екеніне күмән келтірмедім. Содан тәуекелге бел будым да іске кірістім, – деп кейіпкеріміз өткенді еске алды.
2014 жылдың қараша айында Алматыда әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Төрткүл дүниенің әр қиырынан тау көтерген толағайлар Алатау баурайында бас қосты. 94 кило салмақ дәрежесінде Қазақстанның намысын екі спортшы қорғады. Олар – әлем чемпионы Владимир Седов пен ересектер дуына енді ғана қосылған Жасұлан Қыдырбаев. Олардан бөлек, шет мемлекеттерден келген бір шоғыр жұлдыздар тағы бар. Бәрінің де атағы алысқа жайылған, бәрінің де даңқы төске өрлеген. Міне, жастар арасында Азия біріншілігінің екі дүркін чемпионы деген елеусіз ғана атағы бар қазақтың ұлына осындай мықтылармен тіресуге тура келді.
Жұлқа көтеру жаттығуында Владимир Седовқа тең келер ешкім табылмады. Жерлесіміз 188 килолық зілтемірді еркін еңсеріп, Олимпия ойындарының үш дүркін чемпионы грекиялық Акакиос Какиашвилистің талай жылдар бойы мұрты бұзылмай тұрған әлемдік рекордын жаңартты. Литваның мақтанышы Ауримас Дидзбалис екінші орынды иеленді. Оның көрсеткіші – 185 кило. Ал Жасұлан Қыдырбаев 179 килолық нәтижемен үшінші сатыға табан тіреді.
– Бірде ресейлік басылымдардан Ирина Роднинаның сұхбатын оқыдым, – деп жалғастырды әңгімесін Жасұлан. – Мәнерлеп сырғанаудың жұптық сайысында Олимпия ойындарының үш дүркін чемпионы деген атағы бар әйгілі спортшының «Жаттығу кезінде немесе жарыс барысында болсын өзіңді еркін сезін. Еш қобалжыма, асықпа, аптықпа. «Бүгін мені ешкім тоқтата алмайды» деп өз-өзіңді іштей қайра. Өзіңе тым сенімді екеніңді қарсыластарың да сезінсін. Сонда олардың жүйкесі сыр беріп, сенен қаймыға бастайды. Ал қобалжып тұрған адамның міндетті түрде қателікке ұрынатыны анық. Мұны «психологиялық шабуыл» дейді. Осындай қитұрқы әрекеттер көп жағдайда өз жемісін береді», деп айтқаны бар. Алматыда мен дәл осы тактиканы ұстандым. Жаттығудың екінші түрінде өзгелер батпан темірді алма-кезек көтеріп жатқанда мен біразға дейін әліптің артын бақтым. Ортаға шығуға асықпадым. Спортшылардың тең жартысы жарысты аяқтағаннан кейін барып қана алғашқы салмаққа тапсырыс бердім.
Алғашқы сайыста басты қарсыластарынан көп қалып қойған қандасымыз серпе көтеруде барын салды. Бастапқыда 215 килолық зілтемірді көтерсе, екінші рет 221 килоны еңсерді. Қытайлық Лю Хаоның да нәтижесі дәл сондай еді. Алайда ол жұлқа көтеруде қандасымыздан біраз қалып қойған. Владимир Седов 219 және белоруссиялық Вадим Стрельцов 216 килолық межеге келіп тоқтады. Литвалық Ауримас Дидзбалис 214 киломен шектелді. Сонымен, Қыдырбаевтың тағы бір мүмкіндігі қалды. Егер ол тағы екі-үш кило салмақты еңсерсе, күміс медальға қол созатын еді. Бірақ «Не бел кетеді, не белбеу үзіледі» деген қағиданы қаперіне түйген қазақтың қайсар ұлы тәуекелге бел буды. Ол Седовтан сегіз кило артық салмаққа тапсырыс берді. Жасыратыны жоқ, ол кезде қазақстандық спортшының зіл батпан темірді көтере алатынына ешкім сенбеді. Тіпті телеарналардың бірінен тікелей репортаж жүргізіп отырған орыс комментаторының «Это из области фантастики!» деп келемеждеп сөйлегені де есімізде. Онысы бекер екен. Маң-маң басып ортаға шыққан Жасұлан 229 килолық зілтемірді аспанға бір-ақ атты. Сол кезде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған сан мың адамның айғайы залды дүр сілкіндірді. Қуаныштарын жасыра алмаған жанкүйерлер бір-бірін құшағына қысты. Ал көгілдір экранға көз тіккен миллиондаған көрерменнің қандай күй кешкенін айтудың өзі қиын... Нәтижесінде, қандасымыз қоссайыстың қорытындысы бойынша 408 килолық көрсеткішпен бас жүлдені жеңіп алды. Осылайша, Жасұлан Қыдырбаевтың есімі қазақ ауыр атлеттері арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды.
Әлем чемпионы атанғаннан кейін Жасұланның беделі күрт артты. Жамбыл облысының атқамінер азаматтары «темір тұлпар» сыйлады. Ел-елде, жер-жерде барынша сый-құрмет көрсетілді. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар ақ батасын берсе, аға-інілері алғысын жаудырды. Ең бастысы, Алаш жұрты алақанына салып аялап, зор қошемет көрсетсе де, Жасұлан даңдайсып кеткен жоқ. Иманы берік азамат сабырлы қалпынан еш айнымады. Балғабайдың ұлы қазақтың қарапайым баласы болып қала берді.
2015 жылғы әлем чемпионаты АҚШ-тың Хьюстон қаласында ұйымдастырылды. Бұл жарыста 94 кило салмақ дәрежесінде Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев сынды қазақтың қос қыраны өнер көрсетті. Техас штатында орналасқан аталған шаһарға біраз қазақ қоныстанған екен. Жарыстың басынан аяғына дейін сол азаматтар спортшыларымызға барынша қолдау көрсетті. Зәулім спорт кешенінің әр бұрышында қазақтың Көк байрағының желбірегені біздің жігіттерді желпіндіре, жігерлендіре түсті. Жарыстың қорытындысы бойынша жоғарыда есімдері аталған қос бірдей саңлағымыз да жеңіс тұғырында марқайып тұрды. Алыстағы Америкада Алмас күміспен күптелсе, Жасұлан қола медальді мойнына ілді. Ал бас жүлде белоруссиялық Вадим Стрельцовтың еншісінде кетті.
Әлем чемпионы, дүниежүзілік доданың қола жүлдегері деген дардай атағы бар Жасұланның ендігі мақсаты 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанатын Олимпия ойындарында өнер көрсету еді. Ол ғаламдық додада Қазақ елінің әнұранын шырқатып, Көк туын көкте желбіретуді аңсады. Бірақ ондай бақ Қыдырбаевқа бұйырмады. Дәл сол тұста Қазақстанның бір топ ауыр атлетіне «допинг қолданды» деген айып тағылып, олар түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетілді. Солардың арасында Жасұлан да бар болатын. Ол өзінің сүйікті ісінен сегіз жылға алыстатылды.
– Бұл жайсыз жаңалық бізге аспаннан жай түскендей әсер етті, – деп әлем чемпионы бір күрсінді де әңгімесін одан әрі сабақтай түсті. – Рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті ешқайсымыз да қолданған емеспіз. Өзіміздің таза екенімізді дәлелдеу үшін Халықаралық соттың да көмегіне жүгіндік. Өкінішке қарай, бұл әрекетімізден еш нәтиже шықпады. Осылайша, Олимпиадада атой салсақ деген асқақ арманымызбен қош айтысуға тура келді. Әрине, алғашында мен де қатты қиналдым. Талай жылғы еңбегімнің еш кеткеніне күйіндім. Бірақ «Уақыт бәріне емші» деген аталы сөз бекер айтылмаған ғой. Жылдар жылжыған сайын өкініш ұмытылып, өмірге деген көзқарасымыз өзгерді. Бұл жалғанда чемпион болудан басқа да құндылықтар бар ғой. Аллаға шүкір, денім сау, он екі мүшем дін-аман. Отбасым бар, бала-шағам өсіп келеді. Туған-туыстарым, етжақындарым жанымда. Өзім жаспын, күш-қуатым бойымда. Жоғары оқу орнында білім алдық, өмірде көргеніміз, білген-түйгеніміз бар. Осының барлығын ой елегінен өткізе отырып, басқа салада да еңбек етіп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлесімді қосуға бекіндім. Осылайша, зайыбым Меруерт екеуміз жаңа өмірге қадам бастық.
Ауыр атлетикамен қош айтысқаннан кейін Жасұлан талай кәсіптің тұтқасын ұстады. Алғашында зайыбы екеуі сауда-саттықпен айналысып, отбасылық шағын кәсіптерін өрге домалатты. Кезінде өзі білім алған Қаркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта директордың орынбасары болды. Басқа салаларда да бағын сынап көрді. Ақыры айналып келіп, өзінің сүйікті ісіне қайта оралды. Бұл күндері әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев Алматы қаласындағы спорт клубтарының бірінде жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүр.