• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Наурыз, 2021

Елді елге, жолды жолға жалғаған

577 рет
көрсетілді

Бір жүрген жан азабын оңайлықпен ұмыта қоймайтын «Қызылорда – Жезқазған» жолы еліміздің оңтүстік аймақтарын орталықпен байланыстырып тұрған ұлы сорап. Республикалық маңызы бар трасса деген аты ғана, көп жылдан бері жөндеу көрмеген жолдың кейбір үзіктерінде ертеде төселген асфальттың жұқанасы ғана қалған. Жезқазғанға дейінгі 400 шақырымның әр бұрылысын жаттап алған жүргізушілердің айтуынша, күре жолдың Қызылорда облысына қарасты бөлігінің жағдайы жаман емес. Ал 120 шақырымдық аумаққа тіпті қиыршық тас та төселмеген, көктем мен күзде жол табаны ми батпаққа айналып шыға келеді.

Ел экономикасындағы маңызы жоғары жол осыдан жарты ғасыр бұрын түскен. Сексенінші жылдары Қызылорда бөлігіндегі 127 шақырымға Маңғыстау өңірінен әкелінген битум төселді. Бірақ содан бері талай мәрте мәселе ретінде көтерілгенімен де, аграрлы аймақ пен мысты өңірді жалғаған жол елеусіз қалып келді. Соған қарамастан, мыңдаған көлік жүргізуші осы бағытпен жүргенді дұрыс көреді. Шу бағытына қарағанда бұл жол Қызылорда мен Нұр-Сұлтанның арасын 700 шақырымға жақындата түседі. Сондықтан қыстың күндері бұл жолмен жолаушы тасымалдағандар жүрсе, күн жылына оңтүстіктен орталыққа ауыл шаруашылығы мен бақша өнімдерін, құрылыс материалдарын тасыған көліктер керуені жолға шығады. Мамандардың айтуынша, күре жолмен тәулігіне 1 мыңнан астам көлік қатынайды.

Сырдың бас қаласы мен кеншілер шаһарының аралығы «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» деп аталатын күре жолдың бір бөлігі. Осыған дейін жыл аралатып «Жөндеуге қаржы бөлінетін болды» деген жақсы хабар дүркін-дүркін естілгенімен, күре жол кейпі өзгере қойған жоқ. Көлігі бұзылып жолда қалғандарды қинайтыны – ұялы байланыстың жоқтығы. Жолай өткен біреу жәрдем бермесе, ескі жырдағы ер Төлегенге ұқсап аспандап ұшқан алты қаздан сәлем айтудан басқа амал жоқ. Бұл құтқарушылар үшін де қиын тиіп отыр.

 – Бізге көбіне жолда қалған көліктер жайлы хабарды жүргізушілер жеткізеді, – дейді Қызылорда облыстық ТЖД бастығының орынбасары, полковник Сайд Молдақараев. – Егер байланыс болса, жолаушының қандай жағдайға душар болғаны тез анықталар еді. Жолда қалғандарға көмек көрсетуде уақыттан да ұтылмас едік.

Жолдағы медициналық құтқару пункттерінің жоқтығы да оқыс жағдайға ұшырағандарға жедел көмек көрсетуге қолбайлау болып отыр. Мамандардың дерегінше, Қызылорда мен Жезқазған арасында 2018 жылы 2 жол-көлік оқиғасы болып, 2 адам зардап шеккен, 2019 жылы екі апаттан бір жолаушы қайтыс болып, екеуі жарақат алған. Былтырғы 3 оқиғадан 4 адам зардап шегіп отыр. Жалпы, «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» бойында соңғы 5 жылда жүздеген апат болған.

Сөз басында айттық, жолдың Қызылорда облысына қарасты бөлігінің жағдайы жақсы. 127 шақырымында асфальт бар, қалған 60 шақырымына қиыршық тас төселген. «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы мамандары осы аумақты ішінара жөндеп, қоқыс пен қардан тазартып, жол белгілерін орнатып, күтіп ұстап отыр.

Жуырда филиал ұжымы ұзақ жылдан бері айтылып келе жатқан мәселенің шешімі жақын қалғанын хабарлады. Филиал директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай «Қызылорда – Павлодар – Успенко – РФ шекарасы» автомобиль жолының Қызылорда – Жезқазған бөлігіндегі 12-215 шақырымы аралығын қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалғанын айтып отыр.

«Қазжолжоба» мен «Семжолжоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жобалаған жұмыстар аясында бұрын облыста қоғамдық тыңдаулар өткізілген. Мамандар ұсынысы мен тұрғындардың пікір-пайымы екшелген жоба бойынша жолдың ені ұзарып, 9 метрге жетеді.

– Сонымен қатар, Қызылорда қаласына толығымен жарықтандырылған айналма жол салып, «Қызылорда – Жезқазған» күре жолының ұзындығы 204 шақырымдық қайта жаңғыртылатын бөлігінде ауыл шаруашылығы техникалары мен үй жануарларына арналған өткелдер, 3 көпір, 2 аралық бақылау аркасын, демалыс алаңдары мен мал өткелдерін салу қарастырылған. Құны 106 млрд теңге болатын жоба 3 жылға жоспарланған, – дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ш.Мырзабай.

Қазір 204 шақырым бойында жасалатын жұмыс 6 лотқа бөлініп, сараптамадан өтіп, дайын тұр. Жақын арада облысқа жобаны қаржыландыратын Еуразиялық даму банкінің өкілдері келіп, аймақ басшылығымен кездесу өткізеді. Осылайша, өңір жұрты үшін аса бір өзекті мәселе өз шешімін тапқалы тұр.

 Мамандар жолдың жаңғыруы аймақ дамуына ерекше бір серпіліс беретініне сенімді. Автомагистраль елдің оңтүстігі мен орталығын, Ресей Федерациясын тікелей байланыстырып, Сыр өңіріне инвестиция тартудың аясын кеңейтеді, туристік әлеуетін арттыра түседі. Жүк тасымалы көлемінің артуы өңірде кәсіпкерліктің өрістеуіне сеп болады.

«Арқан бойы соқпақтың тұсау бойы төтелігі бар» деген. Қазір бұл жолмен көршілес Түркістан облысының азаматтары көп қатынайды, ара-тұра жолаушылар арасынан Өзбекстан елінің азаматтары да бой көрсетіп қалады. Егер жол дұрысталса, көрші мемлекеттен ағылатындар қатары аз болмайын деп тұр. Бұл да – облыс үшін үлкен мүмкіндіктің көзі. Мамандар осы бастама жүзеге асып жатса, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кездесулерде айтылып қалып жүрген Қызылорда – Бұқара бағытындағы халықаралық жол құрылысы туралы мәселені көтеруді жөн санайды. Әрине, ол – ертеңгі күннің еншісіндегі іс. Түйіндей айтқанда, Сыр жұрты елді елге, жолды жолға жалғаған жобаның келешегінен көп үміт күтеді.