• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Наурыз, 2021

Апатты үйлер мұнайлы Атыраудың абыройына сын емес пе?

4585 рет
көрсетілді

Қазақ жеріндегі «қара алтынның» алғашқы тамшысы 1899 жылы Атырау облысындағы «Қарашүңгіл» кен орнынан алынған еді.

Содан бері 122 жыл өткенімен, қазыналы аймақтан мұнай өндіру ісі әсте толастаған жоқ. Көмірсутекті шикізатының молдығымен әлемге әйгіленген «Теңіз», «Қашаған» секілді жаңа кен орындары игеріліп жатыр.

Тіпті бұл өңірге табан ізі тимеген жұртшылықтың арасында да, биік-биік мінберлерден жүрек тебірентер жалынды сөз айтатын шенеуніктердің ұғымында да «Атырау – мұнайлы астана» деген түсінік қалыптасқан. Алайда бұл өңірде әлеуметтік мәселелердің түйіні толығымен тарқатылды дегенді білдірмесе керек.

Өзге өңір тұрғындары үшін мұнайлы өңірде барлық әлеу­­­меттік мәселе шешімін тап­қандай көрінуі мүмкін. Десек те, Аты­рауда да бүгінгі өрке­ниеттің игі­лігі – ауыз сумен, электрмен қамтамасыз етуде қор­даланған қиындық әлі де бар. Көңілге қонымды жалақысы бар жұмыс із­деген ауылдағы ағайынның об­лыс орталығына қоныс ауда­руымен тұрғын үй кезегіне тұр­ғандар көбейді. «Көгілдір отын» қызы­ғын көрмей, қидың қызуы­­­мен пеш жылытып, тамақ пісіріп отырған ауыл тұрғын­дары­­ның жаны сірі ғой, шіркін! Ал апатты үйдің азабын тартқан­дар ше?

Мәселен, Атырау қаласында көп қабатты 67 үй апатты деп танылып отыр. Ал алғашқы мұнай тамшысы алынған Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының орталығындағы апатты үйдің 30-ға жуық тұрғыны об­лыстық әкімдікке шағым айта келді. Олар 1988 жылы бой кө­тер­ген бес қабатты 60 пәтерлік үйде тұрады. Пайдалануға беріл­геннен бері бірде-бір рет жөндеу жүргізілмеген, үйде тұру мүмкін емес.

– Біз тұратын үй 2018 жы­лы апатты деп танылды. Содан бері басқа баспанаға көше алмай отырмыз. Себебі, Құл­сары қаласында бастапқы нарық­тағы тұрғын үй жоқ. Ал, жергі­лікті әкімдік оны екін­ші нарық­тан өзімізге табуды ұсынды. Ке­ліс­­сөздерден кейін әкімдік 1 бөл­мелі пә­тер­ге – 4 млн, екі бөлмелі пәтерге – 6 млн, үш бөлмелі пәтерге – 8 млн, 4 бөлмелі пәтерге 10 млн теңге бөлетін болып еді. Шындығында, Құлсарыда да тұрғын үй бағасы қымбаттады. Бірақ қолжетімді ба­ғаға тұрғын үй іздей бастадық. Тұр­ғын үй сатушылармен саудаластық. Кейбірі же­тпей қалған сомаға несие алды. Құ­жат­та­ры­мызды тапсыра бастадық. Алай­да бәрі біз ойлағандай болмады, – дейді апат­ты үй тұрғындарының бірі Жадыра Арыстанғалиева.

Оның айтуынша, жемқорлыққа қарсы қыз­меттің өкілдері ұсынылған тұр­ғын үй­дің бағасына зерттеу жүргізіпті. Содан соң аудандық әкімдікке бюджет қар­жы­сын үнемдеу туралы ұсыныспен хат жолдапты.

– Олар әр пәтерден 1 млн теңге үнем­деу­ді ұсынған. Ал 3 млн теңгеге бір бөлмелі пәтерді қайдан табамыз? Бұл – ақылға қонбайтын баға. Біз – Құлсары қаласындағы 60 пәтерлік №27 үйдің және вокзал маңындағы 16 пәтерлік үйдің тұрғындарымыз. Үйлеріміз апатты деп та­нылды. Бұрын шағымданған жоқ едік. Үй­дің апатты деп танылуын сегіз жыл күт­тік. Пәтеріміз суық, қабырғалары құ­лайын деп тұр. Кішкентай балалары бар отбасылар амалсыздан басқа үйді жал­дап тұрып жатыр, – дейді Ж.Арыс­тан­ғалиева. – Біз аспандағы айды сұрап тұр­ған жоқпыз ғой. Дұрыс жағдайда өмір сүргіміз келеді.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл департаментінің басқарма бас­шысы Жәнібек Қаражановтың мә­лім­де­уінше, ақпанда Жылыой аудан­дық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық бөлімі жариялаған мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізілген. Алайда ашық конкурста сатып алынатын 50 пә­тер­дің бағасы нарықтық құнынан жо­ғары болып шыққан. Соған орай әкім­дік­ке тиіс­ті хат жолданып, бағаларды қайта қа­рау ұсынылған.

Мұндай апатты үйдің азабын көріп отырған тұрғындар Мақат ауданында да бар. Мұнайшылар кенті атанған Доссорда жарты ғасыр бұрын салынған апатты үй­дің іргетасы шөгіп, шатыры ұшып кет­кен. Соның кесірінен үй ортасынан екіге бөлініп тұр. Осы үйде Асылтек есімді азаматтың отбасы үш жылдан бері тұрады. Бес баласы бар отбасы 25 шаршы метрді паналауға мәжбүр болып отыр. Өйткені бұдан басқа барар жердің ретін таба алар емес.

Тозығы жеткен үйдің қақ айырылған қабырғасын таспен қалап, пена құйып қойған. Балшықпен сылап, жөндеу жасағандай болғанымен, қаупі сейілер емес. Себебі шатыры тесіліп, электр же­лісі әбден тозған. Жиі тұйықталған электр желісіндегі өрттің кесірінен теле­ди­дары мен тоңазытқышы істен шығып­ты. Арнайы жуынатын бөлмесі жоқ.

– Жаз кезінде қорлықты жарқанаттан көретін болдық. Өйткені қабырғаның жарығынан түнде жарқанат кіреді. Таң атқанға дейін балаларымызды қорғау үшін жарқанатпен алысамыз, – дейді Асылтектің жары Жаңыл Аяпбергенова.

Ал Мақат ауданының орталығы – Мақат кентіндегі апатты үйдің бірінің бой көтергеніне 94 жыл болыпты. Оны ХХ ғасырдың екінші онжылдығында мұнай іздеуге келген ағылшындар тұрғызған. Тұрғын үйдің жартысы құлап қалған. Қазір мұнда қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады.

– Бұл үй 1927 жылы салынған ғой. Бұған 1981 жылы көшіп келдім. Үйге қосымша бөлме салып алдық. Екі бөлмесі құлап жатыр. Әкімдік «тұрғын үйді келесі жылғы желтоқсанда береміз» дейді. Оған дейін тұра беруіміз керек екен. Апатты үйде қанша жыл тұрамыз? – дейді зейнеткер Нағима Сәкетова.

Өңірде апатты үйлер санының азаймауы әрине мұнайлы Атыраудың абыройы­на сын екені даусыз. Мәселен, Атырау қаласында осындай 67 үй тіркеліпті. Ал Мақат ауданында құлау қаупі төнген 102 үй бар. Апатты үйлерде әр күнін, әсіресе әр түнін қауіппен өткізетін тұрғындардың бұл азаптан қашан құтылары белгісіз болып отыр.