Мыңдаған жыл бойы ұлы өркениеттердің мекені болған қаншама орталық жермен жексен болды. Әрине, соның дені адам озбырлығынан. Әлемнің білім ордаларына айналған Бағдат, Шам сынды мәдени ошақтардың да күлі көкке ұшты. Солардың сақталып, бүгінге дейін жеткендері ірі туризм орталықтарына айналды. Соның бірі – Анадолы, қазіргі Түркия жері.
Түркия мозайкалық мемлекет болғандықтан, Византия мен гректерден қалған тарихи жерлерін жаппай туристік аймақтарға айналдырды. Әсіресе 2000-2010 жылдары қарқынды дамыды. Қазіргі кезде жыл сайын әлемнің саяхатшыларының 46% ағылатын көрікті мекен. Өйткені адамзаттың қысқаша мазмұнынан сыр шертетін шамада көптеген дін мен мәдениеттің қалдықтары бар. Сондықтан қысқа немесе ұзақ мерзімді сапарға келген туристер Түркияның табиғи активтерінен, ерекше сұлулығынан бөлек тарихи байлығын да көруге асығады. Онда өткеннің бедерлі іздері жатыр.
Әуелі жалпылама түсінік ретінде әлем елдерінің туризмге деген көзқарасын үш деңгейге бөліп, қарастыруға болады. Мәселен, бірінші деңгейге мемлекеттік кіріс көзінің басқа салаларынан жиналатыны себепті туристерге аса мұқтаждық танытпайтын елдерді, екінші деңгейге туристік мұқтаждық бойынша саяхатшылар ұдайы сол елге ағылатын және үшінші деңгейге туристерден түсетін ақшаны қажет ететін, бірақ елдегі күрделі мәселелерге байланысты мемлекет репутациясының төмендеуінен қонақтар өте сирек баратын мемлекеттерді жатқызуға болады.
Бірінші деңгейге Қазақстан, Түрікменстан, Канада, Ресей сияқты қазба байлық арқылы негізгі табыс тауып отырған елдер кіреді. Ал екінші деңгейге International SOS компаниясының 2021 жылғы интерактивті картасына сәйкес саяхатшылар үшін қауіпсіз және ыңғайлы елдерге Англия, Швейцария, Дания, Финляндия, Словения, Норвегия, Гренландия, Түркия жатса, үшінші типке Сирия, Орталық Африка Республикасы, Ауғанстан, Ливия, Ирак және Сомали сияқты қауіпті мемлекеттер енген. Сондықтан Түркия саяхаттық ұран ретінде «Мәдениетсіз туризм мен философиясыз мәдениет болмайды» деген қанатты сөзді берік ұстанған.
Егер мәдениет философиясы теориядан қолданысқа ауысатын болса,туризмде экономикалық жоғарылау басталады. Мәдениет деп отырғанымыз аристократтық сана немесе мырзалық деңгей емес, қарапайым ғана бизнес жүргізу жолындағы мақсат пен ұстаным. Сол идея әрбір түрік кәсіпкерінің санасына мызғымастай орныққан. Соның арқасында қызмет көрсету сапасы жоғары бағаға ие. Себебі түріктерде алыпсатарлық ой мен бір жолғы пайда тауып қалу емес, ұзақ мерзімді жобалау қалыптасқан.
Егер бір түрік азаматы қонақты алдаса, мемлекеттік қалыптасқан ойға нұқсан келеді деп есептейді. Мысалы, дүкенге қонақ кірсе тегін шай беріп, тәттіден дәм татқызып, клиентінің көңілін өзіне аударып болғаннан кейін ғана тауарын сата бастайды. Бұл – маркетингтік тәсіл. Алайда олар мұны әдеттік деңгейге көтеріп алған. Яғни қонаққа ілтипат көрсету борышымыз деп есептейді. Себебі Түркияда көрсетілген әрбір қонақжайлық елдің атағын шарықтатады. Әлбетте, мұны патриотизм деуге де келетін шығар.
Климаты да жайлы болғандықтан, ол жақта қысы-жазы турист үзілмейді. Көктем мен жазда оңтүстік жағындағы жағажайлары, күз бен қыста солтүстіктегі тарихи жерлері туристерге есігін айқара ашады. Былтыр күзде пандемия бәсеңдей бастаған кезде Орталық Азия елінің туристері Ыстанбұлға ағылды. Ыстанбұл Мәрмәр мен Қара теңізді ұштастырып, Византиядан қалған құнды жәдігер ретінде Еуропа мен Латын Америкасын да өзіне тартып тұрады.
Демек Түркия заманауи және тарихи жерлері арқылы өзіне ынтықтырып отыр. Ал арабтар заманауи және жасанды көл, құмға ағаш отырғызу сынды табиғатты жасауды шығарды. Дубайды дамытып болып, Әбу-Дабиді көркейте бастады. Мұнайға бай араб түбегі күндердің бір күні қазба байлықтың маңызы жоғалатынын, арзандап кететінін біліп отыр. Соны түсінген Сауд Арабиясы да Меккеден басқа қалаларға турист қабылдауды бастады. Соңғы жылдары Джидда қаласына қызығушылардың саны артты.
Осылайша кейбір ғылыми тұрғыда алға дами қоймаған елдер туризмді ілгерлетуді бастап кетті. Себебі жыл өткен сайын шетел аралау қалыпты дәстүрге айналып барады. Аздаған қаражатпен-ақ діттеген жерге жетіп алуға болады. Интернеттің дамуы да осы салаға оң әсер етті.
Түркістанда Бакудің орталығындағы тарихи қала сияқты Сауран ауданы салынды. Ал енді табиғатта демалғысы келетіндер үшін еліміздің Швейцариясы болған Катонқарағай гүлденсе, заманауи қала керек болса Нұр-Сұлтан мен Алматыдан өзге қалалар да бой көтерсе, ең бастысы соларды жалғап тұратын әуе және темір жолдары дамыса, құба-құп болар еді.
Дүниежүзілік экономикалық форумның 2019 жылғы нәтижесі бойынша туризм мен саяхат сарапшылары 1 млн турист қабылдаған Қазақстанды 80-орынға қойған. Ал сол жылы Моңғолия 577 262 турист қабылдаған. Ол 2018 жылға қарағанда 9%-ға өскен. Демек айналасы 4-5 жылда Моңғолия Қазақстанды басып озады деген сөз. Әрі Моңғолияға әлемдік жұлдыздар барып демалады. Мысалы, 2016 жылы Леонардо Дикаприо Оскар сыйлығын алған кезде Гавайға емес Ұлан-Батырға барып, қымыз ұрттап демалған еді. Соның өзі Моңғолияға үлкен бренд болды.
Біздің халықтың турист емес, түр-сипаты басқа адам көрсе, жақтырмай қарайтындары өтірік емес. Сондай келеңсіздіктерді жою үшін көзді үйрететіндей, қонаққа деген сыйластықты арттыратындай, туристерді тартатындай жүйе іске асса деген уәж бар. Сол үшін алдымен халықтың және кәсіпкерлердің санасына жоғарыда айтқан туризм философиясын сіңірген жөн.
Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ