Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мектеп салу мәселесін қозғап, биыл 40 мыңнан астам оқушы орны ашылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қарқынды дамып келе жатқан қалада әлеуметтік нысандарды белсенді түрде салу қажет. Оның ішінде оқу орындары да бар. Елордамыздың барлық аудандарында мектеп салу бойынша нақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Бірқатар оқу орындарының құрылыс барысымен таныстым. Мысалы, жаңа вокзал салынып жатқан ауданға (Алматы ауданы) мектеп қажет болатын – онда МЖӘ шеңберінде үлкен орта білім беру ғимаратын салып жатырмыз. Екі ауысымда 4 мыңға жуық оқушы оқиды. Сондай-ақ, Есіл ауданында (Бұхар Жырау көшесі және №38, Nova City ауданы) мектеп құрылысының барысымен таныстым. Ондада екі ауысымда 4 мың оқушы оқиды.
Мектептерді қаланың басқа аудандарында да салып жатырмыз. Биыл 16 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұл тек осы жылдың өзінде 40 мыңнан астам оқушыларды оқумен қамтуға мүмкіндік береді. Өткен жылмен салыстырғанда оқушы орындарының саны 2 есе, ал 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе артты.
Мектептер қажеттілік бар, халық тығыз орналасқан аудандарда салынады. Бұл үш ауысымды оқыту, тығыздалған режимі бар мектептер санын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Мектеп құрылысына да жеке инвестиция тартамыз. Инвестициялық кеңестерде 30-дан астам жеке меншік мектеп құрылысы қолданды.
Құрылыс сапасы, абаттандыру, мектептерге кірме жолдарды қамтамасыз етумен қатар, мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуына, білікті кадрлар даярлауға ерекше назар аударуды тапсырдым. Біздің тарапымыздан жасалатын жағдайлар балаларға сапалы білім беруге көмектеседі», деп жазды елорда әкімі.