Сәуірден бастап Қазақстандағы жылу-электр стансаларында тарифтің шекті деңгейі орташа есеппен 15%-ға қымбаттайды. Энергетика вице-министрі Қ.Рахымовтың айтуынша, бұған кен орындарындағы көмір бағасының қымбаттауы, сондай-ақ 70-ші жылдары іске қосылған энергетикалық нысандардың тозуы әсер етіп отыр.
Ведомство өкілі еліміздегі 45 энергия өндіруші ұйымның 37-сінде шекті тариф мөлшері өсетінін айтты. Алғашқыда тариф 36% деңгейінде ұлғаяды деп болжанған. Десе де жарты жыл ішінде берілген өтінімдерге талдау жүргізіліп, талқылаулардың нәтижесінде оның құны екі есеге төмендетілді деді министрдің орынбасары.
«Қазақстандағы энергетикалық нысандардың басым бөлігі XX ғасырдың 60-70-ші жылдары пайдалануға берілген еді. 2020 жылдың қорытындысына сәйкес, республикалық энергетикалық активтердің тозуы 53%-ды құрап отыр. Сәйкесінше, генерация секторындағы негізгі шығындар оларды жұмыс жағдайында ұстап тұруға бағытталып, көптеген стансадағы кіріс мөлшері нақты шығындардан төмен болды. Электр стансаларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасы алаңдаушылықты тудырып отыр. Бұл бірінші кезекте қаражаттың жеткіліксіздігімен байланысты. Өкінішке қарай шекті тарифте қарастырылған жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығын мөлшері қажеттіліктерді толық қамтымайды», деді Қ.Рахымов.
Құзырлы органның мәліметіне сүйенсек, жаңғырмалы энергия көздері өндіретін электр энергиясын міндетті сатып алу көлемі де былтырғы кезеңмен салыстырғанда 68%-ға, сондай-ақ балама энергетикаға жұмсалатын шығындар 49%-ға өсті. Сол секілді айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бюджетке төленетін міндетті төлемдер шығындарының артуы мен елімізге импортталатын жабдықтар бойынша бағаның өсуі де баға саясатына әсер етсе керек.
«Толық қаржыландырудың жоқтығынан өндірістік апаттар мен технологиялық олқылықтардың өскені байқалады. Былтыр Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 4 458 технологиялық бұзушылыққа жол берілді. Әр ірі технологиялық бұзушылық – бұл Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесіне қауіп тудырады. Электр стансаларындағы шекті тарифтерді уақтылы түзету жаңғыртуға байланысты жұмысты сапалы жүзеге асыруға, сондай-ақ 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы маусымнан сәтті өтуге және авариялық жағдайларды азайтуға арналған жөндеу жұмыстарын толық көлемде жүргізуге мүмкіндік береді», деді вице-министр.
2020 жылы Қаражыра кенінде көмірдің бағасы 8,6%-ға, ал «Богатырь көмір» кәсіпорнында 9,9-ға, сол секілді көліктік тасымалдау құны 7%-ға қымбаттапты.
«Энергия өндіруші ұйымдардың көмір кен орындарының алдында шамамен жалпы сомасы 2 млрд теңге және газ өндіретін кәсіпорындардың алдында 4 млрд-тай теңге берешегі бар», деді Қ.Рахымов.
Энергетиктер тапшы, жалақы мардымсыз
Энергетиктер айтқандай, шекті тарифтерді уақтылы түзету шамамен 23 мың жұмыс орнын сақтауға көмектеседі.
«2016 жылы Қазақстанның негізгі электр стансаларында өндірістік персоналдан 26 мыңнан аса адам жұмыс істеген болса, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес, өндіріс көлемінің 15%-ға өскеніне қарамастан олардың саны 23 мың адамнан асқан жоқ. Таяу арада энергия өндіруші ұйымдарындағы басқару жүйесінде білікті персоналға және олардың кәсібилігін жоғары деңгейде ұстап тұруға басымдық беріледі. Ол үшін тиісті бағдарламаларды қабылдап, еңбекақыны жоспарлы түрде ұлғайту қажет», деді Энергетика министрінің орынбасары.
Республика аумағындағы жылу және электр энергиясын өндіріп, тарататын кәсіпорындардағы жалақы жиырма жыл ішінде өзгермеген. Салалық жалақының көрсеткіші жағынан еліміз төменгі сатыда орналасқан. Бұл туралы Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас айтты.
Ол отандық энергетиктердің еңбекақысы ТМД елдері арасында ғана емес, еліміздегі өндірістік кәсіпорындар арасында да тізімнің соңында келе жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, энергетиктердің еңбекақысы 6,9%-ға төмен.
«Мұның салдарынан қажетті мамандар басқа жоғары ақылы салаларға, сондай-ақ көрші мемлекеттерге де еріксіз көшеді. Мысалы, «Атырау Жарық» АҚ-да былтыр 1 311 қызметкердің 98-і жұмыстан кетті. Ал «Қостанай Жылу энергетикалық компаниясы» кәсіпорнында 753 адамның 156-сы жұмыстан шығарылды. «СевКазЭнерго» ұйымында 1 158 қызметкердің 191-і көрші Ресейге жұмысқа кетті. Салыстырмалы түрде, энергетиктердің еңбекақысы көршілес мемлекеттерде 21%-ға артық. Мысалы Беларусь Республикасында бұл сан 28%-ға, Қырғызстанда орташа еңбекақы орташа жалақыдан 44%-ға жоғары», деді О.Бекбас.
Өкінішке қарай, өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны да азаймай тұр дейді салалық кәсіподақ өкілдері. Айталық, 22 жағдайдың 14-і өліммен аяқталады екен.
«Сала қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдай мемлекет пен реттеуші органдар тарапынан дұрыс көңіл бөлмеу салдарынан орын алып отыр. Өкініштісі сол, біздің энергетиктерге еңбекақыны көтеру мәселесіне байланысты Үкіметке, Парламентке, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктеріне бірнеше рет жасаған өтініштеріміз шешімін таппады. Бұл тығырықтан шығудың бір жолы – энергетиктердің жалақысын өңірлердегі орташа деңгейге дейін бір мезетте көтеру, мұны тариф бекітілген кезде ғана жасауға болады», деді кәсіподақ басшысы.
Тағы бір мысал ретінде энергетикалық мамандықтарға түсетін талапкерлер санының азаюы келтірілді. Сол себепті кәсіпорындар еріксіз зейнеткерлік жастағы мамандарды ұстауға мәжбүр. Жас мамандар кәсіптің алғашқы дағдыларын игерген соң, жоғары ақылы жұмысқа ауысатын көрінеді.
2020 жылдың қорытындысына сәйкес, елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі 107,3 млрд киловатт-сағатты құрап, отандық электр стансалары 108 млрд кВт электр энергиясын өндірген. Министрліктің дерегіне сүйенсек, электр стансаларының жалпы белгіленген қуаты қаңтарда 23,6 мың мегаватты құрады. Бұл ретте 2020 жылғы қарашада электр жүктемесінің жылдық максимумы 15,6 мың мегаватты көрсеткен еді. Өндіру құрылымындағы отын түрлері генерациялайтын көздердің үлесі келесідей. Мәселен, көмір – 68%, газ – 20%, су электр стансалары – 9% және жаңғырмалы энергия көздері – 3 %.