• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 04 Сәуір, 2021

«Сұржекей» сипаты экранда неге сиреді?

995 рет
көрсетілді

Қазақ үш дүркін аштықты бастан өткерді. Қырдағы ауылдарға кезекті қоғамдық дағдарысты алып келген 1921 жылдан басталған ашаршылыққа биыл 100 жыл толып отыр.

Әдебиетте кеңінен қамтылғанымен, кино саласында режиссерлердің шығар­машылығын көп ширата қоймаған тақы­рыптың бірі осы ашаршылық екенімен киногерлердің өзі де келісетін болар. Орта дәулеттінің өзін байдың қатарына қосып, бір түнде тігерге тұяқ қалдырмай бар малын тәркілеп алу, өздерін көз көрмес, құлақ естімес жаққа итжеккенге айдап, бала-шағасын босқын етіп жіберген әрекет аса қытымыр жағ­дай­да іске асырылғанын, ауыл байларын ауыздықтаудың жөні осы деп асыра сілтеудің ащы шындығын көрсеткен экрандағы ең алғашқы фильм «Сұрапыл Сұржекей» еді. Қазақ халқының басынан кешкен ашаршылық нәубеті мен зобалаң кезеңнің зардаптары бейнеленген отандық тұңғыш кинотуындыны белгілі жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» шығармасын арқау ете оты­рып режиссер Дамир Манабаев түсір­ді. Дамир Манабаевтың бұл фильмі 1990-жылдардың басында өзіне дейінгі са­лынған сүрлеуден суырылып шығып, қазақ киносына өзгеше сипат әкелген соны дү­ниелердің бірі болды. Аңдаған адамға «Ақ боз үйдің» желісімен экрандалған «Сұрапыл Сұржекейде» шығармаға қарағанда, әжеп­тәуір айырмашылық бары бірден байқалады. Жазушы мен режиссер ақылдаса отырып, қазақтың бірінің етін бірі жеуге бейім келетін күншілдігін, іші­не қыл айналмайтын қыз­ған­шақтығын бөліп алып, «басқасын айтып қайтеміз, қазақтың түбіне жеткен, міне, осы мі­нез» дегенді көрсетуді мақсат тұтқан сияқты. Кәмпескенің өзі неден басталды – бірін-бірі көреалмаушылық, бірінің ішін қыздырған екіншісінің байлығы, «ол неге бай, мен неге кедеймін?». Өнердің әлеу­мет­тік аспектісінде жарлы мен байдың қақ­ты­ғысы – махаббат секілді мәңгі са­рынның бірі.

Фильм қалай басталады? Мажан бай­дың ауылының баласы ойнап, қазаны қайнап жатқан мамыражай тірлігі. Міне, ауыл ортасындағы қызыл жалауы жел­біреген қазақ үйден ауылнай Жор­ға Күрең шықты. Керіліп-созылып, бо­йының құрыс-тырысын жазып, есінеп есік алдында тұр. Әне, құс атып қайтқан Бұлыш­тың көзі Ма­жан байдың тоқалы Балқияға түсті. Осылайша баяу ғана басталатын фильм Балқия мен Хансұлудың біріне бірі біздей тілін сұғып алып, бүкіл ауылды басына көтеріп көкайылдана шап­тығатын шайпау мінездерінің көрі­ністерінен кейін кенет жылдам қарқын ала бастайды. Екі әйелдің ұрысы – ертеңгі болатын сойқанның алғашқы белгісі. Осы арада жаңа өкіметтің өкілі Сұржекей де жетеді, жар астынан жау іздеп табу – оған жүктелген міндет.

Фильм романдағы оқиға орнын өзгерт­пей Маңғыстауда түсіріледі. Себебі Маң­ғыстауда бір жерде қоныс тауып, өмір сүру қиындау. Тұмсығымен түртіп, тұя­ғымен теуіп жейтін қарайған шөп оқта-текте қылаң бермесе, құмдауыт да­ла малды өлтіріп алмас үшін көшті қа­жет етеді. Ал мал өлсе, қазақтың тір­шілігі де тоқтайды. Жаңа өкі­меттің жалауын көтерген Сұржекейлер Мажан ауылын «осы көшіп-қонғандарың да жетеді» деп бір жерде қоныстанып, тапжылмай тіршілік етуін талап етеді. Мал жеп қойған жердің оты жоқ болған соң төртаяқты тегіс қырылып, енді сондағы жергілікті жұрттың өзі шетінен жан тапсыра бастайды. Осылайша бүкіл ауыл тегіс қырылып қалады.

«Сұржекей рөліне тек комедиялық рөлдерімен танылған Мейірман Нұрекеев қалай келді?» деген сұрақ туады. Режиссер Д.Манабаев көп әртістерді сынап көреді. Бірақ бұл образ әрі күлкі шақыратын, әрі ой салатын адамға тиесілі еді. Ұр да жық, әпербақан адамның мінезіндегі әпенділікте езуге ащы күлкі үйіретін, я жыла­рыңды, я күлеріңді білмей, дал қылатын за­манның түлкі бейнесі танылуға тиіс. Осы тұрғыда Манабаев Сұр­жекей бейнесіне дәл Мейірман Нұре­кеевті таңдап алғанына бір сәт те өкінген емес, керісінше, оны фильмнің жеңісі деп біледі. Фильмді түсірмек болып Ақтауға барғанда, режиссер басты рөлдің бейнесі үшін Мейірманның шашын ұстарамен тақырлап алып тастауды тапсырады. «Қарасақ,– дейді режиссер, – оң жақ шекесінен дәл төбесінің орайына қарай тартылған қалың қатпарлы терең тыртық бар екен. Шошып кеттік. «Өй, мы­науың не?». Сөйтсек, Мейірман бала күнінде бақша ішінде демалып жатқанда, кетпен шауып келе жатқан әкесі баласының басына байқаусызда кетпенін сілтеп алады. Кетпеннің жүзі оңдырмай осып түседі. Мейір­ман ғажайыптың күшімен тірі қала­ды. Осыдан кейін әкесі өмір бойы біреу баласының бетіне қарап, бір ауыз сөз айтпақ түгілі, бір тал шашы түспеуін қатаң бұйырады. Мейірман ерке болып, елдің бә­рімен тең құрбысы сияқты әзілдесе бере­тін еркін адам болып қалыптаса бастайды...

Режиссердің айтуынша, Мейірман өзге түгілі, өзіне де түсініксіз еді, қайдан келгенін, неге келгенін білмей, өзіне-өзі сыймай аласұрған адамның мінезі болыпты бойында, қалай ерте кетіп қалғанын да білмей қалды Мейірман...

Сұржекейде Мейірман өзгеден еш­нәрсе алған жоқ, өзін ойнап шыққан. Сұржекейдің бейнесінің шынайы шығуы да сондықтан. Мейірманның өзі де өле-өлгенінше осы рөліне риза болып кетіпті. «Мен қаншама фильмге түстім, бірақ жарық әлемде жаса­ған жалғыз жұмысым осы – Сұржекей. Сұр­же­кей – менің ең таңдаулы рөлім» деген екен.

Фильм екі жыл түсіріледі. Осы екі ара­лықта фильмдегі негізгі кейіпкерлердің бірі Пахраддинді ойнайтын талантты актер Нұрмұхан Жантөрин қайтыс болып кетеді. Пахраддин – Жантөриннің соңғы рөлі болатын. Фильм 1992 жылы Ашғабад, 1996 жылы Анкарада өткен кино­фестивальдардың бас жүлдесін ие­ленді.

Екі миллионнан астам қазақ қырылған ұлттың қасіреті – қазақ киносы мен дерек­ті фильмдерінде өте аз қозғалған та­қы­рып болып ұлттық киноны тұқыртып тұр. Тап осы «Сұрапыл Сұржекей» мен Болат Шәріптің «Аманай мен Заманай» фильм­дерінің деңгейінде қазақ тарихына қара таңбасын салып кеткен зобалаң туралы туындылардың дүниеге келмеуі киносаясаттың олқылығынан ба, әлде режиссерлердің осалдығынан ба, мың рет сұрау салынғанымен, бір рет жауабы берілмеген жұмбаққа айналды. Сламбек Тәуе­келдің «Жерұйық», Амангелді Тәжі­баевтың «Кейкі» фильмдері мен Серік Әбікеннің сценарийі бойынша «Жетісу» арнасы түсірген «Бір уыс бидай», Еркін Рақышевтің «Ашаршылық» және Қалила Омаровтың бірер деректі туындыларынан басқа бұл  тарапта ауыз толтырып айтатын тұщымды дүние жоқ. Бірақ бұл фильмдер де атаулы  31 мамыр Қуғын-сүргін күнінде бір жылт еткені болмаса, көгілдір экраннан көп көріне бермейді. Соңғы түсірілген фильм – «Ұлы дала зары». Жүз жылда бас-аяғы он шақты ғана туындының жарыққа шығуы кино­өнері үшін ғана емес, елдікке сын. Орталық Азиядағы сан жағынан ең көп этнос саналған қазақтардың қатарын жойқын зұлымдықпен сиреткен ашаршылық туралы толымды дүние тудыруда кино­герлердің не себепті керенаулық танытып келе жатқаны түсініксіз.