Ақан Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының өкімімен Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды», делінген хабарламада.
Ақан Рахметуллин 1967 жылы 2 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1991 жылы Алматы энергетикалық институтын бітірген. 1999 жылы - СІМ Дипломатиялық академиясын бітірді.
Дипломатиялық мансабын 1993 жылы референт лауазымынан бастаған. Қазақстанның Пәкістандағы, Австриядағы елшіліктерінде, Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінде жұмыс істеді. Онда БҰҰ Бас Ассамблеясының үшінші комитетінің жұмысын жүргізді.
Сыртқы істер министірлігінің Алматыдағы өкілінің кеңесшісі болған. Қазақстанның халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік етті. Орталық аппаратта көпжақты ынтымақтастық департаментін басқарды.
Ақан Рахметуллин 2019 жылдан бері Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін атқарған.
І санатты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.