• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Сәуір, 2021

Байрағы биік бағзы өнер

1268 рет
көрсетілді

Дүниенің төрт бұрышынан іздеген мәңгі өмірдің мәнін қобыз сарынынан тапқан Қорқыт Ұлы далада ұзандар көшінің ізін салыпты. Содан бергі мыңжылдықтарда арқауы үзілмеген, өрнегі бүлінбеген бағзы өнер өкілдері арасынан есімі ел құлағына жеткендер Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай мен Нұртуғандай дүлдүлдер.

Бұрынғы мен бүгінгі

Қазірде Ұлы даланың көне сарынын бүгінге жалғаған шоғыр топ дәстүрлі өнердің дәрпін асырып келеді. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бабадан қалған құндылықты тағы бір жаңғыртып, бәсін биіктете түсті. Елдің шежіре-тарихын жырлап өткен Сыр сүлейлерінің дәстүр сабақтастығына кешегі Кеңес өкіметінің тигізген кесірі аз емес. Жүздеген жылдардан бері келе жатқан өсиет, термелер қырағы бақыланып, қайшыға түсті. Дінге қатысты тұстардың бәрі алынып тасталды. «Қожа мен молданы қойдай қуған» кеңестік саясаттың дойыр қамшысы енді жырау-жыршылардың жонарқасында ойнады.

Бірақ бабадан жеткен бағзы өнердің шырағы өшпеді. Көне сөздің қадірін білетін ел жырау-жыршыны төбесіне тұ­тып, төредей қарсы алар еді.

Кеңестік саясаттың салқыны дәстүр­лі өнердің үлкен бір салалы тармағы саналатын айтысты да шарпығаны белгілі. Осындай халде тұрған жыраулық өнер­дің көшін қайта жалғап, жаңа заманға бейім­деп сахнаға алып шыққан жыр жампозы Жиенбай жыраудың немересі Көшеней Рүстембеков еді. Осылайша, өт­кен ғасыр­дың жетпісінші жылдары бағ­зы өнер көне жүлгесін тауып, көп ал­дына қайта шықты.

Осы саланың бұрынғысы мен бүгінгі­сін зерттеп жүрген, талай жылдан бері шә­кірт тәрбиелеп келе жатқан жырау­дың бірі, Мәдениет қайраткері Жұма­бек Аққұлов. Қазір «Жұртымнан жүр­мін жыр жинап» атты кітапты бас­паға әзір­­леп отырған өнер иесі көне мұра­лар­ды жүйелеу әлі де ұқыптылықты қа­жет ететінін айтады.

– Жалпы, бұл бағытта жасалып жатқан жұ­мыстар аз емес. Осы жолдағы азаматта­рымыз ізденістерін көптің игілігіне айналдырды. Мысалы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың идеясымен «Шахнама» музыкалық антологиясы жарық көрді. Облыстық мәдениет басқармасын басқарған тұста белгілі ғалым Берік Жүсіпов Балқы Базар мен Тұрмағамбет мұраларын кітап қылып шығарды. «Қайталанбас дауыс­тар» музыкалық антологиясы жарық көрді. Жақында ғана Алмас Алматовтың жетек­шілігімен «Ер Едіге» музыкалық альбомы шығып, ұлттық қазынамыздың қата­рын молайтты. Осы бағытта ізденіп жүр­ген тағы бір тыңғылықты зерттеуші, жыр­шы, Мәдениет қайраткері Берік Саймағамбетовтің еңбегі өз алдына бір төбе. Мен 1 жылдай облыстық телеарна­дан «Толғау, терме сөйлейін» атты хабар жүргізіп, 36 жырау эфирге шықты. Кейін осы істі жалғаған жас жырау Марат Сүгірбай тағы 80-нен астам өнер иесін көрерменге таныстырды, – дейді Жұма­бек Аққұлов.

Зерттеуші Қармақшы ауданындағы бір ғана ауылдан белгілі бір кезең ара­лы­ғында 117 жырау шыққанын айта­ды. Оның өзінде де жауһар сөзді терме­леген­­дердің соңы Шәмшат Төлеповамен тұйық­талып тұр. Одан кейін өнер көшіне жүздеген жүйрік қосылып үлгерді. Осын­ша қисапсыз қазынаны зерттеп, ұрпақтар керегіне жарату ісі талай жылға жүк болары анық.

 

Жастарға жол ашқан «Жыр мұра»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ха­лық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы «Жыр мұра» жобасын жүзеге асырып келеді. Халық арасында ұмытылып бара жатқан жыр-термелерді, мақам-саздарды, күй­лерді қайта жаңғыртып, келешек ұрпаққа табыстау, Қорқыт мұраларын жан-жақты насихаттау, жыр әлеміне жаңа есімдерді шығаруды көздеген жобаға сай «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, өнер иелері ел ішін аралады.

– «Жыр мұра» шеңберінде Қызылор­да қаласы мен 7 ауданнан қобызшылар үйір­месі ашылды. Осыған дейін Арал, Қар­мақшы, Шиелі аудандарында жыр үйір­мелері құрылған еді. Енді олардың қатарына Қазалы, Жалағаш, Сырдария мен Жаңақорған қосылды. Бұл жоба алда да жалғаса береді. Біздің мақсат – дәстүрлі өнерден өріс іздегендер қатарын арттыру, – дейді халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының директоры Жанат Құрамысова.

 Орталық директорының айтуын­ша, енді үйірмелердің репертуарын байы­туға мән берілмек. Алдағы уақытта ел ара­сынан жинақталған мақам-саз­дар студияда өңделіп, терме-толғау, дас­тан­дардың мәтіндері жүйеленіп, жыр сан­дығын ашуға талап қылған балаларға ұсы­нылады.

Облыс әкімдігі мен ТҮРКСОЙ ха­лық­а­ралық ұйымының бірлескен жобасы «Қорқыт және Ұлы дала сазы» ха­лықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалінің бар жүгін арқалап келе жатқан орталық.

Түркітілдес халықтардың ұлттық-музы­калық өнерін дәріптей отырып, өзара мәдени қарым-қатынасты көздей­тін жоба екі мыңыншы жылдардан бе­рі өткізіліп келеді. Алда фестиваль ауқы­мын кеңейтіп, Мәдениет және спорт министр­­лігімен бірлесе ұйымдастыру жос­­парланып отыр.

 

Жыр мәйегі – сөз

Жалпы, зерттеушілер жырау деге­німіз хандық дәуірде ел басқаруға еркін араласқан мемлекеттік деңгейдегі сая­си тұлға болғанын айтады. Мысалы, то­ғыз ханды түзеткен Сыпыра, өмірі ат үстінде өткен Доспамбет, ерлікті жыр­лаған Шалкиіз, Абылай ханға ақыл қос­қан Бұқар жырау. Өз миссиясын адал орындап кеткен жыраулардың бірі – Кенесарының серігі, келер жылы туға­нына 200 жыл толатын Нысанбай Жа­манқұлұлы. Осындай саяси тұлғаларды өнерге әкеп теліп жүрген өзіміз.

Ал жыршылардың түбірін іздесек, жы­раулар дәуірінен де асып кетіп, бағ­зы заманда балбал тасқа жыр шекіген атақ­­ты  Иолық тегінге барып тірелеміз. Бірақ жырау болсын, жыршы болсын негіз­гі мәйек сөз екендігіне баса назар аудар­­ған.

– «Рухани жаңғыру» дәстүрлі өнер­дің дің­гегін бекіте түсуге жақсы мүмкіндік беріп отыр ғой. Соның аясында өткізілген «Жыр мұра» жоба­сы бойынша талай дарынды балалар ірік­телді, – дейді белгілі жыршы, орталық­тағы халық шығар­ма­шылығын дамыту бөлімінің бас маманы, Мәдениет қай­рат­кері Берік Сай­мағамбетов. – Ендігі жұмыс, осы балалар назарын жырдың мәтініне аудару. Жаттаған сөздің мағынасын ұқпаған баладан жыршы шықпайды. Бұл жолды таңдаған адам тарих пен әдебиетті жетік білуі керек. Қазір маман даярлаудағы ең үлкен мәселе осы болып отыр.

Маман демекші, тоқсаныншы жылдар басында жергілікті университетте дәстүрлі өнер өкілдерін даярлайтын топтар ашылды. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясындағы жырау Ұлжан Байбосынова мен Нұр-Сұл­тан қаласындғы Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінде шәкірт даярлай­тын Алмас Алматов, Елмұра Жаңа­бергеновалардың мамандар даярлау ісін­дегі үлесі үлкен. Алғашқы лекте жо­ғар­ы оқу орнын бітіріп шыққан Ар­нұр Көшеней, Шолпан Биімбетова, Рус­лан Ахметов, Майра Сәрсенбаева, Айдос Рахметов, Серік Жақсығұлов, кейін­гілерден Күнсұлу Түрікпен қазір өлмес өнер­дің өрісін кеңейтуге қызмет етіп келеді.

Ұлттың өткені осы жырда жатыр. Сон­дықтан баланы әуелі қызықтырып, сосын барып санасын қалыптастыруға мән беруіміз керек. Қармақшы, Қазалы және Арал аудандары ежелгі оғыздардың орнындағы байырғы жұрт саналады. Осы өңірлерден жыраулар көп шығады. Зерттеуші Берік Саймағамбетов жастар­ды тәрбиелеу бағытында Арал ауда­нын­да толымды жұмыс істеліп жат­қанын айтады. Белгілі жырау Айбек Тәңір­бергенов жастардың бойына көне саз бен сырлы сөз сіңіруде ерекше тәсіл тап­қан. Қармақшыда шәкірт тәрбиелеп жат­қан Балтабай Бедебаев, Дінісләм Тоқсанбаев, Әйгерім Ешпаевалар да ел ру­ханиятына қалтқысыз қызмет етіп ке­леді.

– Жыршы-жыраулар мұрасы –шет-шегі жоқ қисапсыз қазына. Жүз­деген жылдар бойы жырланып кел­ген­нің өзінде біз осы ен байлықтың ер­­неуін­де ғана жүрміз. Бір ғана мысал ай­тайық, Темірбек Жүр­генов, Сүлеймен Ес­қараев­тай ұлт қайрат­керлерін тәр­биелеген әйгілі Тұрма­ғамбеттің тағы бір шәкірті Әлиакпар Жұматаевтың артында 45 мың жол мұра қалған. Ен­дігі мұрат – осындай байлықты ша­шау шығармай игеру. Бұл бағытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­да атқарылған іс аз емес. Енді ұзақ жыл­дар зерттеліп, баспа бетін көрген қазы­­наларымызды насихаттап, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына мән беруі­міз қажет. Көне мұраны бүгінгі жас­тың құлағына жеткізу жолын көп болып ойласу да – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл үшін мәдениет саласымен қатар, білім, ішкі саясат басқармалары жұмыл­дырылғаны жөн. Сонда ғана үлкен істің үдесінен шығар едік, – дейді Берік Саймағамбетов.

 

ҚЫЗЫЛОРДА