Жер тұтас болмай, ел тұтас болмайтыны белгілі ғой. Алаш жұртының бойындағы иммунитет Жерге кіндігімен біржола байланған. Басқа мәселеде осалдық танытқанымен, жер мәселесіне келгенде Мөденің ұрпағы бабасының аманатына адалдық танытып келеді.
«Арым – жанымның садақасы» дейтін қазақ Жерін де «жанының садақасына» айналдырғалы қашан. Туған жерін басқыншылардан қорғау үшін болған шайқастарда қаншама мың боздақ опат болып, қаншама бала жетім, қаншама әйел жесір қалды. Ата-бабаларымыздың тоқымдай жер үшін жанталасқан ерен ерліктерінің арқасында ғана Қазақ елі бүгінде төрткүл дүниеге тоғызыншы территория ретінде танылып отыр.
Тоғызыншы территория қазіргі кезде де талай-талай алпауыттың көзқұртына айналып отырғаны белгілі. Соңғы кездері Қазақ мемлекеттілігіне сәуегейлік айтатындардың үні жиі естіліп, қазақтың өз жерін өзіне «сыйға тартушылар» бой көрсете бастады. Кездейсоқ жандар болса бір сәрі, Ресейдің саясат сахнасында жүргендердің сандырағы көршілердің достық қарым-қатынасына сызат түсіретіні анық.
Ал шығыстағы көршіміздің де бұқаралық ақпарат құралдары ара-тұра арандатушылық тұрғыда ақпараттар жариялайды. «Қазақстанды қашан қосып аламыз?», «Қазақстанда төрт жүз елу мыңдай Либайдың ұрпағы ұлы Жұңхуаның құшағына қашан кіреміз деп отыр» деген сияқты экспансиялық бағыттағы ақпараттар таратып, тату көршілікті араздыққа бастайтын әрекеті тыйылар емес.
«Сорлы Мексика! Құдайдан қаншалықты қашықсың, АҚШ-қа соншалықты жақынсың!» Кезіндегі Мексика президенті Порфирио Диас құдайы көршіден көрген қиянатын осылайша мұң-зары арқылы шығарған екен. Құрама Штаттарының әлсіз көршісі Мексика озбыр қоңсылықтың бірнеше мәрте зардабын тартқаны бар. Әсіресе, 1846-1848 жылдардағы солтүстікамерикалық интервенция мексикалықтардың жадынан ешқашан өшпек емес. Соғыстың салдарынан Мексика Юта, Аризона, Невада, Калифорния, Нью-Мексика штаттарынан біржола айырылды. Техас штаты одан сәл ертерек, соғыстан бірнеше жыл бұрын АҚШ құрамына енген еді. Аталған штаттар егеменді Мексиканың төл территориясы болғанымен, солтүстікамерикалық қоғамның экспансиялық саясатының арқасында алып елдің аумағына айналып шыға келді.
«Жаман атың болса, сатып құтыларсың, Жаман көршің болса қайтып құтыларсың?!» дегенді де қазақтың көпті көрген қара шалы айтқаны анық. Шынында да, Порфирио Диастың айтқанын басқа емес, қазақстандықтар жақсы түсінеді. Құдай көрші етіп жаратқаннан кейін алыс-беріс тең дәрежеде өрбіп, барыс-келіс те достық рәуіште жалғасын тапса дейсің ғой. Алайда төрткүл дүниені уысында ұстағысы келетін елдердің көршілеріне астамсып қарайтын ниеті менмұндалап тұрады.
Жер тағдыры – ел тағдыры. Қазіргі кезде жер мәселесіне қатысты заң жобасы Парламент қабырғасында қаралып жатыр. Жер шетелдіктерге сатылмайтын болды. Қазақстандықтарға да сатылмаса деген табанды тілегіміз бар. Өйткені біздің қоғам жемқорлықтан әлі арыла алмай отыр. Ендеше, жүйені билеп-төстегісі келетін жемқорлардың қазба байлықтарды ғана емес, бабалардан жеткен асыл аманатты – жерді де сатып жіберуі таңғқаларлық емес. Жер сатылды дегенше, ел сатылды, тәуелсіздікке қауіп төнді десеңші деп айтуға тура келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіздіктің қадір-қасиетін салмақтаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында «Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» деді.
«Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет!» Қазақстан Президентінің осы тұжырымы мемлекеттілік мәселесі, жер тұтастығы, жалпы тәуелсіздік туралы Алаш жұртының ұстанымын айқын аңғартады. Мемлекет басшысының байламды сөзі халқының да сенімін арттырып, басшының да беделін биіктете түсетіні сөзсіз. Басқалай айтқанда, жер мәселесіне келгенде қазақстандықтардың басты ұстанымы – «не бел кетеді, не белбеу кетеді» болуы тиіс!