Сайлау Батырша-ұлы ғүмырының елу жылын мемлекеттік қызметке, соның ішінде ел мен елді табыстырған дипломатия саласына арнаған тұлға екенін ел жақсы біледі.
Қазақ дипломатиясының ақсақалы жиған-терген мол тәжірибесін жастарға үйретіп, қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор болып жүр. Айтулы азамат тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жауапты қызметтер атқарып, еліміздің егемендігі жолында ерен үлес қосқан еді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерімен әңгімеміз де осы төңіректе өрбіді.
Тәуелсіздік үшін бүкіл қоғам күресті
– Сайлау Батырша-ұлы, тарихқа үңілсек, мызғымастай көрінген Кеңес Одағы ыдыраған сәтте оның құрамындағы елдердің ішінде алдымен Балтық жағалауы елдері – Литва, Латвия, Эстония егемендігін алды. Одан кейін Украина, Белоруссия, Кавказ мемлекеттері кетті. Олардың ізін ала Орталық Азия елдері дербестігін жариялады. Ал Қазақстан КСРО құрамынан ең соңынан шықты. Көптің көңілін күпті еткен сұрақ: «біз неге күллі одақтас елдердің соңынан тәуелсіздік алдық?».
– Кеңес Одағы құрамында болған 15 республика өз еркімен одақ құрды деп айтылады. Шындығында олай емес. Одақ сол елдердің еркінен тыс, қүшпен құрылған болатын. Әсілінде бір-бірімен тең мемлекеттер ғана одақтас болады. Ал КСРО кезінде ешқандай теңдік болған жоқ. Билік Мәскеудің қолында болды. Бір коммунистік партия ғана бүкіл елді басқарды. Ал М.Горбачев билікке келгеннен кейін көппартиялы жүйеге рұқсат берді. Сол-ақ екен, республикаларда демократиялық партиялар, ұлттық ұйымдар құрыла бастады. Елдер демократияның жолына түсті. Міне, осы көппартиялы жүйе қызыл империяны ыдыратудың алғашқы баспалдағы еді. КСРО экономикалық, өндірістік дағдарысқа душар болды, сыртқы қарыздары көбейді, халықтың тұрмысы нашарлады. Осы ұрымтал тұсты республикалар ұтымды пайдаланды. Олар Конституциясындағы «егемен республика» дегенді қанағат тұтпады. «Бізге мемлекеттік тәуелсіздік керек» деп талап қойды және сол мақсатына жетті.
Қазақстанға келсек, тәуелсіздікті бірден алып кетуге шикізатқа байланған әлсіз экономикамыз бен демографиялық жағдайымыз тосқауыл болды. Еліміз КСРО экономикасына тәуелді еді. Машина жасайтын зауыттардың көпшілігі Ресей, Украина, Белоруссияда салынды. Ал өзіміздің дайын өнімдеріміз небәрі 10% еді. Қалғанының бәрі өзге республикалардан келіп отырды. Оның үстіне қазақ халқының саны да аз − 44%-ға жетер-жетпес болатын. Есесіне, өзге этнос өкілдері, соның ішінде орыстардың үлесі қазақтардан асып түсті. Әсіресе, солтүстік өңірлерде көп шоғырланған славян ұлттардың ішінен «егер Қазақстан тәуелсіздігін алса, біз жерімізбен бірге, Ресейге қосыламыз» дегендер табылды. Егер сол кезде еліміз әй-шәйға қарамай, дербестігін жариялай салғанда азаматтық соғыс оты тұтанып кетуі мүмкін еді. Сондықтан Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаев жан-жағымызды барлап, төңірегімізде болып жатқан қиын жағдайларды жіті бақылап барып, шешім қабылдады. Оның соңы сәтті болды. Қазақстан тәуелсіздікке бейбіт жолмен жетті. Ең басты жетістігіміз де осы еді.
– Еліміз тәуелсіздігін ала ма, жоқ па деген елең-алаң шақта сіз Сыртқы істер министрінің орынбасары, кейін министрдің міндетін атқардыңыз. Демек, сол кездегі аумалы-төкпелі жағдайды да жете білесіз. Ендеше, Қазақстанның дербес ел болудағы ұмтылысы жайында, егемендігіміздің қалыптасу жолдары жөнінде өз аузыңыздан естісек...
– Бізге тәуелсіздігімізді жарияламас бұрын алдымен халықаралық қолдау табу қажет болды. Азаттықты бірден жариялауға сол кездегі мүшкіл жағдайымыз мүмкіндік бермеді деп жоғарыда айттым. Өйткені халық санының аздығына байланысты қазақтардың саяси күш ретінде бірігуі де қиынға соқты. Сондықтан әлемдегі өзге мемлекеттер еліміздің тәуелсіздігін мойындауы күн тәртібінде тұрды. Мысалы, Литва, Латвия, Эстония елдері Кеңес Одағы ыдырамаса да бостандыққа қол жеткізе алатын еді. Себебі, олар 1940 жылға дейін тәуелсіз мемлекет болып келді, алпауыт АҚШ, Еуропа мемлекеттері де оларды қолдады. Ал біздің дербестігімізді қорғайтын, қолдайтын кім бар? Сондықтан дипломатия алдымен әлемдік қауымдастықтан қолдаушыларды іздестірді.
Тәуелсіздік жариялаудан бір жарым жыл бұрын, 1990 жылдың шілдесінде сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы, Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдым. Жүздесу барысында Кеңес Одағы ыдырайтыны туралы, сондықтан ерте бастан қам жасап, тәуелсіздікке дайындық жасау керектігіне келістік. Ол кісі «дипломатия саласында тәжірибең бар, халықаралық ахуалды білесің, Республиканың сыртқы байланысын нығайт» деп, мені Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындады.
Сол кезде Қазақстанның тәуелсіздігі үшін бүкіл қоғам болып күресіп жатты. «Азат», «Желтоқсан» қозғалыстары, көптеген қоғамдық ұйымдар, патриот жастар ерекше белсенділік танытып, бостандық алу жолында үлкен іс тындырды. Еліміздің тезірек дербес мемлекет атануы үшін халықтың қаншалықты асыққанын көзімізбен көрдік. «Бостандық! Тәуелсіздік!» деп ұран көтерген жұртшылық Үкімет үйі ғимаратының төңірегін босатпады. Ал сол кезде қазақ дипломаттары тәуелсіздігімізге қолдау білдіретін мемлекеттермен жан-жақты байланыс орнатып жатқан еді.
1991 жылы қыркүйек айында Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Сенегалда өткен Ислам конференциясы ұйымының саммитіне қатыстым. Сол жерде он шақты мұсылман мемлекетінің басшыларымен кездесіп, Қазақстан тәуелсіздігін жариялауға дайындалып жатқанын хабарлап, олардан қолдау таптым.
Ал 1991 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына КСРО делегациясының мүшесі ретінде қатысқан кезде Нью-Йорктен Вашингтонға барып, АҚШ Конгресінің сыртқы саясат жөніндегі комитеті мен Мемлекеттік департаментінде кездесу өткіздім. Онда Қазақстан «Мемлекеттік егемендік туралы» декларациямен шектеліп қалмай, тәуелсіздікке баратынын мәлімдеп, АҚШ-тың қолдауын сұрадым. Одан кейін Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаментінде болдым. Осы департаменттің Кеңес Одағы басқармасының Орталық Азия бойынша басшысымен кездестім. Онда да Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан тәуелсіздігі жөніндегі ойын АҚШ басшылығына жеткізуді сұрадым.
1991 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясына қатысқан сәтте «Қазақстан тәуелсіз мемлекет болса, мұндай ықпалды ұйымның мүшелігіне кірудің жолдары қандай?» деген ой кетпей қойды. Ұйымның құрылымын, мүшелікке алу тәртібін, жарғысын зерделедім. Шетел журналистеріне арналған баспасөз конференциясында «Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына Ресей, Украина, Белоруссия секілді кіре алады, егемендік декларациясымен шектелмейді, тәуелсіздігін алады» деп мәлімдедім. Бұл жөнінде ТАСС (Кеңес Одағының Телеграф агенттігі) тілшісіне де сұхбат бердім. Мәлімдеме агенттік арқылы әлемге таралды. Бірақ өз елімде бұл туралы бірде-бір ақпарат жарияланбады...
− Неге?
− Оның себебін кейін білдім. «Не болса да аяғына дейін барайын» деп бекіндім. Сол күні сұхбатты «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Алматы ақшамы», «Вечерняя Алма-Ата», «Огни Алатау», «Жетісу» газеттеріне Нью-Йорктан факспен салып жібердім. Бұл басылымдар жариялап жіберді. Сұхбат шыққан күні маған Алматыдан телефон қоңыраулары көп соғылды. Бәрі қуанып, бір-бірін құттықтап хабарласып жатты.
Міне, тәуелсіздік алу жолында сыртқы елдермен жарасымды байланыс орнатып, халықаралық қатынасты дұрыс жолға қойғанның арқасында көптеген ел бізді тез арада тәуелсіз ел ретінде мойындады. Жаңа мемлекетті әлем мойындаған соң ішкі славян диаспора өкілдерінің сепаратистік ойы іске аспай қалды. Осылайша қантөгіссіз-ақ ұлы күнге қол жеткізген жайымыз бар.
Өз қазағымызды өзекке тебу – елдігімізге сын
− Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қатар, шетелдегі қазақтардың Отанына оралуына жол ашылғанына да 30 жыл толып отыр. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы есте қалған ерекше оқиғалардың бірі – елімізде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайының өтуі. Мұндай айтулы жиынның басы-қасында өзіңіз болып, оның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқаныңызды білеміз...
− Алғашқы құрылтайдың басты мақсаты – шартарапқа тарыдай шашылған қандастарымыздың басын қосып, елге шақыру еді. Мұндай алқалы жиынды бізден бұрын көптеген ұлттар өткізді. Украин, беларусь, латыш, грузиндер жан-жақтағы қандас бауырларын шақырып, съезд ұйымдастырды. Тіпті Ресейдің құрамындағы татар, башқұрттар да олардан қалыспай, өзге елде жүрген бауырларын өздеріне тартты. Ал біз елдегі өзге ұлттың көңіліне қаяу түсіріп аламыз ба деп жалтақтап, ұзақтау жүріп қалдық. Тіпті құрылтаймен қабаттастырып, өзге этностардың достық фестивалін де өткізбекші болдық...
Алғашқы алқалы жиынға әлемнің 33 елінен қазақтар қатысты. Еліміздің шын мәнінде тәуелсіз мемлекет болғанын өз көзімен көрген қандастарымыз өзегі жарыла қуанып, атажұртына оралуға ниетті екенін жеткізді. Құрылтайдан кейін елімізге қандастарымыздың алғашқы көші ағылып, көңіліміз тасыды. 1991 жылдан бері елге оралған ағайындардың саны 1 миллионнан асты. Олардың ішінде мәдениет, білім, ғылым және тағы басқа салаларда үлкен табыстарға қол жеткізген бауырларымыз көп. Мысалы, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков, әйгілі суретші Әбдімәлік Бұқарбаев, опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы, белгілі тұлғалар З.Қинаятұлы, Қ.Сартқожаұлы, Т.Зәкенұлы, Д.Мәсімханұлы, А.Ахметбек, биші Шұғыла Сапарғалиқызы, боксшы Б.Сәрсекбаев, тағы басқа да көптеген азаматтардың еліміздің дамуына қосқан үлесі үлкен.
− Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары қазақтардың елге оралуы бәсеңсіп қалды. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп болуы мүмкін?
− Оның басты себебі, билік азаматтық алуды қиындатып жіберді, бюрократияға жол берді, төрт жыл бойы азаматтық алу туралы арыздарды көш-қон полициясы қабылдамай қойды. Тарихи Отанына көшіп келгендерге қазақ екеніңді дәлелде дегенді шығарды. Азаматтығы жоқ адамдарға жер телімі, балаларына және өздеріне жәрдемақы берілмеді.
Біздің осалдығымыз – елімізде қазақтың саны көбейсе, ұлт ретіндегі, мемлекет ретіндегі тұғырымыз да нығая түсетінін ұғынбай жатқанымыз. Қазақстанның жері ұлан-ғайыр, оған көз алартатындар әлі де бар. Оларға тойтарыс беру үшін елге шын жаны ашитын, қорғайтын азаматтар қажет. Бұл ең алдымен ұлттың қауіпсіздігі үшін, кең-байтақ жерге ие болу үшін керек.
Алғашқы көш тым жақсы басталған еді. Бірақ оның соңы бәсеңсіп қалды. Билікте жүрген атқамінерлер арасында қандастарға деген теріс көзқарас қалыптаса бастады. Қандастарды бауырға тартудың орнына шетқақпайлап сыртқа тебу, бюджеттің ақшасына ортақтасатын масыл адам ретінде қарау олардың сағын сындырды. Егер мықты ел боламыз десек, мұндай тар ниетті түзетуіміз керек. Біртұтас ұлтты «сырттан келген қазақ, ішкі қазақ» деп бөлуге жол бермегеніміз абзал. Туған жер, Отан деген кең ұғым. Біз кезінде күшпен қоныстандырылған өзге этностың өкілдерін де құшағымызға тарттық қой. Ал шетелдегі қандастарымыз – өз қазағымыз, өз қанымыз. Оларды өзекке тебу − елдігімізге сын. Қазіргі таңда сырттан көшіп келген ағайындарға азаматтық бермей, сандалтып қойды. Қазақтығыңды дәлелде деген не сөз?! Ақылға қонбайтын заңдар шығарып алдық та, қандастарымыздың елге келуін тежеп тастадық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі соңғы жылдары қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы бәсеңдеп кеткенін, осы мәселеге мән беру керектігін айтты. Сондықтан қазақтың көші тоқтамауы тиіс. Егер тағы бір миллион қазақты елге тартсақ, «қазақстандық мемлекет» емес, «қазақ мемлекеті» болар едік.
− Соңғы кездері өңірлерге этностық қазақтардың көшіп келуіне арналған квота саны күрт азайып кеткені де жиі айтылып жүр...
− Квота деген – қандастарымыздың келуін шектеу. Бұл белгілі бір саннан артық адамды елге қабылдамаймыз деген сөз. Мысалы, бір отбасында орта есеппен бес адам болады деп есептесек, квота соларға ғана есептелген. Ал ол адамның туыс-туғандары жоқ па? Кім жақын туыстарын алыс елге тастап кеткісі келеді?! Сондықтан өзі аз квота орындалмай жатыр. Квота дегенді алып тастаған жөн. Атамекеніне оралғысы келген қандастардың бәріне жол ашық болуы қажет. Жалпы квота деген бізде ғана бар. Отандастарын көп қабылдайтын Ресей, Германия, Израиль, Грекияда квота деген атымен жоқ. Олар келген қандастарының бәрін қабылдай береді.
Кеңес кезінде кейбіреулер «қазақ азсыңдар, елдеріңде тұрған өзге халықты қалай басқарасыңдар?» деп мұқататын еді. Ал қазір ешкім олай айта алмайды. Өйткені халқымыздың үлес салмағы басым. Тәуелсіздік алдында қазақтар 44% болса, бүгінде 70%-ға жетті. Демографияны көтеруге әлі де күш салуымыз қажет. Көшті уақытты оздырмай, қазір жалғастырғанымыз абзал. Кейін кеш болады. Өйткені шеттегі қазақтар ассимиляцияланып жатыр. Мысалы, тілін, дінін сақтаған деп түркиялық қазақтарды көп мақтаймыз ғой. Олардың өзі атасы қазақ болса, баласы шала қазақ, ал одан туған ұрпақ ана тілінде кібіртіктеп әрең сөйлейді. Демек, енді 15-20 жылда олар жергілікті ұлтқа жұтылып, ассимиляцияға ұшырап, мүлде қазақ болудан қалу қаупі бар. Сондықтан шеттегі 6 млн-нан астам қазақты уыстан шықпай тұрғанда елге әкеліп алуымыз керек. Қытайдағы қазақтар − қытай тілінде, Өзбекстандағылар өзбекше оқып жатыр. Ресейде 1 миллионнан астам қазақ бар, бірақ бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Соңғы өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Ресейдегі қазақ мектебінің директоры сөз сөйлеп, «бізге жәрдем беріңіздер, жалғыз қазақ мектебі жабылғалы жатыр» деп айтқаны есімде. Ал Қазақстанда әр ұлттың тілін, дінін, мәдениетін дамытуға жағдай жасалған. Тіпті атын тарихтан естісек те түрін көрмеген, ұлт ретінде жойылған ассириялықтардың өзі елімізге келіп, тілімізді дамытамыз деп үкіметтен ақша алып отыр деп естиміз. Біз де шетте жүрген қазақтарға қолұшын беріп, олардың тілін, ділін ұмытып қалмауына жағдай жасауымыз керек.
Қауымдастықтың міндеті – қиырдағы қазақтарға қамқор болу
− Сіз ұзақ жыл бойы Тель-Авивте дипломатиялық қызмет атқардыңыз. Еврейлердің репатрианттарды қабылдау ережесі керемет деп естиміз. Осы туралы айтып берсеңіз?
− Израильдің жері шағын. Соған қарамастан отыз жылдың ішінде бұрынғы Кеңес Одағынан бір миллионнан астам еврейді жинап алды. Тель-Авив халықаралық аэропортына кіре қалсаңыз, үлкен әріптермен иврит және орыс тілінде жазылған «Всем желающим принять гражданство государства Израиль, просим пройти в зал» деген хабарландыру бірден көзге түседі. Залға келушілерді аяғын жерге тигізбей күтіп алып, шай, кофесін ұсынып жатады. Азаматтар төлқұжатқа «еврей» деп жаздырса, Израиль үшін ол − үлкен олжа. Анасы не әжесі еврей болса жеткілікті, бірден сол адамға Израильдің азаматтығын береді. Басқа ешқандай құжат талап етпейді. Содан кейін жаңа азаматтарына бар жағдайды жасап береді: үй немесе пәтерге көлікпен апарып тастайды, жәрдемақыны қолма-қол банк чегімен қолына ұстатады. Иврит тілін тегін үйретеді. Оған қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде сырттан келгендер әрі кетсе бір айдың ішінде иврит тілін меңгеріп шығады.
− Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қазіргі жұмысына қандай баға берер едіңіз? Қауымдастық қандай мәселелерге ден қойғаны жөн?
− Әлбетте, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тікелей міндеті − елден тысқары жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнатып, мәдени-рухани, оқу-білім бойынша жәрдемдесу. Отанына оралған қандастарға қолұшын беріп, қоғамға бейімделуіне қамқорлық көрсететін де осы қауымдастық болуы тиіс. Қазір бұл ұйым жұмысын мүлде тоқтатқан секілді. Хабар-ошар жоқ. Өткенде Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары З.Тұрысбековке кіріп, зиялы қауымды шақырып, отырыс өткізуге сұранып тұрғанын айттым. Қазір шеттегі қандастарымыздың тағдырына байланысты көптеген мәселе түйдектеліп тұр. Қытайдағы қазақтарға жәрдемдесу керек. Соңғы жылдары қандастарымыз көп тұратын елдерде қазақ мектептерінің саны 30%-ға азайып кеткен. Мысалға, Түркияда Абай атындағы түрік мектебі бар. Ондағы оқушылардың 20%-ы − қазақтар. Мен осы мектепте болып, директорына «неге балаларды қазақша оқытпайсыздар?» десем, Түркияның заңы бойынша барлық бала түрікше оқуға міндетті екен. Тіпті факультативті сабақ ретінде де өткізуге болмайтын көрінеді. Міне, осындай мәселелерді шешуге Ыстанбұлдағы консулдық, Қауымдастық үн қосып, қиырдағы қазақтардың тілі, мәдениетіне қатысты туындаған түйткілдерді Үкіметке жеткізуі керек. Қазақтарды Отанға шақыратын да, келтіретін де – қазақ елшілігінің, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының міндеті. Сондықтан Қауымдастықтан жүйелі жұмыс пен іргелі істер күтеміз. Қазір еліміздің Үкіметі тарапынан этностық қазақтарды қолдайтын «Отандастар» деген қоғамдық қор құрылды. Қандастарды қолдауға арналған қаржы осы қорға келіп түседі екен. Бірақ шеттегі қандастармен жұмыс істейтін елшілік, консулдықтарда бұл қордың өкілі жоқ. Биыл Сыртқы істер министрлігінде Қазақ диаспорасымен жұмыс жүргізетін басқарма қайта құрылды. Сондықтан «Отандастар» жұмысын ширату, қандастарға қамқорлық көрсету үшін бұл Қорды Сыртқы істер министрлігінің басқаруына берген жөн. Сондай-ақ қысқартылып кеткен Көші-қон және демография агенттігін де қайта ашу керек. Қандастарымыздың мәселесімен тікелей айналысатын жеке агенттік болуы керек. Сонда бірталай мәселе шешімін тапқан болар еді.
Әңгімелескен
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Еgemen Qazaqstan»