• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Сәуір, 2021

Отандық әуежайларды жаңғырту мәселесі талқыланды

298 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі әуежайларды дамыту және жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Жиынға қатысқан облыс әкімдіктерінің, Азаматтық авиация комитетінің, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері және әуежайлардың басшылары Шымкент, Орал, Өскемен, Үржар және Үшарал қалаларындағы инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ, Түркістан қаласы әуежайының бағыттық желісін ұлғайту жөніндегі алдағы жоспарлар қаралды.

Жобалар инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда.

Министр Азаматтық авиация комитетіне және жергілікті атқарушы органдарға инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы аяқтау және қайта құру кезінде әуежайлардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді.

Жазғы кезеңде Өскемен және Үржар қалалары әуежайларының күрделі жөндеуге жабылуына байланысты министр Алакөл жағалауына көліктермен жетуде қолжетімділікті, оның ішінде автобус және теміржолмен тасымалдау сыйымдылығын ұлғайту есебінен қамтамасыз етуді тапсырды.

Анықтама үшін:

Шымкент әуежайы

Шымкент қаласының әуежайында

СКАТ әуе компаниясы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жалғастырып жатыр. Оны іске асыруға жеке инвестор 8,9 млрд. теңге жұмсады. Заманауи жабдықтар (лифтілер, эскалаторлар, телескопиялық траптар, жүк таспалары және т.б.) сатып алынды. Жобаны іске асыру ИАТА халықаралық стандарттарына жауап беретін қазіргі заманға сай терминалда жолаушыларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ өңірдің транзиттік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді.Анықтама: жаңа жолаушылар терминалының параметрлері: ауданы – 30 000 ш.м; өткізу қабілеті – сағатына 2 000 жолаушы. Инвестицияның жалпы сомасы - 12 млрд теңге.

Шымкент қаласының әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және жеке инвестормен бірлесіп, жыл соңына дейін жаңа терминалды пайдалануға беруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Шымкент қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының жай-күйіне және жөндеу жүргізуді қажет тететін проблемаларын атап өтті. Министр ұшуларды тоқтатпай, ағымдағы жөндеу жүргізуді тапсырды.

Орал әуежайы

Биыл Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін реконструкциялау аяқталады деп күтілуде. Жобаны іске асыру жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Қайта жаңартудан кейін аэровокзалдың ауданы мен әуежайдың өткізу қабілеті екі еседен астам ұлғаяды.

Кеңес барысында әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету деңгейінің проблемалық мәселелері, атап айтқанда, көшеде жүк беру мәселелері талқыланды.

Жобаны уақытылы аяқтау үшін жергілікті биліктің Орал қаласы әуежайы әкімшілігімен өзара тығыз іс-қимыл жасау қажеттігі атап өтілді.

(Терминал алаңын кеңейту – 4000-нан 10 000 м2-ге дейін, өткізу қабілеті-сағатына 400 жолаушы, құны - 6,6 млрд теңге.)

Өскемен қаласы және Үржар әуежайлары

Шығыс Қазақстан облысында бір мезгілде Өскемен және Үржар қалаларының әуежайларында ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау бойынша 2 жоба іске асырылуда.

Өскемен қаласының әуежайында 2 500-ден 2 800 м-ге дейін ұзартылатын ЖҰҚЖ-ны реконструкциялау, рөлдеу жолдары, перрон, жарық сигналдық жабдық орнату және т. б.қайта жаңартудан кейін әуежай отандық және шетелдік әуе компаниялары пайдаланатын B767, 737, 757, A-320, A-321 әуе кемелерін қабылдай алады.

Үржар әуежайын қайта жаңарту Алакөл жағалауына әуе көлігімен қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жобада ұзындығы 1 500-ден 2 100 м-ге дейін ЖҰҚЖ, рөлдеу жолын, перронды қайта жаңарту, жарық сигналдық жабдықты, периметрлік қоршауды орнату және т. б. көзделген.

Қайта жаңартудан кейін әуеайлақ Embraer 190, BombardierQ-400, CRJ-200 заманауи реактивті және турбовинтті ӘК қабылдай алады. Бұл жазғы маусымда Алакөл көлінің жағалауындағы әуе көлігімен туристер ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Үшарал әуежайы

Қаражат бөлінген жағдайда ішкі туризмді дамытуға бағытталған Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды бастау жоспарлануда.

Жобаны іске асыру Үшарал әуежайына A-320, B757, 737, CRJ 200, Embraer 190, BombardierQ-400 әуе кемелерінің заманауи түрлерін қабылдауға мүмкіндік беретін ҰҚЖ ұзартуды көздейді.

Түркістан қаласының әуежайы

Заманауи инфрақұрылымның арқасында Түркістан қаласының әуежайы ішкі және халықаралық рейстерді ұлғайтуда.

Қазіргі уақытта аптасына 6 рет Нұр-Сұлтан қаласына (19 сәуірден бастап - күн сайын), 4 рейс - Алматыға, аптасына 2 рет - Ыстамбұл және Атырау қалаларына әуе рейстері орындалады. 2020 жылғы 1 желтоқсаннан бастап әуежайдан 28 мыңнан астам жолаушы тасымалданды.

Министрлік Ташкент (Өзбекстан), Бішкек (Қырғызстан) қалаларына халықаралық рейстерді, сондай-ақ республика ішіндегі (Ақтау, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Қостанай, Өскемен, Қарағанды және т.б.) рейстерді ашу мәселесін пысықтауда.