Қызылорда облысында көптеген іс-шара онлайнға қайта көшіріліп жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өтетін брифингтер де осы форматқа ауыстырылды. Апта басындағы брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аймақта эпидемиялық ахуалдың алдын алу бағытындағы жұмыстарды баяндады. Ақпан айынан бері облыста 20 мыңға жуық тұрғын екпе алған. Былтырдан бері 4 798 адам коронавирус індетін жұқтырыпты. 18 сәуірде олардың қатарына тағы 35 тұрғын қосылды.
– Инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 200 төсектік орын дайын. Оның 500-ден астамы орталықтандырылған оттегімен қамтылған. Аймақтағы медициналық ұйымдарда 686 оттегі концентраторы, 251 өкпені жасанды желдету, 8 компьютерлік томограф және 66 рентген аппараты бар, – дейді басқарма басшысы.
Медициналық мекемелер мен дәріханалар қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілді. Дәрі-дәрмектің 2 айға жететін қоры жасақталып тұр. Медицина қызметкерлерінің індетті жұқтыру көрсеткіші азайыпты. Басқарма басшысы тәуекел тобындағылардың ерекше бақылауда тұрғанын да айтып өтті. Осы күні 138 дәрігерлік мобильдік топ үйден ем жасауда. Аймақта 6 оттегі стансасы бар. 200 орындық модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталды, алдағы айда пайдалануға беру жоспарлануда. Вакциналау облыс орталығындағы 5 емханада, облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында, «Интертич» клиникасында, барлық аудан мен Байқоңыр қаласында жүргізілуде. Екпе талапқа сай, температуралық режімді қадағалайтын арнайы машинамен халық санына қарай егу орындарына жеткізіліп тұр.
Онлайн брифингке былтыр індет өршіп тұрған шақта «Сейхун» провизорлық стационарында жұмыс істеген дәрігерлердің бірі Нұрлан Нұрпейісов те қатысты. Кенеттен жабысқан кеселден науқастардың қиналған сәтін көрген тәжірибелі маман індеттің етек жаюына өзіміздің сақтық шараларына салғырт қарауымыз себеп болып отырғанын айтады.
– Мен өз еркіммен екпе салдырған медицина саласы қызметкерлерінің бірімін. Вакцинадан кейін өзімді жақсы сезіндім. Қазір денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ. Ең бастысы, дертке шалдығып қалу қорқынышынан арылдым. Өзім және жақындарым үшін алаңым азайды. Дегенмен қосымша сақтық шараларын сақтап жүрмін, – дейді дәрігер.
Бетперде тағып, арақашықтықты сақтаудың маңыздылығы аз айтылып жатқан жоқ. Осыған шындап құлақ асатын кез келді. Күндіз маманның кеңесін бас шұлғи тыңдап, кешке жасырын той-томалақтың төрінен табылатындар көп. Өзіміздің осы әдетімізді жеңсек, кеселдің де беті қайтар еді.
Қызылорда облысы