Польшаның Кельце қаласында бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Айтулы жарыста Қазақстанның ұлдар және қыздар құрамасы барлық салмақ дәрежелері бойынша бақ сынады. Нәтижесінде, шаршы алаңға шыққан 20 өреніміздің тең жартысы жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл біздің ұлдар мен қыздар үшін айтарлықтай жақсы көрсеткіш екені даусыз.
Бес жігітіміз
жеңіс тұғырына көтерілді
Польшада бес жігітімізге жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады. Тұсаукесер кездесуінде Нұржан Аманкелді (69 кило) ресейлік Шераф Ашалаевтан айласын асыра алмады. Кубалық Брайан Леон Сальгадо Ерасыл Жақыпбековті (81 кило) сан соқтырып кетсе, Кенже Мұратұлы (52 кило) мен Аманат Сабырғали (+91 кило) екінші кезеңде сүрінді. Екеуі де Өзбекстанның өкілдеріне есе жіберді. Ширек финалда Мәди Алтынбаевтың (91 кило) асығы алшысынан түспеді. Қандасымыз үндістандық Вишал Гуптаға жол берді.
Ширек финалда 56 кило салмақта сайысқа түскен Ерболат Сабыр мен 64 кило салмақта күш сынасқан Сабыржан Аққалықовтың өнері көпшілікті сүйсіндірді. Екеуі де Куба боксшыларына қарсы жекпе-жекте өте сауатты тактика ұстанып, күмәнсіз жеңіске жетті. Ерболат Сабыр Иван Родригес Хортадан әлдеқайда алымды көрінсе, Сабыржан Дариан Хавьер Кастроны қапы қалдырды. 75 кило салмақтағы Диас Молжігітовтің литвалық Александр Трофимчуктен мерейі үстем болды. 49 салмақтағы Санжар Ташкенбай өзбекстандық Ибрагим Исжоновтан айласын асырса, 60 кило салмақтағы Елнұр Сүйінбай бразилиялық Юри Дос Рейестен басым түсті. Осылайша, бес жігітіміз жартылай финалдық межеге жетті.
Жартылай финалда аса жеңіл салмақтағы Санжар Ташкенбай алғашқы болып рингке көтерілді. Ол үндістандық Бишвамитра Чонгтамны жеңді. Командалық әріптесінің жеңісті жолын Ерболат Сабыр жалғастырды. Қандасымыз Еуропа біріншілігінің жеңімпазы, ресейлік Алексей Шендрикке шаң қаптырып кетті. Елнұр Сүйінбай да ел сенімін ақтады. Ол колумбиялық Джон Оробионы жолынан ығыстырды. Сабыржан Аққалықовтың да айдарынан жел есті. Жалынды жас үндістандық Анкит Нарвалды еш қиналмай ұтты. Ал Диас Молжігітов пен ресейлік Михаил Усов арасындағы жекпе-жек өте тартысты өтті. Алғашқы раундта Диас 1:4 есебімен ұтылғанымен, келесі раунда қарқынын күрт күшейтті – 5:0. Бәсекенің соңғы бөлігінде Диас алымды көрінген еді. Бірақ әділдікті белден басқан төрешілер Еуропа біріншілігінде күміс медальды иеленген Ресей боксшысының қолын көтерді.
Жарыстың соңғы күні ақтық айқастарды тамашаладық. Санжар Ташкенбай ресейлік Роберт Бадалянмен кездесті. Біздің жігіт барлық жағынан басым болды. Еуропа чемпионы қанша жанталасқанымен, Ташкенбай оған адым аштырмай, үнемі орап отырды. Оң қолмен де, сол қолмен де сілтеген соққылары нысанаға дөп тиіп жатты. Нәтижесінде, барлық төрешілер Санжардың мықтылығын мойындады.
Көп кешікпей Ерболат Сабыр рингке көтерілді. Ол Сачинмен сайысқа түсті. Жасыратыны жоқ, қандасымызға қарағанда Үндістанның өкілі алымды көрінді. Өзінің жылдам әрі жинақы қимылының арқасында Сачин әлем чемпионы атанды. Ерболат күміс медальды қанағат тұтты. Сол секілді Елнұр Сүйінбай да екінші орында қалып қойды. Жапониялық Рейко Цуцумиге қарсы жекпе-жекте ол бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдалана алмады. Қарсыласы өзінің сауатты тактикасы мен жанкештілігінің арқасында жеңіске жетті.
Ал 64 кило салмақта күш сынасқан Сабыржан Аққалықовтың мерейі үстем болды. Украиналық Бозорбой Матякубовпен айқасты басынан аяғына дейін бір деммен өткізген қазақ боксшысы қарсыласын әбден төмпештеді. Нәтижесінде, төрешілердің барлығы да Аққалықовты жеңіске лайық деп тапты. Сөйтіп Сабыржан да әлем чемпионы атанды.
Осылайша, Қазақстанның жастар құрамасы Польшадағы жарысты 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен қорытындылады. Осы нәтижемен жалпыкомандалық есепте екінші орынды иелендік. Алдымызда – Ресей боксшылары. Олар 2 алтын, 3 күміс және 2 қоланы олжалады. Үшінші орында – Өзбекстан құрамасы. Олар 2 алтын мен 2 қоланы қоржынға салды. Сондай-ақ Украина (1 алтын+2 күміс+2 қола), Үндістан (1+0+3), Жапония (1+0+0), Куба (1+0+2), Польша(0+1+0), Армения (0+1+0) және Черногорияның (0+1+0) былғары қолғап шеберлері үздік ондықтың қатарына қосылды. Барлығы бұл жарыста 17 мемлекеттің өрендеріне жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды.
Осыған дейін ұйымдастырылған жастардың әлем біріншілігінде Қазақстанның әнұраны екі реттен артық шырқалған емес. Ең елеулі табысқа біз осыдан жеті жыл бұрын қол жеткізген едік. 2014 жылы Софияда өткен байрақты бәсекеде Шалқар Айқынбай мен Абылайхан Жүсіпов бас жүлдені олжалап, барша қазақ жанкүйерлерін қуантты. Сол жарыста Сұлтан Зәуірбек пен Вадим Казаков ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста ұтылып, күміс медальды мойындарына ілді.
Бұрымдыларымыз
бес жүлде алды
Қыздар арасындағы жарыста да барлық 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынадық. Өкінішке қарай, Арайлым Марат (48 кило), Гүлнар Тұрапбай (51 кило), Айшагүл Елеубаева (54 кило), Назерке Серік (57 кило) және Милана Аюпова (64 кило) жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Ал қалғандары жартылай финалға дейін жетіп, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Бұл межеде 60 кило салмақтағы Жұлдыз Шаяхметова өзбекстандық Дильфуза Бековадан басым түссе, 75 кило салмақтағы Дана Дидай сол елдің тағы бір өкілі Сохиба Рузметовадан айласын асырды. Осы кездесулердің екеуінде де біздің қыздардың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Ал Жасмин Қизатова (69 кило) польшалық Барбара Марчинковскаға, Әсел Сағатова (81 кило) ресейлік Ксения Олифиренкоға және Елдана Тәліпова (+91 кило) молдовалық Дарья Козорезге жол беріп, қола медальды қанағат тұтты.
Финалда қазақтың қос қызы Үндістанның өкілдерімен қолғап түйістірді. Байрақты бәсекеге үнділердің керемет даярлықпен келгені бірден байқалды. Үнді елінің жеті қызы ширек финалға дейін жетіп, олардың барлығы да өз қарсыластарынан басым болды. Жартылай финалда да әлгі жетеудің жолы болды. Ақтық сайыста да үндістандықтар мерейі үстем болды. Шешуші тұста Жұлдыз Шаяхметова Винкаға, ал Дана Дидай Санама Чану Токчомға қарсы шықты. Өкінішке қарай, Жұлдыз қарсыласының қарқынды шабуылына төтеп бере алмады. Нәтижесінде, Винка алтын алса, Шаяхметова күміс медальды қанағат тұтты. Көп кешікпей рингке Дана көтерілді. Бұл бәсеке шиеленіске толы болды. Екі жақ та аянып қалған жоқ. Десек те төрешілер жеңіске Токчомды лайық деп тапты.
Жалпыкомандалық есепте Үндістан құрамасы алдына жан салмады. Олар жеті алтынды олжалап, төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырды. Екінші орындағы Ресейдің қоржынында 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль бар. 1 алтын, 1 күміс және 4 қоланы еншілеген Өзбекстанның өкілдері үшінші сатыға жайғасты. Төртінші және бесінші орындарда – Түркия (1+0+0) мен Польша (0+2+5). Ал Қазақстан құрамасы алтыншы сатыға табан тіреді. Польшадағы жарысты біздің қыздар 2 күміс және 3 қола медальмен қорытындылады.