Елімізде интернет алаяқтығының саны күрт өскен. Жыл басталғалы бері қылмыстың осы түріне қатысты 7 мыңға жуық іс анықталды. Ал осыдан 3-4 жыл бұрын мұндай сан бір жылда тіркелетін.
Ішкі істер органдары интернет алаяқтыққа қарсы қандай іс-шараларды қолға алуда? Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет? Ел-жұрт неліктен қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді? Осы және өзге де сұрақтарға онлайн-брифинг барысында жауап берген ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов: «Интернет алаяқтықтың ең басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалатындығында», деп атап өтті.
Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. «Уақыт талабынан олар да қалыс қалмай келеді», деген спикер ғаламтордағы әккілердің, әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отырғанын мәлімдеді. «Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр», дейді Қ.Нұрмағамбетов.
«Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды», деген ІІМ өкілі қолында компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескертіп өтті.
Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram әлеуметтік желісінде кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Брифинг барысында Қанат Базарбайұлы таяуда ғана осы әлеуметтік желі арқылы әшкереленген бір дерекке тоқталды. Оның айтуынша, Instagram арқылы жалған хабарландыру берген Жамбыл облысының тұрғыны 40-тан астам адамды алдап соққан. Әйелдер киімін сатамын деп, талайдың ақшасын қалтасына басқан келіншек тұтынушылардың сеніміне қалай кіру керектігін ғана емес, онлайн-сауданың қыр-сырын да мықты меңгеріп алған.
Қарағанды облысында ұсталған «онлайн-саудагер» де интернеттің мүмкіндігін мүлт жібермеген. Ол интернетке «автобөлшектер сатамын» деп өтірік ақпарат таратып, соған сеніп келгендердің ақшасын алдап қалтасына салып отырған. Қазіргі таңда әккі саудагердің осындай 23 алаяқтыққа қатыстылығы анықталып отыр. Тағы бір дерек Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Бұл жолы азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдаланған интернет алаяқ құрбандарының атынан онлайн-несие рәсімдеген. Тергеу барысында несие рәсімделген құжаттарды иелерінің бір кездері жоғалтып алғаны белгілі болып отыр. Осы екі ортада арам ойын іске асырып үлгерген қаскөй 50 адамды қарызға батырып кеткен.
«Бір айта кетерлігі, осындай эпизодтарға ұқсас қылмыстық істерді еліміздің барлық аймағынан кезіктіруге болады», дейді Қ.Нұрмағамбетов. Оның мәлімдеуінше, тоқсан сайын ел көлемінде жүргізілетін Anti-fraud, Hi-tech жедел операцияларының барлығы кибер қылмыстардың алдын алу, осыған ұқсас заңсыздықтарды әшкерелеуге бағытталған. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге, сондай-ақ ерекше қызығушылық танытатын пайдаланушылардың парақшаларына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Бұл тәсіл интернеттегі алаяқтық схемаларды анықтауға көп септігін тигізеді. Осындай алдын алу іс-шараларының арқасында жақында ғана полиция қызметкерлері «қаржы пирамидасы» қағидаты бойынша ойындарға қатысуды насихаттайтын бірнеше топтың заңсыз әрекетін әшкерелеген.
Соның бірі – WhatsApp мессенджерінде анықталған «Бәс тігуден – кассаға» деп аталатын чат. Оны құрушы спорттық сайыстарға тиімді ставка тігіп, сол арқылы 50 пайыз кіріс алуды жарнамалап келген. Чат әкімшісі – Тараз қаласының тұрғыны спорттық жарыстарға бәс тігіп, тез байып кетуді армандаған адамдарға 30 мыңнан бастап, 100 мың теңгеге дейін ақша салдыртып отырған. Осыған қарап-ақ мессенджердің спорттық ойындарға бәс тігу казинодағыдан да қауіпті құмарлық алаңына айналғанын аңғаруға болады. Тараздық пысықай осылайша бәс тігуге басымен кіріп кеткен 14 адамды алдап соққан. Ал Шымкент қаласының бір тұрғыны WhatsApp арқылы «санаулы күнде ақшаңызды көбейтіп беремін» деп, бірталай адамды жалпы сомасы 4 миллион теңгеге тақырға отырғызып кеткен.
Кейінгі кезде алаяқтардың «Сіздің нөміріңіз бір ұтыста жеңімпаз атанды» деп кез келген кездейсоқ абоненттік нөмірге қоңырау соғуы немесе SМS-хабарламалар жіберуі жиілеп кеткен. Арам ниеттілер ұтысты басқа қаладан алып кетуді немесе жеңіп алған тауардың құнын пластикалық картаға аударуды ұсынады. Мәселен, дәл осындай қитұрқылыққа толы жолмен 40-тан астам адамды алдап, ақшаларын жымқырып кетіп отырған күдікті жақында ғана қолға түсті. Павлодар қаласының тұрғыны өзін «Самсунг электроникс» ЖШС қызметкері ретінде таныстырып, құнды жүлденің ұтысқа қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. «Жүлдені сіздің абоненттік нөміріңіз кездейсоқ таңдау арқылы жеңіп алды», деп «жеңімпаздарды» желпіндіріп, ұтысты жеткізіп беру үшін тауарға қосылған құн салығын ғана төлеу керектігін айтып, 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейінгі «салықты» белгілі бір шотқа жібертіп отырған. Тергеу барысында алаяқтың осыған ұқсас 44 қылмыс жасауға қатыстылығы белгілі болып отыр.
«Айта кетерлік тағы бір жайт, интернет алаяқтықтың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие. Мәселен, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді. Өйткені өзге елде жүрген күдіктінің немесе жәбірленушінің жеке тұлғасы мен мекенжайын анықтау үшін шет мемлекеттегі құқық қорғау органдарына сұрау салу мен тапсырмалар жіберу міндетті болып саналады. Ал бұл іс-шараның барлығы бірден шешіле қоятын оңай шаруа емес», дейді Қ.Нұрмағамбетов.
Сөз соңында Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына тоқталып, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.