ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың орынбасары сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің Бас ассамблеясының кезектен тыс отырысы сырттай өтті. Ұйымның жоғары басқару органы бірқатар мәселелерді қарастырды.
Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі - Қазақстан ҰОК-тың халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президентін сайлау болды.
Жиналыс мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Қазақстан ҰОК Атқару комитетінің қазіргі мүшесі Үміт Шаяхметованың кандидатурасы вице-президент лауазымына 2024 жылға дейін қызмет ету мерзімімен бекітілді. Осылайша, ол еліміздің Олимпиадалық комитетінің тұңғыш әйел вице-президенті болып тағайындалды.
«Бүгін Бас ассамблея Үміт Болатханқызы Шаяхметованы жетекші орындардың біріне мақұлдап, өте маңызды шешім қабылдады. Инклюзия, ынтымақтастық, әртүрлілік және гендерлік теңдік - Халықаралық Олимпиадалық Қозғалысты дамытудың негізгі басымдықтарының бірі. Біз барлық деңгейдегі әйелдердің спорттағы жетістіктерін көтермелеуге және қолдауға ниет білдіреміз және ұлттық федерацияларды осы бағытта белсенді жұмыс істеуге шақырамыз. Бүгінгі таңда олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларымыздағы әйел спортшылардың саны 46% құрайды. ҰОК әкімшілігінің 59%-ы әйелдер, соның ішінде басым бөлігі басшылық лауазымдарда», деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің Президенті Тимур Құлыбаев.