• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Мамыр, 2021

Соғыс көрмеген солдаттар

1879 рет
көрсетілді

Соғыс жайлы сөз қозғалса, жусанның иісі келеді мұрыныма. Қарның ашқанда танауыңды тигізіп бір жұтып алсаң, жетіп жатыр, денеңе қайта күш біткендей жігерленесің. Біздің ауылдың іргесінде көп өсетін. Жалғызынан айырылған ананың көз жасына суарылып, сүйгенінің аманатындай жол қараған сұлудың жан қалтасында жүретін. Ауыл балалары әкелерін сағынғанда қырға шығып, айнала шауып, үстіне әрі-бері аунап, киімінен күні бойы жусан аңқып тұрады. Сонда ата-әжелер әкелерін неміс өлтірген немерелерінің екі бетін кезек-кезек шөпілдетіп сүюші еді.

Маған бұл әңгімені әжем айтып берген. Балалық шағын сұрапыл соғысқа ұрлатып, маңдайына қыртыс ерте біткен анасының қа­бағынан күлкі көрмеген кездерден сыр тартып. Көзкөрген естеліктер көңілден оңайлықпен кете қойсын ба?! Жыл қазаны сапырылған сайын, сағынышқа ұласып, ой бетіне шығып, көкіректі көріктей қариды. Қыз болып қырдан қызғалдақ термеген соң балдәурен сәттің бауырға басқан қуанышы жоқ екен. Қара қағаз келгенде қара бұлт төбемізге үйіріліп, қараорман халық қараңғыға қамалғандай күй кешетінбіз деуші еді. Қандай ауыр қасірет десеңізші!

Мектеп қабырғасында жүр­генде жазушы Сайын Мұрат­бе­ковтің «Жусан иісі» атты шы­ғар­масын сүйіп оқушы едік. Сондағы басты кейіпкер Аян­ның басынан кешкен оқиғалары жан­ға қатты бататын. Тығылып жы­лап та алушы едік. Өмірден те­пе­ріш көріп, әбден қажыған­да, туған ағасының сырт киімін киіп, қайта-қайта иіскеп, мауқын бас­қан жас баланың тағдырына қарап сұм соғыстың салмағын бағамдайтынбыз. Жел лебімен қалтыраған бір түп жусанның аянышты ғұмыры сол дәуірдің қанды бояуы мен зарлы азабын көз алдымызға әкелетін.

Жусан дүние жүзіндегі ең ащы өсімдік қой. Содан да болар, халқымыз оны барлық ащы нәрсенің теңеуіне қолданады. Жусандай ащы өксігі тамағына тығылып, соры бітпестей кө­рін­ген сұрқай күндердің суығына шыдап бағады. Әрі жұпар иісті, әрі ащы, әрі шипалы осы бір қасиетті шөптің болмысы қазаққа қатты ұқсайды. Құйқалы қазақ даласын жусансыз елестету мүмкін емес. Мұны да апам айтқан. Ол жайлы түрлі-түрлі аңыз-әпсаналар бар. Ол енді ұзақ әңгіме. Кейін айта жатармыз.

«Үзіліпті сол өмір…

Жо, жоқ, өлген жоқ бірақ.

Тек ерлік пен еркіндіктің

өлеңін

Айтар болдық бұрынғыдан

қаттырақ»,

дегендей, енді ол мұңлы жылдар жыл айналып соғатын жыл құсындай мамырда ғана мәнге ие болады. Осы өлеңді жазған Жұмекен Нәжімеденов айтпақшы, батыр аталарымыздың әйнек салған рамкадағы бейнесіне бас иеміз де қоямыз. Өмір солай, бәрі де өткен күннің жаңғырығы ғана. Қазіргі қарабауыр заманда олардың қадіріне жету – қиын­ның қиыны.

Жаңғырық дегеннен шығады, жазушы Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» по­ве­сі есіңізде ме? Соғыстан ке­йін өмірге келген оқырманның ең сү­­йікті шығармасының бірі еді. Со­ғысқа түк қатысы жоқ, біз­дің де көңілімізге сондай ыс­тық туынды-тұғын. Сон­да­ғы мы­на бір үзіндіден-ақ қыр­қын­шы жыл­дардың қасіретін аңға­ра­тын­быз.

«Қырқыншы жылдары бала болған жоқ. Басқа жерлерде болса болған шығар, біздің ауылда болған емес. Бәрі ерте есейді. Олардың жылаған дауыстары сирек естілді. Қиындыққа, жоқ­шылыққа іштен көніп туылды. Күні бойы аш жүріп, кешке қа­рай аш жатты. Бұл – олардың ерлі­гі емес, уақыттың қатыгездігі, уақыттың қателігі еді. Майданда жеңіс үшін, ауылда жеңіс үшін де, тіршілік үшін де күрес жүріп жатты». Кішкентай абзацтан-ақ үлкен қайғының түр-түсін болжайсыз. Сана түкпірінен сан сурет алмасады.

Сол суреттің бірі халық сурет­шісі Әбілхан Қастеевке тиесілі. Ол Қазақстанның бейнелеу өнері тарихында болашақ ұрпақ үшін өшпес із қалдырған тұлға. Өзі денсаулығына байланысты алапат майданға бара алмапты. Әйтсе де соғыс тақырыбындағы плакаттармен жұмыс істеп, кескіндеме туындыларын сомдаған. Соның бірі алдарыңыздағы «Ертегі оқу» картинасы. Бұл картинада бір ғасырдың зары жатыр. Қанды жылдардан қашып үйге тығылған балдәурен сәттердің сызбасындай ызғарлы. Ұзақ қарасаңыз, көңіліңіз босап, бірден Владимир Высоцкий әндерін тыңдағыңыз келеді.

Туындыдан үстел басында кітап оқып отырған кішкентай қыз бен тоқыма тоқыған егде әйелді көреміз. Суретші қылқаламынан шыққан қос адамның ажарында арзу бардай. Екеуі үйде қарапайым іспен айналысып жатса да, үс­ті­не сырт киім киіп, басына орамал таққан. Қыздың бет-әлпе­тінен шаршағандық білінеді. Соғыс жылдары әрбір отбасы қиын­дықты бастан кешті, шала құрсақ өмір сүрді, таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыс істеді, соған қарамастан қолындағы ең соңғы затын майданға көмек­ке жіберіп отырды. Бәрі-бәрі осы картинаның ішінде жатыр. Қараған сайын өз әжемді көр­гендей боламын. Мұзбалақ Мұқағали өз дәуірін:

«Қартайып қалыпсың-ау,

қайран жеңгем!

Қайғыға мойымаушы ең,

Қайдан келген?!

Сағынып жүрсің бе әлде,

қадірлім-ай,

Баяғы жастығыңды,

майданда өлген?»

деп суреттейді емес пе?.. Түй­сін­ген жанға осыдан артық сөз бар ма?!.

Біз – соғыс көрмеген солдаттармыз. Ал әжем болса майданда өлген жастығын жастанып жатып, ұлы соғыстың ұмытылмас күндерінен үзік-үзік сыр шертеді. Тәубе, біздің әкелеріміз соғысты көрген жоқ, біз де көрген емеспіз. Көрмей-ақ та қояйық. Тек арманын майдан жұтқан аталарым­ды аяймын. Олар менің тәуелсізді­гім үшін құрбан болды. ­Жа­рық­тық-ай!