Сенатор Дана Нұржігітова Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің басшыларымен кездесіп, балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу барысында балалардың құқықтарын сақтау және оларды ата-аналар мен уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қорғау мәселелері талқыланды.
Сенатор сондай-ақ еліміз Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылғы қаңтарда VII сайланған Парламент сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында депутаттар бастамасымен әзірленген балалар құқықтарын қорғау туралы заң жобасы қазіргі кезде Парламентте талқыланып жатқаны жайында кездесуге қатысушыларды хабардар етті.
«Балалар біздің болашағымыз. Біздің басты міндетіміз – олардың дауыстарын есту, олардың айтқанына ден қою. Мемлекеттік органдар балалардың құқықтарын қорғауға және оны басқалардан талап етуге міндетті», деді Дана Нұржігітова.
Сенатор халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы балалар мен қандастар балаларының құқықтарын қорғау проблемаларына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, кездесуде балаларды құжаттамалық қамтамасыз ету және олардың білім алу құқықтарын іске асыру мәселелері көтерілді.
Дана Нұржігітова сонымен қатар Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі мен отбасы үлгісіндегі балалар үйінде болып, осы мекемелердің оқытушылар құрамымен және тәрбиешілерімен кездесті. Кездесу барысында онлайн-білім беру сапасы, балалардың психологиялық жағдайы және оқытушылар мен тәрбиешілерді әлеуметтік қолдау мәселелері көтерілді.