Коронавирус індетіне қарсы вакцина салдырған тағы бір Алматы тұрғыны ауруханаға түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Туыстарының мәліметінше, вакцинаның екінші дозасын алған 44 жастағы азамат бір тәулік бойы өзін жайсыз сезінген. Екінші күні қалшылдап ауырып, есінен танып қалған.
Ер адамды жедел жәрдем қызметі №4 қалалық ауруханаға жеткізіп, бірден жансақтау бөліміне жатқызыпты. Оның туыстары науқас екпені жұмысынан айырылып қалмау үшін, мәжбүрлі түрде салдырғанын айтады. Вакцинаның бірінші дозасынан кейін де, бас ауруы жиілеген. Сондай-ақ антибиотикке аллергиясы бар боп шықты.
Қазір дәрігерлер жағдайдың екпемен байланысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Бұған дейін Алматы қаласында 1979 жылы туған азамат вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін қайтыс болды, деген ақпарат тараған болатын.