Елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында «Ashyq» қосымшасы ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әуежайда «Ashyq» қосымшасы апта басынан бері жұмыс істеп тұр. Алдыңғы екі күнде жүйе тест режимінде іске қосылған. Сол аралықта 1 адамда «қызыл» түсті, 4 адамда «сары» түсті мәртебе анықталып, ғимараттың кіре берісінен кері қайтарылған.
«Ashyq» қосымшасының бүгіннен бастап ресми іске қосылуына байланысты барлық келушіге алдын ала қосымшаны жүктеп алып, өз мәртебесін тексеру қажет. Ал жолаушылар билет сатып алмай тұрып мәртебесін анықтау керек. Ashyq.kz қосымшасы арқылы күйді тексеру үшін QR код қолжетімді.
«Сары» және «қызыл» түсті мәртебесі бар жолаушыларға терминал ғимаратына кіруге рұқсат берілмейді. Әуежайға келуші өз мәртебесін алдын ала мобильді қосымшаны жүктеп алып, Ashyq.kz сайтына кіріп үйден шықпай тұрып біле алады. Жолаушының мәртебесі «қызыл» түсті екені әуежайда анықталса, билет құны қайтарылады. Ол үшін әуе компаниясына жүгіну қажет. «Қызыл» немесе «сары» статус анықталған жолаушыларды әуежайдың өз алгоритмі бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдеріне тапсырамыз. СЭС және полиция қызметкерлері бізбен бірге 24 сағат бойы жұмыс істеп жатыр», дейді әуежайдың баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.
«Ashyq» қосымшасын жүктеген адам өз статусын білу үшін әуелі тілді таңдауы керек. Содан кейін телефон нөмірі бойынша тіркеледі. Енгізілген нөмірге коды бар SMS хабарлама келеді. Сол код арқылы тексеру жолына өтіп, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізіп, терминалға кірген кезде QR код беріледі. Осы QR код арқылы жолаушы мәртебесі анықталады. Ал шетелдіктер ЖСН орнына паспорт нөмірі арқылы өз мәртебесін анықтай алады.
«Әуежайға келушіде «Ashyq» жобасын орнататын смартфон болмаса немесе мобильді қосымшаны жүктеп үлгермесе, әуежайдың жауапты қызметкері өзінің мобильді қосымшасымен келушінің ЖСН-sн енгізу арқылы тіркеуге көмектеседі. Сол үшін қызметкерлерге 20 арнайы планшет бөлдік», дейді Әнуар Шалекенов.