Болгарияның бас шаһары – Софияда күрес түрлері бойынша лицензиялық турнир аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айтулы жарыста биыл Жапонияның астанасы – Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарының ең соңғы жолдамалары сарапқа салынған еді. Сол себепті де осы додаға барлық мемлекеттің белді балуандары «бес қаруларын асынып» келді. Өкінішке қарай, Қазақстанның өрендері бұл сайыста тым сүреңсіз өнер көрсетті. Софияға сапар шеккен жеті жерлесіміздің барлығы да жеңілістің кермек дәмін татып, елге құралақан оралды.
Жарысты еркін күрес шеберлері бастады. Нұрислам Санаев (57 кило), Дәулет Ниязбеков (65 кило), Данияр Қайсанов (74 кило), Әлішер Ерғали (97 кило) және Юсуп Батырмұрзаевтың (125 кило) алға қойған мақсаттарына күні бұрын қол жеткізгені жанкүйерлерге жақсы мәлім. Біздің балуандар арасынан тек 86 кило салмақтағылар осалдық танытып жүрді. Атап айтсақ, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған әлем чемпионатында Әділет Даулынбаев сүрінді. Биыл Алматыда өткен лицензиялық турнирде Азамат Дәулетбековтің жолы болмады. Содан ұлттық құрама бапкерлеріне «Соңғы сынаққа кімді қоссақ?» бас қатыруға тура келді. Біраз ойлана-толғана келе олар Болгариядағы бәсекеде Азаматты қайта күрестіруді құп көрді.
Өкінішке қарай, Софияда да Дәулетбеков ел сенімін ақтай алмады. Бастапқы бәсекелерде венесуэлалық Педро Себаллос Фуента (10:0) мен германиялық Ахмед Дударовтан (6:5) басым түскен қандасымыз ширек финалда әзірбайжандық Әбубакр Абакаровпен айқасты. Бұл белдесу 2:2 есебімен аяқталды. Таразы басы тең тұрған жағдайда, ең бірінші кезекте, жасалған әдістің сапасы ескерілетіні белгілі. Бұл ретте Қап тауы қыранының бағы жанып, жеңіс соның еншісіне жазылды. Осылайша, Азамат Дәулетбеков Токио Олимпиадасынан шет қалды.
Еркін күрестен өткен жарыс қорытындысы бойынша Софияда мына саңлақтар Олимпиада жолдамасына иелік етті: 57 кило – Юки Такахаши (Жапония) мен Бехбаяр Ерденебат (Моңғолия), 65 кило – Магомедмұрат Гаджиев (Польша) мен Георгиос Пелидис (Грекия), 74 кило – Магомедхабиб Кадимагомедов (Беларусь) пен Василий Михайлов (Украина), 86 кило – Сохсуке Такатаини (Жапония) мен Борис Макоев (Словакия), 97 кило – Абрахам Де Жезус Кониедо Руано (Италия) мен Альберт Саритов (Румыния), 125 кило – Сергей Козырев (Ресей) пен Сумит Сумит (Үндістан).
Әйелдер күресінен біздің спортшылар бұған дейін үш лицензияға иелік етті. Ол жолдамаларды Валентина Исламова (50 кило), Татьяна Ахметов (53 кило) және Елмира Сыздықова (76 кило) еншілеген еді. Соңғы сынақта Алтынай Сатылған (57 кило), Айна Теміртасова (62 кило) және Жамиля Бақбергенова (68 кило) сайысқа түсті. Бірақ үшеуінің де бағы жанбады. Алтынай тұсаукесер кездесуінде швециялық Йонна Лионборгтан таза жеңілсе, Айна польшалық Александра Волжинскаға еш қарсылық көрсете алмады. Ал Жамиля жартылай финалға дейін жетті. Бастапқы бәсекелерде беларуссиялық Анастасия Зимянкова пен италиялық Далма Каневаны қапы қалдырған қазақ қызы шешуші тұста әзірбайжандық Элис Маноловаға екі ұпай айырмашылығымен ұтылды. Сөйтіп, Олимпия ойындарында Қазақ елінің үш аруы ғана өнер көрсететін болды.
Бұрымдылар арасындағы жарыстың нәтижесі бойынша мына балуандар Токиоға баратындардың тізіміне қосылды: 50 кило – Сеема Сеема (Үндістан) мен Лусия Гузман (Эквадор), 53 кило – Андреа Беатриса Ана (Румыния) мен Ольга Хорошавцева (Ресей), 57 кило – Матхилде Хелена Ривера (Франция) мен Вероника Чумирова (Ресей), 62 кило – Болотуя Херелху (Моңғолия) мен Любовь Овчарова (Ресей), 68 кило – Элис Манолова (Әзірбайжан) мен Мими Христова (Болгария), 76 кило – Ясмин Адар (Түркия) мен Алла Белинска (Украина).
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының да жағдай дәл солай еді. Осы күнге дейін небары үш жолдаманы қанағат тұтып келдік. Ол лицензиялардың иегерлері – Мейрамбек Айнағұлов (60 кило), Асхат Ділмұхамедов (77 кило) және Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило). Ұлттық командамыздың бапкерлері бұл жолы Алмат Кебісбаев (67 кило), Олжас Сырлыбай (97 кило) және Әлімхан Сыздықов (130 кило) сынды шәкірттеріне сенім артуды жөн көрді. Осы үшеудің арасынан бұған дейін тек Олжас қана лицензиялық додаға қатысқан еді. Алматыда өткен турнирде қандасымыз қалың топтың арасында қалып қойды. Бірақ бапкерлер бұл жолы да жас спортшыға сенім артты. Ол сенімді Сырлыбай ақтай алмады. Қандасымыз алғашқы айналымда жапониялық Юта Нараға есе жіберді – 1:2. Әлімхан Сыздықов та алысқа ұзамады. 130 кило салмақта күш сынасқан ол румыниялық Ален Алекук Чурарюдан жеңіліп қалды. Негізінде бұл бәсеке 1:1 есебімен тең аяқталған еді. Алайда соңғы ұпайды қарсыласы иеленгендіктен жеңіс соның уысында кетті.
67 кило салмақ дәрежесінде екі бірдей лицензиялық жарыста Мейіржан Шермаханбет өнер көрсеткен еді. Нұр-Сұлтан мен Алматыда өткен бәсекелерде жас дарын көздеген мақсатына қол жеткізе алмады. Содан бапкерлер сақа спортшы Алмат Кебісбаевті боз кілемге шығаруды құп көрді. 33 жастағы қазақ балуаны бұған дейін Лондон мен Рио Олимпиадаларында жеңіс тұғырына көтеріле алмағанымен, басқа байрақты бәсекелерде олжаға кенелгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Атап айтсақ, әлем чемпионаттарында төрт және Азия ойындарында екі мәрте жүлдегерлер қатарына қосылды, екі рет құрлық чемпионы атанып, екі рет күміс медальді мойнына ілді. Дүниежүзілік Универсиадада үшінші орынды иеленді. Бірақ күллі Алаш жұрты айрықша сенім артқан Алмат Софиядағы сынақта сүрінді. Тұсаукесер кездесуінде Венесуэланың өкілі Энтони Хавьер Паленсия Пуентеспен 5:3 есебімен әупірімдеп жүріп ұтқан ол келесі кезеңде түркиялық Энес Башардан басым түсті – 5:0.
Ширек финалда Кебісбаевтың жолы франциялық Мамадасса Силламен қиысты. Бұл балуанның бағындырған бәлендей белестері жоқ. Оның үстіне, 2018 жылы Будапеште өткен әлем чемионатында қола медальі үшін сайысында ол біздің Мейіржан Шермаханбетпен белдескен болатын. Бұл бәсекеде қазақ балуаны қарсыласын 9:0 есебімен тас-талқан етті. Ал бұл жолы бәрі керсінше болды. Сол үш жыл уақыт аралығында Мамадассаның шеберлік деңгейі қатты өсіп кетті ме, әлде Алматтың бойындағы күш-қуаты кеміді ме, әйтеуір бұл тартыс Силланың пайдасына шешілді – 2:5. Осылайша, көпті көрген Кебісбаев та төртжылдықтың басты додасынан шет қалды.
Грек-рим күресінен Болгарияның астанасында өткен бәсекелердің нәтижесі бойынша мына балуандар Жапонияға баратын болды: 60 кило – Виктор Чиабану (Молдова) менАрмен Меликян (Армения), 67 кило – Парвиз Насибов (Украина) мен Карен Асланян (Армения), 77 кило – Рафик Гусейнов(Әзірбайжан) пен Айк Мнацканян (Болгария), 87 кило – Зураби Датунашвили (Сербия) мен Иван Хуклек (Хорватия), 97 кило – Алекс Серго Сзоке (Мажарстан) мен Артур Омаров (Чехия), 130 кило – Алин Алексус (Румыния) пен Элиас Куосманен (Финляндия).
Софиядағы сәтсіздік балуандық өнердегі біздің жағдайымыз мәз емес екенін тағы бір аңғартты. Әсіресе, жанкүйерлер грек-рим күресінің қазіргі жай-күйіне қатты алаңдаулы. Негізі спорттың бұл түрінде Қазақстанда жеңіспен өрілген тамаша дәстүр бар, мықты бапкерлік мектеп қалыптасқан. Әр жылдары чемпиондар да көптеп шықты. Ал бүгінгі таңдағы табысымыз көңіл көншітпейді. Уақыт озған сайын көрсеткішіміз төмендеп келеді. Тіптен, кейбір салмақ дәрежелерінде ел намысын абыройлы қорғай алатын балуандар жоқтың қасы десе де болады. Міне, осы жағдай қазақ жанкүйерлерін қатты қынжылтып отыр.
Мәселен, 97 кило салмақ дәрежесінде күрестін Олжас Сырлыбайдың өзіне бір емес, екі рет мүмкіндік берілді. Ол іріктеу турнирінің екеуінде де ұтылды. Биылғы жылдың сәуір айында Алматыда өткен додада 130 кило салмақта Қазақ елінің намысын қорғайтын балуан таппай қиналдық. Амалдың жоқтығынан жасы 40-тан асқан Георгий Цурцумияны күрестірдік. Үлкен спорттан қол үзгеніне 13 жылдан асқан ардагер жарытып өнер көрсете алмағаннан кейін бапкерлер жауапты жарысқа жастарды апарған жөн деген шешімге келді. Таңдау Әлімхан Сыздықовқа түсті. Алайда ол да кеңінен көсіле алмады. Міне, кең байтақ қазақ даласынан ауыр және аса ауыр салмақтарда атой салуға жарайтын бірде-бір нар тұлғалы жігіттің табылмағанына қалай күйінбейсің?!
Иә, қазіргі кезде ел арасында «ананы емес, мына балуанды апару керек» деген сыңайды әңгімелер айтылып жатқаны рас. Бірақ, ақиқаттан аттамай, шындықтың бетіне тура қарасақ, Софияда өткен соңғы лицензиялық турнирге кімдерді апарсақ та, нәтиже дәл осындай болар еді. Өйткені, бүгінгі таңда ұлттық құрама сапындағы бірінші нөмірлі балуандарды алмастыра алатын ешкімді көріп отырған жоқпыз. Әр салмақ дәрежесі бойынша тәуір нәтиже көрсетіп жүрген бір, ара кетсе екі спортшыдан ғана бар. Олардың барлығына да өздерін түбегейлі мойындатуға мүмкіндік берілді. Бірақ нәтиже болмады. Сол себепті де ізбассарларды даярлау мәселесін мықтап қолға алу керек. Әйтпесе, ертеңгі күні жағдайымыз қазіргіден де мүшкіл болуы ғажап емес. Ал Токио Олимпиадасының грек-рим күресінен өтетін сайысында Қазақстанның бар-жоғы үш балуан ғана өнер көрсететінін еске алсақ, өкініштен өзегіміз өртеніп қана қоймай, ұяттан жерге кіріп кетуге шақ қалып отырмыз.
Сөйтіп, биыл Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарында өнер көрсететін балуандар толықтай анықталды. Ең көп жолдамаға иелік еткен командалар көшін Ресей құрамасы бастап тұр. Бұл елдің 17 өкілі Жапониядағы жарыста күш сынасады. Екінші орында – АҚШ. Американың 15 балуаны Токиоға баратындардың тізімінде. Жапония мен Куба үшінші және төртінші сатыларға табан тіреп тұр. Айтулы мемлекеттерден 12 саңлақ дәл сондай құрметке бөленді. Жалпы алғанда Қазақстан, Қытай және Иранның да жағдайы жаман емес. Сары құрлықта орналасқан осы үш мемлекеттің әрқайсысының 11 өрені Күн шығыс еліне аттанады. Украина мен Тунистің 10 түлегінің бақ жұлдыздары жанды. Беларусь, Түркия, Моңғолияның – 9, Алжир, Мысыр, Қырғызстан, Үндістан, Өзбекстаннын – 8, Әзірбайжан, Грузия, Германияның – 7, Мажарстан, Армения, Болгарияның – 6, Польша мен Нигерияның – 5, Канада, Сербия Швецияның – 4, Бразилия, Колумбия, Сербияның – 3 өрендері ғаламдық додада өз өнерлерін ортаға салады. Сондай-ақ, тағы бірнеше мемлекеттің қоржынында бір және екі жолдамадан бар.