«Бала – бауыр етің» деген сөзді жиі қолданамыз. Өйткені өзегіңді жарып шығып, ұйыған қаннан ұядағы балапанға айналған құлыншақтың құдіреті адамның ет жүрегін елжіретіп, жүзіңе қуаныш, жүрегіңе жұбаныш сыйлайтыны анық. Баяғыда бір анадан «Қай балаңды қатты жақсы көресің?» деп сұрағанда: «Ауырған баламды жазылғанша, шығып кеткен баламды оралғанша, кіші баламды өскенше жақсы көремін. Кеудемдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін жақсы көріп өтемін» деген екен.
Иә, ата-ананың балаға деген мейірім- махаббаты өлшеуді талап етпейтін өміршең сезім сияқты көрінгенімен, кейде құрсағын жарып шыққан құлыншағын қараусыз, қадағалаусыз қалдырғанына қайран қаласың. Мысалы, Ішкі істер министрлігі 2020 жылы елімізде 105 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлағанын хабарлады.
«Кәмелетке толмағандар арасындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу өте маңызды. Балалардың бос уақыттарын ұйымдастыра алмау, оларды ата-аналарының қараусыз қалдыруы әртүрлі жазатайым жағдайларға, жарақат пен өлімге алып келеді. 2020 жылы республика бойынша 105 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлады, оның ішінде 18 бала мерт болса, ал қалған 87-сі ауруханаға жатқызылды. Кәмелетке толмағандардың жарақаттануын болдырмау үшін кәмелетке толмағандардың үйде және көшеде, суда және өрт кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі бастығының орынбасары Дилбар Төлегенова.
Оның айтуынша, шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция су айдындарына рейд жүргізіп, демалушылармен профилактикалық әңгімелер ұйымдастырады. Қауіпті жерлерге 6 мың тыйым салу белгісі орнатылды. Қала жағажайларында балалар жүзетін 66 орын бар.
Терезеден құлау – балалардың жарақаттануы мен өлімінің негізгі себептерінің бірі, әсіресе қалаларда жиі кездеседі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің хабарлауынша, 2021 жылдың басынан бері елордада осындай екі оқиға тіркелген. Статистика көрсеткендей, көп жағдайда балалардың құлауы ересектердің қарауынсыз қалған сәтте немесе ата-аналардың назарынан тыс қалған уақытта болады. Оқиғалардың көп бөлігі сәуір-қазан аралығында болады. Терезеден құлап шетінеген балалардың негізгі жасы – 2-ден 6 жасқа дейін. 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті балалардың терезеден құлауының 2 фактісін тіркеген.
Бұл ретте департамент балалардың жарақаттануын төмендету мақсатында мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады: «Біріншіден, кішкентай балаларды жалғыз қалдырмаңыз, құлау жағдайларының көпшілігі балалар қараусыз қалған кезде болады. Жиһаздың барлық түрін терезелерден алыс қойыңыз, бала осы арқылы терезе алдына оп-оңай шығып алады, москит торларына сенбеңіз. Олар құтқарып қалуға арналмаған! Керісінше, москит торы қайғылы жағдайға ықпал етеді, өйткені бала өзін қауіпсіз сезініп, сүйенуі мүмкін. Тіпті ең сапалы торлар баланың салмағын ұстап тұра алмайды, егер бала бөлмеде болса, терезе мен балкон есігін ашпаңыз. Жоғарғы терезелерді немесе желдету режімін қолданыңыз, терезелердің толық ашылуына мүмкіндік бермейтін арнайы фиксатор қойыңыз, бұл баланың терезені бірнеше сантиметрден артық ашуына мүмкіндік бермейді, терезенің тұтқасына құлып орнатыңыз. Егер сіз балаңызға терезенің алдынан бірдеңе көрсетсеңіз, оны мықтап ұстап тұрыңыз, баланың жылдам қимылына дайын болыңыз, алақаныңыз құрғақ болсын, балаңызды киімнен ұстамаңыз. Егер сізде бекіткіш және сақтандыру жабдығын орнату мүмкіндігі болмаса, бекіткіш тұтқаларды бұрауышпен оңай бұрап, қажет болған жағдайда бірден шығарып алып тастай аласыз. Балаларға қауіпсіздік сабақтарын үйретіңіз, үлкендерді кішіге бас-көз болуға үгіттеңіз».
Балалар қауіпсіздігіне қауіп төндіретін тағы бір жайт, интернет әлеміндегі әртүрлі бейнелер. Смартфонға байланған сәбилер санасының улануына ғаламтордың да тигізер әсері әсте көп. Әлеуметтік желілерден көргенін істеуге құлшынып тұратын бүгінгі балдырғандарға торапқа кіруге тосқауыл қою пайдалы ма деген ойға келесің кейде. Мәселен, жыл басынан бері Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі порнографиялық материалдарды таратқан 1,5 мыңға жуық интернет-ресурсты бұғаттаған. Сонымен қатар полиция департаменттерінде құрылған мамандандырылған топтар интернетті қолдану арқылы қылмыс жасайтын педофилдерді анықтау бойынша шаралар жүргізуде.
«Аумақтық ішкі істер органдарында әлеуметтік желілерде, мессенджерлер мен пошта сервистерінде 200-ден астам жалған аккаунт құрылды. Құрылған топтардың міндеттері – балаларға қарсы қылмыс жасау үшін алғышарттар жасай алатын әлеуметтік желілерді, парақшаларды, қауымдастықтарды, топтарды, танысу сайттарын анықтау және бақылау. Жыл басынан бері порнографиялық материалдарды таратқан 2 мыңнан астам интернет-ресурс анықталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оның 1,5 мыңға жуығын бұғаттап тастады», деді Д.Төлегенова.
Отбасылық психолог, магистр Инара Әлкенқызы баланы үйге қалдырғанда не нәрсені ескеру керектігін тілге тиек етті. «Баланы үйде жалғыз қалдырған уақытта біз, ата-аналар электр сымдарының, газ құбырының істен шығатынын, баланың терезе ашатынын күтпейміз. Бір жақтан қарасақ, ата-аналар көбінесе баланы үйде жалғыз қалдыруға мәжбүр. Бірақ сол кезде ата-аналар баланың өміріне қауіпті қатерлерді зерделей отыруы қажет. Кейбір аналар «Бізді кішкентайымыздан үйде жалғыз қалдырған, өлген жоқпыз ғой», деп өз әрекеттерін ақтайды. Әрине, былай деп тек ғана тірі қалған балалар айтады. Ал үйде жалғыз қалып қаза тапқан балалар өздерінің тәжірибесі туралы айта алмай кетті», деді маман.
Сонымен қатар И.Әлкенқызы ата-аналар қауымына өзінің ақыл-кеңесін айтты. «Мен баласы бар жандарға мынадай кеңес берер едім. Бірінші, мектепке бармайтын балдырғандарды үйде жалғыз қалдырмау керек, 4 жасқа дейінгі баланы бастауыш сыныптағы баламен қалдырмау керек. Бұл жағдай екеуін де күйзеліске әкеледі: өйткені сәбиді бағу – үлкен баланың міндеті емес. Ал сәби тек анасының жанында тыныштық табады. Мектеп жасындағы баланы күні бойы үйде жалғыз қалдырмаңыз, іші пысқаннан сізге ұнамайтын ойын тауып алуы мүмкін. Баланы бірден ұзақ уақытқа жалғыз қалдырмаңыз, уақытты біртіндеп көбейткен жөн. Баланы жалғыз қалдырар алдында сіздің міндеттеріңіз: балаға өзін-өзі күтуді үйрету, сіз жоқта не істеуге болатынын және болмайтынын түсіндіру, қорыққан жағдайда сіз жазып берген тізімдегі адамдармен хабарласуға болатынын айту, бала жалғыз қалған жерді қауіпсіз ету», деді ол.