Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барыс» клубы маусымаралық үзілістегі алғашқы трансферін жасады.
Клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, елордалық ұжымның қатары швециялық қорғаушы Эрик Мартинссонмен толықты. 28 жастағы хоккейші бүкіл мансабында өз елінің командаларында ойнап, екі мәрте Швеция чемпионатында жеңімпаз атанған. Былтырғы маусымды Эрик Швецияның элиталы сериясында бақ сынайтын «HV71» командасында өткізді. 56 ойында мұзайдынға шыққан ол 37 (5+32) ұпай жинап, қорғаушылар арасында ең көп шайба соққан және үздік нәтижелі пас асырған ойыншы болды. Э.Мартинссон алдағы бір маусым «Барыстың» намысын қорғайды.
Айта кетейік, маусымаралық үзілісте әзірге «Барыс» сапынан 7 хоккейші кетті. Атап айтар болсақ, қақпашы Сергей Кудрявцев, қорғаушылар Джесси Блэкер, Диллон Хетерингтон, Алекс Линтуниеми, Алексей Маклюков және шабуылшылар Линус Виделль мен Павел Акользин келесі маусымды өзге клубтарда өткізеді.