Алматы облысында аялдамада тұрған 16 жастағы қызды екі әйел ұрып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жәбірленушінің фотосуреті әлеуметтік желіде тарап жатыр. Аталған оқиға Боралдай ауылындағы Сахарный аялдамасында кешкі уақытта болған.
Кәмелетке толмаған қыздың анасы оқиғаны көрген куәгерлердің аз еместігін айтады. Қазіргі таңда куәгерлер іздестіріліп жатыр.
Алматы облысының полиция департаменті оқиға 13 мамыр күні кешкі сағат 18.35 шамасында Боралдай ауылындағы Космонавттар көшесіндегі аялдамада болғанын хабарлады.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, жанжал салдарынан екі әйел кәмелетке толмаған қызды ұрып тастаған, содан кейін олар қылмыс болған жерден таксимен қашып кеткен. 16 жастағы жәбірленуші №1 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Күдіктілердің тұрғылықты жерін анықтау және оларды одан әрі ұстау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде», дейді тәртіп сақшылары.