Былтырғы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы Жетісу өңірі үшін табысты аяқталды деуге толық негіз бар. Өйткені осы бағдарлама аясында 977 жоба сәтті жүзеге асқан екен. Ал нәтижеге қол жеткізу үшін бюджеттен 109,2 млрд теңге қаражат бөлінген болатын.
Бұл қаржыға жаңадан жұмыс орындары ашылып, жол жөнделіп, құрылыс нарығы да қарқынды дами бастады. Мәселен, облыста өткен жылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының 1,8 мыңы тұрақты еңбек нарығына қосылған үлес болды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 10,5 мың адам жұмыспен қамтылған көрінеді.
– Былтыр пандемия басталған кезде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жүзеге асқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы өңір экономикасына зор қолдау болды. Осы бағдарлама шеңберінде республикалық бюджеттен облысқа бір реттен 105,6 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде өңірде 20,9 мың жұмыс орнын құратын 1046 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Соның ішінде 451 жоба немесе 43 пайызы әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсартуға, 237 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен абаттандыру мәселелерін шешуге бағытталған. Барлығы 975 жоба аяқталды. 19,5 мың жұмыс орны құрылды. «Жұмыспен қамту жол картасының» жобалары бойынша жұмысқа орналасқандардың орташа жалақысы 88,2 мың теңгені құрады, – дейді «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының Жетісудағы нәтижесі туралы аймақ басшысы Амандық Баталов.
Ал биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 34,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Осы 34,7 млрд теңге қаржының 32,7 млрд теңгесі 21 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға және 2 млрд теңге қаражат сұраныс берушілер үшін микрокредит беруге арналады деп жоспарланған. Дерекке жүгінсек, қабылданған 21 жобаның ішінде 30,8 млрд теңге қаржы білім беру саласы бойынша 20 нысанның құрылысын жүргізуге және 1,9 млрд теңге қаржы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының құрылыстарын жүргізуге бағытталады. Сондай-ақ жобаларды іске асыру кезеңі мен нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 3 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде 1 190 жергілікті тұрғын үшін тұрақты жұмыс орны пайда болмақ.
Аймақта бұл жұмыс басталып та кетті. Қазір 7 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Оның қатарында Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында, Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында, Іле ауданына қарасты Көкқайнар, Междуреченск және Боралдай ауылдарында, Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласында әрқайсысы 1500 орындық мектеп пен Іле ауданының Ынтымақ ауылында 1200 орындық мектеп құрылысы бар. Сонымен қатар биыл жалпы саны шамамен 1 600 оқушы орнына лайықталған 12 блокты-модульді мектеп ғимараттары тұрғызылады екен. Мұнан бөлек жоспарға Алакөл ауданының «Жалын» балалар лагерін қалпына келтіру жұмысы да кірген. Бұйырса, биыл Алакөл жағасында орналасқан демалыс орны заманауи үлгіде жаңа келбетке ие болып, даңқты «Артек» лагерінен кем болмайтындай балалар орталығына айналуы тиіс. Ақши ауылындағы бұл балалар демалыс орнын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 1,6 млрд теңге қаржы жұмсалмақ.
Айтпақшы, осы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының шарапаты облыстағы мектептерге молынан тиіп тұр. Былтыр жол картасы шеңберінде өңірде 352 мектептің санитарлық желісі жөндеуден өткізілген болатын. Бүгінде облыстағы 760 білім нысанының арасында 743 мектеп жылы да қолайлы әжетханамен қамтылған. Ал тағы 17 мектептегі әжетхана мәселесі күрделі жөндеу мен қосымша құрылысы аяқталғанда және биоәжетханалар орнату арқылы шешіледі. Негізінен, аймақ бойынша мектеп әжетханаларының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 16,8 млн теңге қаржы бөлінген. Жалпы, Алматы облысындағы әлеуметтік саланың мәселелерін шешуге бюджет шығыстарының 55 пайыздан астамы бағытталып отырғаны белгілі. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында соңғы 5 жылда өңірде 27 мың орындық 49 мектеп салынған. Былтыр тағы 7 мектеп іске қосылды, биыл да 18 мектеп салынады.
Сондай-ақ жол картасы аясында бөлінген қаржы ауылдардың ауыз су мәселесін шешуге де оң ықпал етіп отыр. Қазір облыста бұл бағыттағы жұмыс қарқынды. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2021» бағдарламасы бойынша топтық су құбырын салу жұмыстары қызып тұр. Яғни биыл құрылысы басталып, келер жылы толық аяқталатын Есік топтық су таратқышы іске қосылса, аудан тұрғындары үшін жол картасының жемісі сол болмақ. Өйткені Есік топтық су таратқышын іске қосу жалпы саны 105,2 мың тұрғыны бар 9 елді мекенді сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен.
Әлеуметтік маңызы бар бұл жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 4,4 млрд теңге тұрады екен. Таратқыш торап іске қосылғаннан кейін 9 елді мекенге, атап айтқанда, Есік қаласына, Бөлек, Әймен, Қызылжар, Қарасай, Қайназар, Көктөбе, Рахат, Өрікті ауылдарына сапалы ауыз су үздіксіз берілмек. Қазір жоба бойынша тәулігіне 30 936 текше метр қуатқа ие сүзгі стансасының, көлемі 1400 текше метрлік 2 резервуардың, ұзындығы 40,2 шақырым су таратқыштың құрылысы жүріп жатыр.
– 2020 жылы облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Талдықорған қаласында 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы, 7 дәрігерлік амбулатория және 34 мектеп салынып, 4 ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. 220 елді мекенде 487,7 шақырым жол жөнделді, 60 ауылдың ауыз су сапасы жақсартылды. Биыл жергілікті бюджет есебінен 58 жобаның аяқталуы жоспарланған, – дейді тағы да тақырыпқа орай облыс әкімі Амандық Баталов.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардың тағы бір қомақты үлесін өңірдегі ішкі жолдардың сапасының жақсаруынан да байқауға болады. Мысалы, былтыр жол картасы шеңберінде 18,8 млрд теңге қаржы жұмсалып, облыс бойынша 487,7 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мұнан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша да 3,2 млрд теңге қаржыға 97,2 шақырым жол жөнделген. Нәтижесінде, өңірдегі 240 елді мекеннің ауылішілік жолдарының сапасын жақсартуға мүмкіндік туды. Ал биыл облыстағы сапасы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 89 пайызға жетеді деген болжам бар. Жалпы, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 95 пайызды құрауы тиіс.
Жол демекші, аумақты дамыту бағдарламасына сәйкес алдағы 5 жылға автомобиль жолдары желісін дамытудың облыстық жоспары әзірленген болатын. Соған сәйкес 2025 жылға дейін 1700 шақырымға жуық жол толықтай жөнделмек. Оған 150 млрд теңге бағытталып отыр. Соның ішінде Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына шығатын алты жол салынады екен. Мұнан бөлек жоғарғы Қаскелең тас жолы мен Талғар трактін бірінші санатқа жеткізіп, қайта жаңарту көзделген. Сол сияқты ұзындығы 170 шақырым Сарыөзек-Көктал жолына да қайта жаңарту жүргізіледі. Ал 2023 жылға қарай «Қапшағай-Күрті» және «Күрті-Бурылбайтал» жолдарының 233 шақырымын қайта жаңарту аяқталады. Бүгінде Балқаш көлінің жағалауына баратын ұзындығы 140 шақырым жол қайта жаңартылып жатыр. Көлсай көліне жеткізетін жол құрылысы аяқталған. Ал Қайыңды көліне жеткізетін 12 шақырым жолды жөндеу жұмыстары биыл басталады. Сондай-ақ «Алтын-Емел» ұлттық паркіне дейінгі жолды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Тоқ етерін айтқанда, Жетісу өңірінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2021» бағдарламасы аясында жүзеге асатын жобалардың жемісін жұрт көретін күн жақын.