Алматы облысында жол-көлік апатынан 30 жастағы жолаушы әйел оқиға орнында мерт болды. Оның 4 жасар қызы түрлі дене жарақатымен Алматы қаласындағы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 19 мамыр күні түнгі сағат 22:05 шамасында болған.
Алдын ала болжам бойынша, Талғар ауданының «Жалғамыс-Төңкеріс» жолында «Daewoo Espero» автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан «Mitsubishi Galant» көлігіне соғылған.
«Оқиға орнында «Daewoo Espero» көлігінің 30 жастағы жолаушысы мерт болды. Оның 4 жастағы қызы Алматы қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ осы көлікте болған 31жастағы және екінші көліктің 53 жастағы жолаушысы түрлі дене жарақатымен Өтеген батыр ауылындағы ауруханаға түсті», делінген ведомствоның хабарламасында.
Қазір аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 345 бабы 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған.