Алматы облысында көпқабатты үйдің төбесі опырылып түсіп, бүтін бір отбасы бір ажалдан аман қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Текелі қаласындағы екі қабатты бұл үй үш жыл бұрын апатты деп танылған.
«Бүгін сағат 11:30 шамасында үйдің төбесі құлады. Балам ішінде ұйықтап жатқан. Құлаған дауысынан оянып, мен жүгіріп үйге кіріп, екі кішкентай баламды алып шықтым. Қазір бір өлімнен қалдық. Бір үйде жеті жанбыз», дейді Текелі қаласының тұрғыны Жігерхан Адайханұлы.
Қаңыраған екі қабатты үйді пана еткен жалғыз отбасы қазір үйіндінің ортасында үреймен өмір сүріп отыр.
12 пәтерлі бұл үйде Адайханұлының жанұясы ғана тұрып жатыр. Себебі, бұл отбасының басқа барар жері жоқ. Ал төбесі, іргесі шіріп, құлағалы тұрған апатты үйден жалғыз шаңырақты әкімдіктегілер басқа жерге көшіруге көмек көрсетпеген.
Бюджетте ақша жоқ деп жылы шығарып салып отырған. Жалпы Текелі қаласында осындай апатты 19 екі қабатты үй бар. Сұрқының өзі адамды шошытады. Мұржасын терезеден шығарған тұрғындар осында амалдап өмір сүріп жатыр.
«Осы үйге 2020 жылы бюджетке ұсыныс енгізілген. Алайда әлі ақша қаражат бөлінбеген. Қазір осы жартыжылдықта қайтадан ақшаға сұраныс жібереміз», дейді Текелі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Рысбеков