2013 жылдың 30 мамырында елімізде мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы» бекітілгені белгілі. Осыған байланысты Елбасы кітапханасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серіктестігі» (PAGE) атты БҰҰ бағдарламасымен бірлесіп, «Жасыл экономика – Қазақстанның инновациялық және тұрақты дамуының парадигмасы» дөңгелек үстел жиынын өткізді.
Жиында тұжырымдамадағы мәселелер мен бүгінге дейін атқарылған жұмыстар талқыланды. Қатысушылар атап өткендей, бес жылдың ішінде ел ормандарына 2 млрд-тан астам, ал елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызу жұмыстары қолға алынған. Биыл 1 шілдеден бастап, қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық заңнама стандарттарына сәйкес келетін жаңа Экологиялық кодекс күшке енеді. Осылайша, Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі «жасыл экономика» идеясын жүзеге асыра бастаған алғашқы мемлекет болмақ.
– Биыл қазақстандықтар тарихи мәні зор ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтпек. Бұл – үлкен мерейтой. Соның нәтижесінде, біз жүріп өткен жолымыздың қорытындысын жасап, болашақ жоспарымызды тағы бір рет саралаудан өткіземіз. Бүгінде әлем жұртшылығы табиғатты тіршіліктің қайнар көзі және біртұтас организм ретінде қабылдап үйренді. Өмір сүру сапасын жақсартуда табиғат пен экожүйелердің әлемдік тепе-теңдігі сақталуы тиіс. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлемдік энергетикалық қауіпсіздік пен табиғи ресурстардың сарқылуын ХХІ ғасырдағы сын-қатерлердің бірі екенін атап өтті. «Жасыл экономика» идеясын жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғау ісіне зор көңіл бөледі. Өз сөзінде Президент экономикалық өсімнің «жасылдана» түсуін қадағалау маңызды екенін айтып келеді, – деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Ал «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төралқа төрағасы Әлия Назарбаева тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы Қазақстанның өмірінен орын алған экология мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті. «Қазақстанды жаңғыртудың әр стратегиясында елдің «жасыл» жолға көшуіне негізделген экономиканың орнықты да тиімді моделін құруға нақты бағдарлар айқындалды. Бүгінде Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Еуропа мен Азия елдерінің жетекші халықаралық ұйымдарымен, зерттеу құрылымдарымен стратегиялық әріптестік орнатып үлгерді. Сондай-ақ жасыл технологияларды трансферттеу мен енгізу саласында, Қазақстан бизнесіне құйылған халықаралық жасыл инвестициялар ағынының тиімді тетіктерін ұйымдастыру барысында бірқатар жетістікке жетті», деді ол.
Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдасының жүзеге асырыла бастағанынан бергі табыстарына тоқталған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңғырмалы энергия көздері (ЖЭК) саласында елімізде жиынтық қуаты 1634,7 МВт болатын ЖЭК-тің 115 нысаны салынғанын, бүгінде қайта қалпына келетін энергияның үлесі елімізде 3%-ға жеткенін айтты. «2019 жылы ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 33,1%-ға төмендеді, белгіленген индикаторға 2025 жылға дейін қол жеткізілді. Қайта өңделген және кәдеге жаратылған өндіріс қалдықтарының үлесі 2020 жылы – 36%-ды құрады. Ел тұрғындарының 81%-ы қалдықтарды жинау және шығару қызметтерімен қамтамасыз етілді. 2020 жылдың желтоқсанында «Климаттық амбициялар саммитінде» Мемлекет басшысы Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейтінін мәлімдеді. Былтыр біз Төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуге кірістік. Бүгінде «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру өзекті болып отыр. 2021-2030 жылдарға жоспарланған екінші кезең суды тиімді пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуға, оны кеңінен енгізуді ынталандыруға бағытталған ұлттық экономиканы қайта құру шараларын қамтиды», деді министр.
Жиынға қатысушылар биылдың өзінде миллионнан астам жасыл желек отырғызылатынын жеткізді. Бұл шешім қаланы желден қорғап, қолайлы климат құруға бағытталған «жасыл белдеуді» нығайтатыны анық.