Әкелі-балалы кеншілер Темірбек пен Ерік Барбосыновтардың «Шығыс» кенішіндегі еңбек жолы 30 жылға жуық. Кейіпкерлеріміздің өмір жолы Екібастұздай әйгілі өндірісті өңірден басталды.
Темірбек Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Ақсуат ауылында туып-өскен. 1984 жылы Өскемендегі механикаландыру және электрлендіру техникумын бітірген соң, Екібастұз қаласындағы «№7 Монтаж басқармасына» жолдамамен келіп, монтаждау жүйесінде еңбек жолын бастайды. Өзі тұрып жатқан қаланың күнделікті тынымсыз дүбірлі тіршілігі, аты әлемге әйгілі алып кеніштер, алып электр стансалары, қаптаған өндірістер дүрсілі Темірбектің жастық жігеріне әсер етеді.
– Екібастұзда тұрып, қалай өндірісте еңбек етпеуге болады деп ойладым. Қазақ баласы өндіріске барудан шеттеп қалған уақыт. Содан көп ойланбастан, 1992 жылы маусым айында көмірді қазу-тиеу жұмыстарының конвейер-машинист мамандығын алып, «Шығыс» кеніші өндірісіне жұмысқа қабылдандым, – дейді кенші.
Темірбектің сол бір кездердегі өндірісті қалауы қазіргі жастарға үлгі боларлықтай.
– Кенішке түскеннен кейін жер бетіндегі секілді жер астында да қайнаған еңбек басталады. Алғаш рет кенішке түскен күн ұмытылмайды. Үңірейген үңгірлер, ұзын дәліздердің барлығы үрейлі. Қазір әбден үйрендік. Бұрғының дауысы гүрс-гүрс естілетіндей. Жер астындағы еңбектің де өз қиындықтары, өз қызықтары, өз ережелері бар. Кеншілер жер астында киіп жүретін каскаларын бір-біріне ауыстырмайды. Бұл сондай бір ырым, – дейді Темірбек.
Ал «Шығыс» кеніші 1985 жылы пайдалануға берілген болатын. Бұл – бірегей көмір өндіретін кәсіпорын. Сол жылдан бері талай өзгерістерді, жаңашылдықтарды бастан өткеріп келеді. Соңғы кезде кеніште көмір қабаттарын жер үстіне шығару технологиялық кешеніне конвейерлік көлікпен көмір өндірудің ағынды технологиясы жобасы енгізілді. Яғни өндірілген көмірдің тұтынушыларға сапалы жетуі қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтып, жұмыс тиімділігін арттырады.
Ал Темірбек еңбек етіп жүрген Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы (ЕЭК) еліміздегі ең ірі электр энергиясы мен көмір өндірушілердің бірі. Елде өндірілетін электр қуатының 17 пайызы, көмірдің 20 пайызы кәсіпорын еншісінде. Электр энергиясын өндірудің жылдық қуаты – 16 млрд кВт/с. Корпорация Ақсу электр стансасы мен «Шығыс» көмір кенішін біріктіреді.
– Өндірістік көрсеткіштері, жоғары кәсіпқойлығы, техникалық әлеуеті мықты кенішіміз қандай да болсын күрделі жағдайларға қарамастан, өндірістің шығындарын оңтайландырып, тиімділігін ұлғайтып, бәсекеге қабілеттілікті сақтап, даму жолында. Кеніш іске қосылған жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан кеншілер бар. Олар бүгінге дейін «Шығыс» кенішін өмірінің ажырамас бөлігі санайды. Кеншілердің бүгінгі ұрпағын тәрбиелеп өсірдік, – дейді Т.Барбосынов.
«Шығыс» кенішінде бір тәуліктің ішінде шығарылған көмірді жаққанда пайда болатын электр энергиясы еліміздегі 254 қаланың тұрғын үй-коммуналдық бөлігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті екен. Кәсіпорында 2010 жылы ТМД аумағында теңдесі жоқ айналмалы-ағынды аршу кешені іске қосылды. Жаңа технологиямен шығарылатын аршылым көмір өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туғызды. Көмір қоймаларының қайта құру жұмыстары өткізіліп, үш көтергіш конвейер салынды. Бұл арқылы кәсіпорын кеніштің төменгі деңгейлерінен көмірді үздіксіз шығаруға мүмкіндік алды.
Бұл күндері «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-на қарасты «Шығыс» көмір кеніші 30 жыл ішінде өңірдің экономикалық жүйесінде алдыңғы орында келеді. Кеншілердің жердің астындағы пайдалы қазбаны алып, қалаларға отын, жылу берудегі еңбектерін бір сәт көз алдыңызға елестетіңізші. Ширек ғасырлық тарихында 400 млн тоннадан аса көмір өндірген бірегей кеніш Темірбек секілді талай кеншілердің өмір жолына айналды. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне баға жетпес үлес қосып, ел байлығын арттыруда. Темірбекпен көп жыл бірге еңбек еткен учаске бастығы Әуесхан Серікбаев, Асфандияр Бердығожин, Оралбек Рахымжанов, Оралбек Бұлдыбаев сияқты кеншілер жұмыс басында бір-бірін артық сөзсіз, көзқарастарынан-ақ ұғынады.
Кеншілердің балалары да әкелерінің ізін қуып, әулеттерімен кәсіпорында жұмыс істеуде. Әкелерінің алып кеніште көмір қазып, тау-кен саласында еңбек ететінін кішкентай күндерінен көріп-біліп өскен ұл-қыздарды кенші кәсібі қызықтырып, олар да осы мамандықты таңдаған. Темірбектің ұлы да әке жолын қуып, тау-кен саласының маманы болды. Ұлы Ерік Барбосынов «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ жолдамасымен 2006-2010 жылдары М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітіріп, Екібастұзға оралды. Қазір «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің теміржол жабдықтарының қосалқы бөлімінің жетекші механик-инженері болып жұмыс істейді. Кеніште дербес аршу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін теміржол коммуникацияларының жүйесі құрылды. Кеніш тарихында айналмалы ағынды аршу технологиясын меңгеру кезеңінің маңызы үлкен.
– Әкем екеуіміз үшін еліміздегі ғана емес, әлемдегі ірі өндіріс орындарының бірі саналатын «Шығыс» кенішінде еңбек ету – мәртебе. Әкем үлкен өндірістік еңбек ортасында біліктілігін шыңдады, кәсіби жоғары маман атанды. Алған марапаттары да бір төбе. Біз отандық экономиканың қарқынды дамуына үлес қосып жүргенімізге мақтанамыз. Әке жолын әрі қарай жалғастыру алдағы өмірімнің осы кенішпен байланысты екенін білдіреді ғой, – дейді Ерік.
Ол ERG Innovators Forum 2019 әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Жобасына «Екібастұз «Қауіпсіз қала» бағдарламасына сай болуы үшін не істеу керек?» деген тақырыпты арқау етіпті. Осы жайында қалалық әкімдікпен бірлесіп жұмыс істеуге әзір. Бірақ әкімдіктер құлықсыз, шығарып салма жауаптар айтады. Ашық қалған құдық қақпағына арнайы құлып орнату әлеуметтік жобасын жасауға себеп те жоқ емес.
– Көше бойындағы ашық қалған құдыққа түсіп кеткен балалар жайлы жиі еститін болдық. Екібастұзда да 2 жасар бала канализациялық шұңқырдың ішіне құлап түсті, – дейді Ерік.
Қазір жеке кәсіпорындарға, меншік иелеріне тиесілі құдықтарға бақылау қажет. Қақпақтар жиі жоғалады. Ұрлайтын кімдер? Жаңасын сатып алу кімдерге тиімді? Тек қақпақтарды ғана емес, құдықтардың ішіндегі құрылғыларды бөгде адамдардан қорғау керек.
– Жұмыстан шыққан соң, кезекті ауысымнан кейін әрине, әкем екеуіміз үйге асығамыз. Бізді дәмді тағамдарын дайындап анам асыға күтіп отырады, – дейді Ерік.
Темірбектің жары Жанат та Алматыдан байланыс саласының оқуын бітіріп, 1987 жылы Екібастұзға жолдамамен келген маман, телекоммуникация саласында 30 жылдай қызмет етіп келеді. Қызы Жансая да анасының жолын жалғаған.
– Біз нағыз екібастұздықтармыз. Еңбегімізді Екібастұзға, елімізге арнаймыз. Елбасы айтқандай, еңбек адамы құрметке лайық. Біз сол құрметтен өз орнымызды алдық деп ойлаймын, – деді Темірбек.
Сонымен бірге, Темірбек – спортшы кенші. Ол «Шығыс» кенішіндегі спорт сайыстарына қатысады, шаңғы, теннис турнирлері, жеңіл атлетика, шахмат, суға жүзу спорттарына қатысып жүлделі орындарға ие болды.
– Біздің өндірістік кеншілер ұжымында кездейсоқ адамдар жоқ. Барлығы кеніштің бүгіні мен ертеңі үшін шынайы еңбек үлгісін көрсетіп, әулеттерімен бірге еңбек етуде. «Шығыс» кеніші үшін 2020 жыл – ерекше жыл болды. Кәсіпорын өзінің 35 жылдығын атап өтті, – деді «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің басшылығы. – Кеншілер кәсіпорын іске қосылғаннан бергі 1 млрд текше метр көмір өндірген. Инно-вациялық технологиялар мен техникалық шешімдердің жүзеге асырылуында бірнеше мың кеншінің күн сайынғы еселі еңбегі екені белгілі.
Бүгінде кеншілер тәулігіне 55 мың тонна көмір өндіреді. Кәсіпорын іске қосылған алғашқы жылдармен салыстырғанда, бұл екі есе жоғары көрсеткіш. Иә, «ЕЭК» АҚ-тың «Шығыс» көмір кеніші 30 жыл ішінде өңіріміздің экономикалық жүйесінде алдыңғы орында келеді. Көмір өндіру саласындағы бірегей кәсіпорын. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне баға жетпес үлес қосып, ел байлығын арттыруда.
Кенші мамандығы белгілі бір тәуекелмен байланысты. Сондықтан кеніштерде «Нөлге ұмтылу» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Мақсат – мүмкіндігінше өндірістік жарақаттарды болдырмау. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі бойынша арнайы бағдарлама қабылданды. Көмір өндіру – бұл нағыз ерлердің ісі. Кеншілердің табандылығы, қажырлығы өзгелерге үлгі боларлықтай. Еңбек адамды ер атандырады деген осы. Қарапайым еңбек адамы ер атанудың жолын осылай дәлелдеп бере алады.