Қытайлық «CoronaVac» вакцинасының 500 мың дозалық алғашқы партиясы Бейжіңнен Алматыға әкелінді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Преператты қытайлық Sinovac Biotech Ltd биофармацевтика компаниясы өндірген. Ол арнайы бортпен жеткізілді.
Бұл – алдағы күндері ҚР азаматтарына коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация үшін қолданылатын төртінші препарат болмақ.
«Біз екі елдің уағдаластығы арқасында баға жетпес жүк алдық. Бұл вакцина Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыруға және одан әрі жақсартуға қызмет етеді. Препарат ертең Алматының егу пунктілерінде қолжетімді болады және ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға көмектеседі. Бүгінде Алматыда 300 мыңнан астам адамға екпе салынды. Біз қала тұрғындарын өзінің және жақындарының денсаулығына байыпты қарауға шақырамыз, вакцина – бүгінде коронавирус инфекциясының алдын алудың ең тиімді құралы», деді қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
CoronaVac вакцинасын Қазақстан аумағында қолдануға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдады және елде қолданылып жүрген QazVac, «Спутник V» және Hayat Vax вакциналарының тізбесін толықтырады.
Сонымен қатар ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Асқар Шоқыбаев ҚХР-дан CoronaVac вакцинасын жеткізу туралы уағдаластықты іске асыру COVID-19 пандемиясына бірлесіп қарсы тұруда қытайлық әріптестермен басталған ынтымақтастықты табысты жалғастырудың мысалы ретінде қарастырылатынын айтты.
Хабарланғандай, келіп түскен вакцина партиясы қолданыстағы қазақстандық және ресейлік вакциналармен қатар еліміздің барлық егу пунктілерінде қолжетімді болады.