Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев онлайн режімде брифинг өткізді.
Еліміздегі жетекші университеттің 2020-2022 жылдардағы басты нәтижелері, жетістіктері және алдағы даму жоспарымен таныстырған ректор Ж.Түймебаев «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдегі 200-топ үздік ЖОО қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы бірден-бір университет», деп атап өтті. Бүгінде білімнің қара шаңырағы QS жаһандық рей- тингте 165-орында тұрса, ұлттық рейтингтерде де көш басында келеді. Ректор атап өткендей, осы орайда білім және ғылым саласындағы орны айрықша оқу орнының 2021-2025 жылдарға арналған негізгі басымдықтары кеңінен талқыланып, еліміздегі стратегиялық міндеттерді шешуге, әрі қарай дамытуға байланысты кешенді жобалар жүзеге асуда.
Университет мемлекеттік және халықаралық стратегиялық міндеттерді шешуде айтарлықтай әлеуетке ие. Алыс және жақын шетелдердің жетекші университеттерімен бірлесіп әзірленген 500-ден астам білім беру бағдарламаларының маңызы зор.
Бүгінде іске асып жатқан жобалардың жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асады. Ғылыми мақалалар бойынша көшбасшы оқу орнының рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланымы ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі дейтін болсақ, былтыр университеттің беделді Web of Scinece деректер қорының «Ғылым көшбасшысы» сыйлығының үш аталымына ие болғанын зор мақтанышпен атап өтуге болады.
ҚазҰУ ғалымдары COVID-19 індетінің алдын алуға бағытталған жобаларға да белсенді атсалысып келеді. Орталық Азия өңіріндегі алғашқы өкілдік болып табылатын британдық AVEVA Group plc компаниясымен бірлескен Инженерлік жобалау орталығының құрылуы да университет мамандарымен жүзеге асқан нәтижелі жобалардың бірегейі. Бүгінде жаһандық трендтерді ескере отырып қолға алынған жаңа бағдарламалар қатарында нейроғылым, креативті индустрия, цифрлы экономика, экологиялық инжиниринг, медиакоммуникация, деректер туралы ғылым, цифрлы мұрағаттану және құжаттану, басқарудың интеллектуалды жүйелер, наноматериалдар және нанохимия бар.
Студенттерге әлеуметтік қолдау – оқу орнындағы басты басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда бір мыңнан астам әлеуметтік осал санаттағы оқу озаттары мен жақсы оқитын студенттердің оқу ақысына 10-нан 25 пайызға дейін жеңілдік қарастырылып отыр. 50-ден астам ұйымдар мен компаниялар демеушілер қатарында аталады. Кадрлық әлеуетті дамыту мақсатында биылғы жылдың наурыз айынан бастап оқытушылар мен қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өскен. Оқытушылардың мәртебесі және оқу орнының дамуына қосқан үлесін арттырумен қатар олардың халықаралық қауымдастыққа енуіне де айрықша көңіл бөлінген.
Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Білім және ғылым министрлігі жыл сайын 500 қазақстандық ғалым шетелдік тағылымдамадан өтетін болады. Осы орайда университетке халықаралық деңгейдегі ғалымдар, АҚШ және Еуропаның жоғары оқу орындарында, оның ішінде Кембриджде сабақ беру тәжірибесі бар Уалбай Өмірбаев және Базбек Дәулетов сынды профессорлар тартылғандығын ерекше атап өтуге болады. Университеттің 400-ден астам оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегері атанса, бұл елдегі гранттар жалпы санының 20 пайызын құрайды.
Қазіргі уақытта университет мамандары карантиндік шараларды ескере отырып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ауқымды республикалық және халықаралық іс-шараларды өткізіп келеді. Жақында көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырылса, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнап «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі қалыптасуының саяси-құқықтық және экономикалық мәселелері: тарих және қазіргі заман» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Елбасы саябағы» ашылып, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне бой түзеген жеміс бағында 300-ге жуық алма, шие, өрік ағаштары отырғызылды. Ал Ұлыстың ұлы күні қалашықта «Ағаштар аллеясы» ашылып, онда ұжым болып 300-ден астам қырым қарағайы мен алтай шыршасын отырғызып, ғылым қызметкерлері күніне орай Сиверс алмасының 100-ге жуық көшеті егілген баққа «Ғалымдар бағы» атауы берілді.
Осылайша, білім мен ғылымды ұштастырып отырған білім ордасы алдағы уақытта да сапалы білім мен тәрбие беру бағытындағы маңызды да мазмұнды жобаларын жүзеге асыра беретін болады.
АЛМАТЫ