Қостанайда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында өткен «Тәуелсіздік тұлғалары» облыстық патриоттар форумының жеңімпаздары марапатталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова қатысып, 10 аталым бойынша жеңіске жеткен 15 адамға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.
– Біз облыстың әр өңірінде әр салада еңбек ете жүріп Отанға деген сүйіспеншілігімен ерекшеленген, сондай-ақ өз мамандығы бойынша айтулы табысқа қол жеткізген елшіл азаматтарды көпшілікке үлгі ете білуіміз керек. Бүгінгі форумның мақсаты да – осы. Сіздер – өздеріңіздің адал еңбектеріңіз арқылы жоғарғы жетістіктерге қол жеткізіп, ел тәуелсіздігінің нығаюына тамшыдай болса да үлес қосып жүрген нағыз патриот азаматсыздар, – деді Бақыт Есімова.
Форум жеңімпаздары білім, ғылым, медицина, спорт, азаматтық қорғаныс, мәдениет және өнер саласында еңбек етіп жүрген алдыңғы қатарлы мамандар арасынан таңдалып алынды.
Білім және ғылым саласындағы жетістіктері үшін құрметке бөленіп, мерейі үстем болған Қанат Есенғұлов Қостанай қаласындағы №19, №23 мектептерде математика пәнінен сабақ береді. Былтыр пандемияның пәрменімен балалар қашықтан оқуға көшкенде, жаңа жағдайға бейімделген оқу бағдарламасы бойынша мемлекеттік тележобаға қатысып, «Еларна» республикалық телеарнасы үшін 7 ай ішінде 37 бейнесабақ дайындаған.
Салтанатты жиында белгілі қостанайлық гроссмейстер, балалар және жасөспірімдер шахматынан ел құрамасының бас бапкері Петр Костенко «Спорт саласындағы жетістігі үшін» аталымы бойынша марапатталды. Шаршы тақта шебері биыл Ташкентте ерлер арасында өткен ФИДЕ чемпионатының қола жүлдесіне ие болған.
– Патриотизм деген ұғым – ең алдымен, әр адамның өз туған жеріне деген сүйіспеншілігі деп ойлаймын. Жұмыс бабымен көбіне сыртта жүрсем де, Қостанайды үнемі сағынып тұрамын. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан да мен үшін ерекше ыстық қала. Менің спорт саласындағы ең басты жетістігім әлі алда деп ойлаймын. Өзім жаттықтырып жүрген жас шахматшылардың ішінде болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды балалар көп. Басты міндет – шәкірттерімнің шеберлігін шыңдап, халықаралық жарыстарға дайындау. Келешекте олардың арасынан әлемдік турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Жансая Әбдімәлік сияқты шебер шахматшылар шығатынына сенемін, – деді Петр Костенко.
«Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері үшін» аталымы бойынша үздік атанған Қайрат Бегенов Қостанай облыстық ауруханасының жүрек-қан тамырлары бөлімінде кардиохирург болып жұмыс істейді.
– 2008 жылы елордамыздағы медицина академиясын тәмамдап, үш жылдай Көкшетауда, одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында бес жылдай жұмыс істедім. 2016 жылдан бері Қостанайға келіп, жүрек ауруы бар науқастарға ота жасап, олардың өмірін ұзартуға септігімді тигізіп келемін. Мысалы, бізде жүрегі ауыратын науқастарға жасалатын аортокоронарлық ұштастыру деген операция бар. Әдетте қалыпты жағдайда ота жасағанда біз төсті кесеміз. Төсті кескен соң, науқастың отадан кейін қалпына келуі, оңалу мерзімі ұзағырақ болады. Кем дегенде үш ай кетеді. Ал енді ота жасаудың біз енгізген жаңа әдісі бойынша, төсті кеспей, қабырға аралығынан өтіп, жүрек тамырларын тігіп жатырмыз. Мұны енді науқастардың бәріне бірдей жасай береміз деп айтуға болмайды. Өйткені мұндай ота түрін көтере алмайтын науқастар бар. Қостанайда төсті тілмей жүрекке ота жасауды енгізгенімізге біраз уақыт болып қалды. Білуімше, мұндай күрделі отаны еліміз бойынша әрі кетсе 4-5 клиникада ғана жасайды, – деді Қайрат Бегенов.
Марапаттау рәсімінде Бақыт Есімова мәдениет және өнер саласында жетістікке жеткен Руслан Бушинскийге, «Еңбектегі жетістігі үшін» аталымы бойынша Күлай Мұхамеджанова мен Владимир Бондаренкоға, «Тарихи-мәдени мұраны сақтауға қосқан үлесі үшін» аталымының жеңімпазы Батырлан Сағынтаевқа, «Туған жерге көмек көрсеткені үшін» аталымы бойынша Гүлсара Жаманқұлова сынды үздіктерге арнайы сый-сияпат тарту етті.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл санитарлық талапқа байланысты марапаттау рәсіміне жеңімпаздардың біразы шақырылмай қалыпты. Шалғай аудандарда тұратын таңдаулыларды жергілікті аудан әкімдері марапаттайтын болады.