• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 09 Маусым, 2021

Ақшаңқан амбулатория – ауыл медицинасы дамуының айғағы

604 рет
көрсетілді

Жұқпалы індеттің ауыртпалығы ең алдымен өңірдегі медицина мекемелері қызметкерлерінің жұмысына сынақ болды. Өйткені өзі шалғайда орналасқан, қажетті құрал-жабдығы жоқ, маман дәрігері тапшы ауылдардағы денсаулық сақтау ісі тек нағыз жанашырлардың арқасында  ілгерілеп тұрғаны белгілі.

Мұнан бөлек, алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін орны жоқ ауылдар мен жібі түзу жөндеу көрмеген емхана ғимараттары тағы бар. Өкінішке қарай, бұл мәселе алып мегаполиске жақын орналасқан Алматы облысының аудан, ауылдарына да тән болып отыр. Әрине, уақыт озған сайын ескі мәселе шешімін тауып, жаңа ғимараттар салынып, қажетті құрылғылар мен мамандар легі де жаңарып, толығып жатыр. Мәселен, Жетісуда медициналық қызметтің қолжетімді болуы мен 2025 жылға дейін шалғай елді мекендерді сапалы қызметпен толық қамту үшін 109 нысан салу көзделген екен. Соның  ішінде 23 нысан биыл салынуда. Тізімде 20 блокты-модульды медпункттер де бар екен.

Жалпы, облыстың денсаулық сақтау саласында былтырдан бері коронавируспен күрес шарасына жергілікті бюджеттен 14 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл бағыттағы айтулы жұмыстың дәлелі ретінде Талдықорған қаласындағы  қысқа мерзімде  салынған 200 орындық модульды инфекциялық аурухананы айтуға болады. Сондай-ақ облыстың өз қаржысына 3 томограф, 18 рентген-аппарат, 219 өкпені жасанды желдету аппараты, 180 жедел жәрдем машинасы және 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Нәтижесінде, аумақтағы денсаулық сақ­­тау мекемелерін медициналық құ­рал-жабдықтармен және санитарлық ав­то­­көлікпен қамтамасыз ету деңгейі 90 пайыз­ға дейін жеткен. Пандемия кезеңінде нау­қастарды емдеуге 3 455 медицина қыз­меткері, оның ішінде 851 дәрігер жұмыл­дырылды. Бұл іске жоғары оқу бітірген 45 түлек пен 281 медколледж бітірушілері де өз үлесін қосыпты.

Бұл қатарда ауылдық өңірлердергі емханалар мен амбулаториялардың ғимаратын күрделі жөндеу мен жаңадан салу ісі де бар. Өткен айда ғана Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында жаңа амбулатория ашылған еді. 15 мыңға жуық адам қоныстанған елді мекен тұрғындары бұған дейін 1964 жылы салынған кішкентай ғимаратқа қарап келген-ді. Қазіргі жаңа ғимарат екі қабатты, аумағы 1 мың шаршы метр, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Жаңа амбулаторияда қажетті құрылғылар бар, сол сияқты стоматолог маман да осында. Бұрын бұл қызметтер үшін еркіндіктерге Талдықорғанға баруға тура келетін.

Сондай-ақ жақында Қарасай ауданына қарасты Долан ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория ашылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бо­йынша салынған медицина мекемесі ғимаратының жобалық құны – 460 млн теңге. 550 шаршы метр аумақты алып жатқан жаңа нысанда тіркеу орны, дәрігерлердің кабинеттері, күндізгі стационар, стоматология, гинекология, процедура және физиотерапевт кабинеттері мен лаборатория, изолятор, фильтр сияқты жеке орындар және бар. Мекемеде 18 адам жұмыс істейді. Оның екеуі жалпы тәжірибелі дәрігер болса, жетеуі – медбике. Бұл ғимараттың қолданысқа берілуі Долан ауылының тұрғындарын ары-бері сабылтудан арылтты. Өйткені ауылда бұған дейін шағын фельдшерлік-акушерлік пункт қана жұмыс істеген. Ауырып, сырқаған ауыл адамдары кө­біне дәрігер мамандарға қаралу үшін Алмалыбақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға баруына тура келетін. Енді ауыл тұрғындары өз елді мекенінде кәсіби білікті мамандардың медициналық көмегіне жүгіне алады.

Өкінішке қарай, доландықтар сияқты қуанатын күн Ұйғыр ауданындағы Кіші Диқан ауылының тұрғындарына бұйырмай тұр. Өйткені бұл ауылдағы амбулатория құлаудың аз-ақ алдында тұрған көрінеді. 1936 жылы салынған ғимаратта қабылдау жүргізетін дәрігерлердің өзі нысанның аяқасты құлап қалуынан қауіптенеді. Ал кезінде шағын емханадан бөлек перзентханасы да болған ауылға жақын аралықта жаңа ғимарат салу да жоспарға енбеген. Тіпті аудандағы орталық аурухананың өзіне күрделі жөндеу биыл жүргізілмекші. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл аудандық аурухананың барлық бөлімдері жаңғыртылып, жөнделмек. Сонан кейінгі кезек ауылдағы амбулаторияларға ти­мекші. Яғни 2 мың тұрғыны бар  Кіші Диқан ауылындағы 90 жыл бұрын салынған ғимарат 2025 жылы ғана жөнделуі мүмкін...

 

Тақырыпқа орай:

Дерекке сәйкес, өткен тәулік ара­лығында облыста 54 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Соның ішінде Талғар ауданында  22 науқас, Жамбыл ауданында  6 науқас, Ескелді ауданында 5 науқас дәрігер көмегіне жүгінсе, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында 4 жағдайдан, Талдықорған қаласы мен Балқаш ауданында 3 жағдайдан, Қарасай, Қаратал және Сарқан аудандарында 2 жағдайдан, Кербұлақ ауданында 1 жағдай тіркелді. Ал жұқпалы індеттен айыққандар саны – 55. Бүгінде өңірдегі ауруханалар 43 пайыз жүктемемен жұмыс істеп тұр екен. Өңір індет таралуы бойынша «жасыл аймақ» санатында.

Айтпақшы, аймақта коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-компонентін алғандар саны – 233 489 адам. Екпенің 2-компонентін салғызғандар саны 138 816 тұрғынға жеткен. Вакцинаны толықтай алған облыс тұрғынының бірі – Жанар Қожанова. Ол – мектепте мұғалім.

– Қазір вакцинаны алу-алмау туралы екі түрлі пікір қалыптасқан. Өз басым вакцина салдыру дұрыс деп есептеймін. Өзім мектепте мұғалім болғандықтан, балалармен тікелей жұмыс істейміз. Ал олардың денсаулығы біз үшін өте маңызды. Қашықтан оқыған бір жарым жылдың ішінде ата-аналар да, мек­теп мұғалімдері де, оқушылар да  дәс­түрлі оқудан артығы жоқ екенін түсінді. Егер біз алдағы оқу жылын бұ­рын­ғыдай қалыпты жағдайда, мектеп қа­бырғасында бастағымыз келсе, екпе салдыруымыз қажет деп ойлаймын, – дейді Талдықорғандағы М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Жанар Қожанова.