Тобыл өңірінде қазақтың белгілі ақыны, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхметтің 70 жас мерейтойына арналған мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Ақынның атажұрты Қарабалықтан бастау алған дүбірлі той қаламгердің кіндік қаны тамған Жітіқара ауданында жалғасып, облыс орталығында ұйымдастырылған жыр кештері мен тағылымды кездесулерге, Ахаң атындағы білім ордасындағы халықаралық ғылыми конференцияға, қаламгердің жаңа жинақтарының тұсаукесеріне ұласты.
Бүгінге дейін әр алуан жанрдағы елуге жуық кітабы жарық көрген Ақылбек Шаяхмет – тың игеру жылдарынан кейінгі рухани азу кезеңінде Тобыл өңіріндегі ұлт руханиятының жоқшысы, шырақшысы, қорғаушысы бола білген жауынгер ақын. Оның алқалы жиындарда ұлт мүддесін арқырай қорғап, үлкен мінберлерде қай тілде сөйлесе де шешіле кететін шешендігінің өзі бөлек бір әңгіме. Ұлт мүддесін қорғауға келгенде Тобыл өңірінің арғы-бергі тарихын тостағандағы судай сапырып, топан су ағызып, өзге ұлт өкілдері толы аудиторияның мысын басып, сағын сындырып тастайтын Ақылбек аға осы мінезінен басына талай рет таяқ та тиіп, қудалау да көрді. Ақын шығармаларының негізгі арқауы – әділдік пен ізгілік. Қоғамдағы кейбір келеңсіз құбылыстарды түйрей сынайтын өлеңдері қаламгердің күрескерлік келбетін айқын даралап тұрады. Бұл ойымызды тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембай ағамыздың сөзімен сабақтай кетейік:
– Менің Ақылбек жөнінде жиі айтатын бір сөзім бар. Ақылбек – осы елдің намысы, осы елдің мақтанышы, осы елдің ұраны деймін. Патриотпын, отанымды сүйемін деп кеудесін қаққан ақын-жазушы, ұраншыл қайраткерлер толып жатыр. Бірақ олардікі құр сөз. Ақылбек соны іспен атқарып келе жатыр. Оның екінші бір қыры – бұл енді трибун. Кез келген жиналыста мінберге шыға қалса, сөздің түбін түсіріп сөйлейді. Барлық ақын, барлық жазушы олай сөйлей бермейді. Ақылбек сүйдім-күйдім деген лирикалық өлеңдерді жаза бермейді, оның көп өлеңі отансүйгіштікке тәрбиелейді. Ел туралы, жер туралы жазады, – дейді тарихшы ғалым.
Әйтсе де Ақылбек ағамыз өз ғұмырнамасын ғазалмен өрген өршіл де сыршыл ақын. Әлеуметтік лириканың хас шебері. Ақын шығармаларының өзегі көбіне өмір шындығымен астасып жататыны да осыдан болса керек.
– Менің шығармашылықпен айналысып жүргеніме 50 жылдан асты. Көбіне поэзия жанрында қалам тарттым. Өмір – бақи «арпа ішінде бір бидай» болып, Қостанай өңірінде өзге ұлт өкілдері басым болған кезде, келімсектер қаптап кеткен кезде өмір сүрдім. Тың игерудің жақсылығы мен зардабын көзім көрді. Осының бәрін қамтып мен өз өмірбаянымды поэзия тілімен жаза алдым ғой деп ойлаймын. Поэзия – жанның жылуы, жүректің қызуы, бір тәтті көңіл күйдің өзі жыр жолдарына айналады да оны оқырманмен бөлісуге асығасың. Поэзия санаға түскен сәуледен, жүректен ұшқан ұшқыннан, ой мен сезімнен жасалуы керек, дейді қаламгер.
Ақын хақында кезінде халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов: «Ақылбек – тұлғасы ірі, мықты ақынның бірі. Бір ерекшелігі – ол тамырын жерге жіберген, өзі туып-өскен құнарлы топырақтан нәр алған. Оның мықтылығы да сол – барлық Еуропа мен Азия ақындарын терең меңгеріп, Наушабайдың Нұржаны, Басықараның Қанапиясы, Орысбайдың Ақсұлуы секілді арқалы ақындардың жырын жаттап, өмірін зерттеп, туған жеріне табан тіреп тұрғанында», депті. Айтса айтқандай-ақ, ақынның көркем жанрда жазылған шығармалары бір төбе де, арғы-бергі заманда Тобыл өңірінде өткен би-шешендер мен ақындардың мұрасын зерттеуге арналған еңбектері бір төбе.
Осы орайда таяуда ғана Қостанайдағы Ахаң университетінде қаламгердің журналистік, ғалымдық өнеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткенін айта кеткен абзал. Алқалы жиынға Қазақстанның бірнеше өңірі мен Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан елдерінің ақындары мен ғалымдары қатысты. Іс-шара барысында қарымды қаламгердің шығармашылығы, зерттеу еңбектері туралы сөз болып, жақында жарық көрген «Күзгі көңіл» және «Оңашадағы оқшау ойлар» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
Жиында сөз алған ақын, өзінің зерттеу еңбектерінің мазмұн-мақсатына тоқтала келіп: «Торғай жағы енді ашылып жатыр, өйткені Торғай – қаймағы бұзылмаған қауым ел. Ол өңірден шыққан жазушылар да, журналистер де, ғалымдар да көп. Ал енді біздің Қостанай өңірі орыстанып кеткендіктен есімдері әлі күнге дейін белгісіз билер, ақындар бар. Солардың біраз мұраларын жинақтап, топтастырып, бір кітап қып дайындап қойдым. Алда атқарар іс әлі көп», деді.
Ақылбек Шаяхмет кезінде академик Рымғали Нұрғали ағамыздың жетекшілігімен «Ақындық пен шешендік өнердің типологиялық сабақтастығы Қостанай өңірі мысалында» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, Қостанай өңірінде туып-өскен 30-дан астам би-шешеннің өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеген.
– Соның ішінде кезінде Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтардың еңбектерінде аты аталған, бірақ бүгінде елеусіз қалған көрнекті айтыскер ақын, Жітіқара ауданында туып-өскен Ақсұлу Орысбайқызының өмірін зерттедім. Сол кісі туралы тарихи драма жаздым, бұл туынды бірыңғай өлеңмен жазылды. Ақсұлу ақынның жерленген жері – Челябі облысына қарасты Ноғайбақ ауданында Ақсұлу апамызға арналып құлпытас қойылды. Одан кейін Ыбырай Алтынсариннің ең сенімді серігі болған діндар, дәуір әдебиетінің көрнекті өкілі Нұржан Наушабаевтың мұрасын жинап-теріп, жергілікті меценант Бақытжан Сағындықовтың қолдауымен Қостанайда ең алғаш «Алаш» деген жинақ шығардық. 2014 жылы «Фолиант» баспасынан ақынның «Ұйықтама, оян, алашым» деген шығармалар жинағы жарық көрді. Нұржан мұралары осы жинақ шыққаннан кейін ғана барып ғылыми айналымға енді. Уәлихан Қалижан өзінің докторлық диссертациясының бір тарауын Нұржанға арнады, көптеген жас ғалым кандидаттық диссертациялар қорғады, – деді ол.
Аталған конференцияға қатысқан Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылыми-зерттеу институтының грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орнай Жұбаева Ақылбек Қожаұлының алаштануға, Елдес Омарұлының мұрасын танытуға қосқан үлесі туралы сөз қозғады.
– Ақылбек ағамыз – Елдес Омарұлының мұрасын насихаттап жүрген бірден-бір ғалым. Алаш ардақтысының мұрасы біразға дейін көпшілікке бейтаныс болып келді. Оның мұрасы тек Ақылбек Шаяхметтің еңбегінен кейін ғана ғылыми айналымға түсті деуге болады. Ақылбек ағамыздың еңбектерін негізге ала отырып, бұл игі істі әрі қарай сабақтастырған жас ғалымдар қазір бірнеше шығармалар жинағын топтастырып шығарды. Алайда елдестануға ең бірінші ат ізін салған, әрине Ақылбек ағамыз. Ол Елдес Омарұлының мақалаларын, баяндамаларын, архивтерден табылған дүниелерді, одан кейін ғалым туралы айтылған пікірлердің бәрін жинақтап, ауқымды еңбек жасады. Осы еңбек арқылы елім деп өткен Елдес жан-жақты танылды. Ақылбек ағамыз, әсіресе Қапаш Шуақаев сынды ауыл ақсақалдарының естеліктерін, Марат Шуақаевтың деректерін пайдалана отырып, Елдестің туып-өскен ортасы, өмірі туралы құнды мәліметтер берді. Әрине бұл бұрын-соңды ғылыми айналымда жоқ дүниелер болатын. Сол сияқты Елдестің қоғамдық қызметі, Алаш партиясының қатарында болуы, Алашорда үкіметі құрылған кезде қандай қызмет атқарғаны – осының бәрі Ақылбек ағайдың еңбектерінде жан-жақты баяндалады, – деді ғалым.
Қаламгер тәуелсіздік жылдары Қостанай өңірінде туып-өскен қазақ руханиятының алып тұлғаларының өмірі мен қызметін арқау еткен бірқатар драмалық туындыны дүниеге әкелді. Оның «Ыбырайдың өсиеті» атты драмасы республикалық «Алтын қалам» тәуелсіз байқауында жылдың ең үздік драмалық туындысы атанды. Ал кеше Қостанай қазақ драма театрында сахналанған «Өкініш» атты психологиялық шығармасы көрермен назарын қоғам қалтарысындағы келеңсіз құбылыстардың біріне аударады.
– Туған әке-шешесін қарттар үйіне өткізіп жіберген жандар арамызда жүргенін кейде байқамаймыз. Өз өмірімізде кездестірмегеннен кейін бұл туралы көп ойлана бермейміз де. Ал қаза келсең, өмірде мұндай келеңсіз құбылыстардың көп екеніне көзің жете түседі. Бұл шығармада өсіп келе жатқан жас ұрпаққа арналған «ата-ананы құрметтеңдер, қадірлеңдер, ертең өсіп-жетілген соң, қарт әке-шешелеріңді далаға тастап кетпеңдер» деген ой жатыр, – деді қоюшы режиссер Ержан Қауланов.
Ақылбек – көпқырлы, әмбебап жазушы. Ол – қазыналы Қостанай өңірінің шежіресін жырлап, тарихын хаттаған қаламгер. Ал ақынның қалың оқырман көңілінен шыққан «Мінәжат» атты жинағы – өлең тілімен жазылған ақын жанының ақиқаты, жүрек жыры, көңіл сыры.
– Өзім 40 жасымнан бастап ораза ұстай бастадым. «Мінәжат» жинағына енген жырлардың дені – қасиетті Рамазан айында жазылған жырлар. Бұл – жүректегі жан сырым, иманды шыным. Орысша, қазақша Құран тәпсірлерін біраз ақтарып, оқып шықтым. Соған байланысты туған жырлар. Жалпы, бұл жинаққа 500-ден астам өлеңім кірген. Сонымен «енді болды, осы тақырыпты қаузап бітірдім ғой» деп ойлағам, бірақ онымен бітпеген екен. Одан кейін «Иман – жүрек айнасы» деген кітап шығардым. Әлі күнге дейін менің мінәжат жырларым таусылған жоқ, мінәжат жырларын қолдан қаламым түскенше жаза беремін, – дейді бұл жинақ хақында ақын.
70 жылдық өмір белесіне шыққан ақынның мерейтойына арналған мәдени іс-шаралар аясында кеше І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театры қаламгердің «Өкініш» атты драмалық туындысын сахналаса, облыстық орыс драма театры «Ыбырайдың өсиеті» спектаклін қойды. Бүгін, яғни 17 маусымда сағат 15:30-да Жастар сарайында қаламгердің шығармашылығына арналған кітап көрмесінің тұсауы кесіліп, сағат 16:00-де ақын мерейтойына арналған шығармашылық кеш басталады.
Қостанай облысы