Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында қазақтілді республикалық басылымдардың біріне көлемді сұхбат беріп, өткен жылы атқарылған істерді қорытындылап, алдағы жұмыстың бағыт-бағдарын айқындауды, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының маңызды мәселелері жайлы кеңінен сөз қозғауды игі дәстүрге айналдырды. Мемлекет басшысының биылғы 3 қаңтарда «Ana tili» газетінде «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбымен жарияланған сұхбатында да көпшіліктің көкейінде жүрген сан алуан сауалға ашық та айқын жауап берілді.
Президент айтқандай, өткен жыл еліміз үшін айрықша маңызды жыл болды. Барлық өңірде әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілгеніне куәгерміз. 18 миллион шаршы метр тұрғынжай пайдалануға беріліп, 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделгені – соның айғағы. Шалғайдағы талай елді мекеннің де жолы түзеліп, ауылдағы ағайынның еңсесі көтеріле түсті. Экономикада Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндет – қайта өңдеу секторын қарқынды дамытуға күш салынып, оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтағаны көңіл сүйінтеді. Кейбір «сәуегейлердің» былтыр құрғақшылықтың салдарынан егін шықпайды деген болжамы жалған болып шықты. 27 млн тоннаға жуық, яғни кейінгі он жыл ішіндегі рекордтық көлемде астық жиналды. Президенттің әлеуметтік бастамалары да табысты іске асырылып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында алғашқы төлем жасалды. Жылдағыдай зейнетақы мен жәрдемақы индекстеліп, студенттердің шәкіртақысы мен азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейтілді. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бой көтерген жаңа мектептер көз қуантады. Жұрт наразылығын тудырып келген «легионерлерге» бюджет қаржысын шашуды тыю жөнінде Үкіметке тиісті тапсырма беріліп, бұқаралық спортты, әсіресе балалар спортын дамытуға баса мән беріліп отыр.
Еліміз үшін өткен жылдың ең қиын сынағы алапат су тасқыны болды. Сол сыннан мемлекет тарапынан қабылданған жедел де пәрменді шаралардың және халқымыздың ынтымақ-бірлігінің арқасында абыроймен өттік. Зардап шеккен барлық отбасыға қомақты әлеуметтік көмек көрсетіліп, жаңа баспана берілді. Тұрғындар ғана емес, қарғын судан бизнесіне нұқсан келген кәсіпкерлердің шығыны да өтелді. Мемлекет басшысының арнайы Үндеуіне үн қосқан ірі бизнес өкілдері тасқын салдарын жоюға айтарлықтай үлес қосқаны да – жадымызда сақталған жақсылық белгісі.
Сұхбат ел ішінде айтылып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратылып, халқымызды елеңдетіп қана қоймай, алаңдатып та отырған әртүрлі әңгімелер мен жорамалдарға шынайы жауап берілгенімен де маңызды болды.
Өткен жылдың қараша айынан бастап теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500-ден асып кеткені жұртшылықты алаңдатып отыр. Осы жөніндегі сауалға орай Мемлекет басшысы: «Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу», деді.
Бұл ретте өткен жылдың соңында Ұлттық экономика министрі лауазымына өңірде де, орталықта да жауапты қызметтер атқарған, Еуразиялық Экономикалық комиссияның Бәсекелестікті қорғау және дамыту министрі болған тәжірибелі маман Серік Жұманғариннің тағайындалғандығы бекерден-бекер емес. Кейінгі жылдары басқа да министрліктерге өңірде жауапты қызметтер атқарған азаматтар келе бастағаны мәлім. Осы оң үрдіс алдағы уақытта жүйелі жалғасын тауып, Үкіметтің жұмысына тың серпін беретіні белгілі болып отыр.
Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты көңіліміздегі кей күмәнді сейілтіп, еліміздің ертеңіне деген сенімімізді нығайта түсті.